ТДМ №16: ҚазҰУ студенттері «Заң және Тәртіп» идеологемасы талқыладыFarabi University

ТДМ №16: ҚазҰУ студенттері «Заң және Тәртіп» идеологемасы талқылады

11 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жастар арасында «Заң және Тәртіп» идеологемасын ілгерілету мақсатында кураторлық сағат ұйымдастырылды. Іс-шараға «Психология» мамандығының 1-курс студенттері қатысып, кездесуді эдвайзер Сейітнұр Жарас жүргізді.

Кураторлық сағаттың негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық санасын жетілдіру, азаматтық жауапкершілігін арттыру және құқықтық мәдениетті нығайту болды. Эдвайзер өз сөзінде мұндай шаралардың жастардың санасында заңға құрмет сезімін қалыптастыруда, әділдік пен тәртіп құндылықтарын терең түсіндіруде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Іс-шара барысында 1-курс студенттері Сапарали Нұртас пен Хачатрян Лаура «Студент жастардың санасындағы “Заң”, “Тәртіп” және “Әділдік” ұғымдарының психологиялық талдауы» тақырыбында өздерінің ғылыми зерттеу жұмыстарын таныстырды.

Зерттеудің мақсаты – қазіргі студент жастардың «заң», «тәртіп» және «әділдік» ұғымдарын қалай қабылдайтынын, олардың арасындағы өзара байланыс пен мәндік ерекшеліктерін анықтау болды. Онлайн форматта жүргізілген сауалнама ашық және жабық сұрақтардан құралды. Мұндай тәсіл студенттердің құқықтық көзқарасын тек сандық тұрғыдан ғана емес, моральдық және әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан да терең зерделеуге мүмкіндік берді.

Зерттеу нәтижелері бойынша студент жастар үшін заң – қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімділіктің кепілі, тәртіп – ішкі ұйымдасқандық пен жауапкершіліктің көрінісі, ал әділдік – адалдық, теңдік, мейірімділік және шындық қағидаттарымен сабақтас құндылық ретінде қабылданатыны анықталды.

Кураторлық сағат студенттердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы заң мен әділдік ұғымдарына деген көзқарасын қалыптастыруға, азаматтық және моральдық ұстанымдарын нығайтуға зор ықпал етті.