ЖИ дәуіріндегі өркениет қалай дамиды?
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі ғалым, Ресей ғылым академиясының академигі, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Күрделі жүйелердің математикалық зерттеулері институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор Асқар Ақаевтың дәрісі өткенін білесіздер. Профессор «ЖИ дәуіріндегі адамзат дамуы» атты тақырыпта мазмұнды және терең ойға құрылған көшбасшылық дәріс оқыды.
Кездесу барысында ғалым қазіргі заманның жаһандық үрдістерін, жасанды интеллектінің дамуын және оның қоғам өміріне әсерін кеңінен талқылады. Ол цифрлық дәуірде ғылым мен білімнің, инновация мен адам капиталының рөлі ерекше екенін атап өтті. Профессордың айтуынша, жасанды интеллект тек экономикалық жүйелерді емес, сонымен қатар мәдениет пен әлеуметтік қатынастарды да түбегейлі өзгертуде. Ол демографиялық өзгерістер мен адамзат эволюциясының болашағына қатысты өз ғылыми көзқарасын ортаға салды. «Адам мен ЖИ арасындағы өзара байланыстың, әрекеттің салдары қандай болады?» деген сауалға профессордың жауабы мынадай болды: «ЖИ адамның ең үлкен көмекшісі де, ең үлкен бас ауруы да бола алады. Жасанды интеллект көмегімен күнделікті тапсырмаларды автоматтандыру бізге күрделі және шығармашылық тапсырмаларға назар аударуға және бос уақытымызды кеңейтуге мүмкіндік береді. Егер жасанды интеллект бәсекелес емес, адамның когнитивтік қабілеттерін күшейтетін құралға айналса, онда мәдени революцияның жаңа дәуірі пайда болуы мүмкін. Екінші жағынан, жасанды интеллектіге тәуелділік адамның тәуелсіздігі мен шығармашылығының төмендеуіне, ал жасанды интеллект көмекшілерін кеңінен қолдану адам интеллектісінің күрт төмендеуіне және аналитикалық дағдылардың жоғалуына әкелуі мүмкін. Жасанды интеллект адамдарды қуыршақтарға айналдырып, олардың пікірлерін манипуляциялап, корпоративтік мүдде үшін лобби жасай алады». Алайда профессордың ойы: «Адам мен жасанды интеллект арасында бір-бірімен бәсекелесудің орнына толықтыратын симбиоз жасалуда. Сонымен қатар адам бұл симбиозда көшбасшы болып қала беруі керек, жасанды интеллектінің күшін адамзаттың әл-ауқатына қызмет етуге бағыттауы керек. Өркениеттің эволюциясы жоғары, прогрессивті траекториямен жүретін болады».

Асқар Ақаев жастарды жаңа идеяларды батыл ұсынуға, ғылыми зерттеулерге белсенді араласуға және адамзат дамуына үлес қосуға шақырды. Ғалымның дәрісі тыңдаушылар арасында үлкен қызығушылық пен терең ой тудырды. Дәріс соңында студенттер мен оқытушылар өз сұрақтарын қойып, профессордың пікірлерін талқылады. Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының ұжымы дәрісте көтерілген идеяларға зор қызығушылық танытты және болашақта бірлескен ғылыми жобалар жүргізу мүмкіндігін атап өтті. Қатысушылар бұл кездесуді ҚазҰУ-дың ғылыми және зияткерлік өміріндегі айрықша оқиға ретінде бағалады.
Сәуле МАУСЫМБЕКОВА,
Математикалық және компьютерлік модельдеу
кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор
Басқа жаңалықтар