Әрбір ұйымда, мекемеде елдің бәрі қоғадай жапырылып құрметтейтін сыйлы жандар болады. Адамның сый, құрметке бөленуі – әуелі оның адамгершілігіне, ақыл-парасатына, кәсіби біліктілігіне және терең біліміне тікелей байланысты. Біздің кафедра ұжымының ерекше құрметтейтін, сыйлайтын әріптестерінің бірі – ардақты ұстаз Қоңыр Мұқатаева.
Қоңыр Мұқатайқызы Қарағанды облысының Шет ауданындағы Ақжал ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Ақжал орта мектебін үздік тамамдап, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын Мемлекеттік кітап палатасынан бастаған Қоңыр апай онда ұзақ жыл табан аудармай қызмет істеп, библиограф, редактор, бөлім меңгерушісі болады. 1998 жылы Кітап палатасы директорының орынбасары қызметіне тағайындалады.
Тәуелсіз Қазақстанның баспа ісін ілгерілетуге үлес қосқан бір шоғыр баспагерлердің арасында Қоңыр Мұқатайқызының есімі жиі аталады. Себебі оның кітап, баспа, библиография саласына қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Қоңыр Мұқатайқызының тікелей жетекшілігімен қазақ кітабының ұлттық стандарты жасалынды. Сондай-ақ ол Қазақстан кітап басу ісіне ISBN, ISSN халықаралық стандарттарын енгізуге мұрындық болды. Стандартты жете меңгергені соншалық – қазақ баспагерлеріне арнап «Басылымдардың шығарылым мағлұматтары: баспагерлер үшін әдістемелік нұсқау», «Роль и необходимость применения международных стандартов ISO в издательском деле. Основные стандарты по издательскому делу» атты әдістемелік нұсқаулықтар шығарды. Кеңес Одағы ыдырап, «бір жүйе», «бір ереже» жоғалып, баспагерлер абдырап тұрған тұста бұл нұсқаулықтардың маңызы ерекше еді. Қазақстанның кітап басу ісіне халықаралық стандартты енгізудегі озық тәжірибесі көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанға үлгі болды.
Жалпы, кітап әлемінде халықаралық жәрмеңкенің ерекше орны бар. Ол қазақ кітабын халықаралық деңгейде таныстыруға зор мүмкіндік тудырады. Қоңыр Мұқатайқызының қажырлы еңбегі мен абырой-беделінің арқасында қазақ кітабы халықаралық жәрмеңкелерге қатысуға кең мүмкіндік алды. Өзі де Франкфурт, Абу-Даби, Мәскеуде өткен халықаралық кітап жәрмеңкелеріне бірнеше рет қатысып, мол тәжірибе жинап қайтты. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы «Ұлы Жібек жолымен» атты тұңғыш кітап жәрмеңкесін ұйымдастыруға мұрындық болды.
Баспагерлер Қоңыр Мұқатайқызының ересен еңбегін бағалай отырып, оны 2007 жылы Қазақстан баспагерлері мен кітап таратушылар ассоциациясының атқарушы директоры етіп сайлады. Қоңыр Мұқатайқызына баспа, кітаптану ғылымына, ұлттық библиографияны дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының баспа ісінің қайраткері», «Мәдениет саласының үздігі» деген атақтар берілді. 2007 жылы Қазақстан Президентінің жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Ол Мемлекеттік кітап палатасында қызмет істей жүріп, ғылымға бет бұрады. 2007 жылы академик Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен «Ысқақ Дүйсенбаевтың ғылыми мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымының кандидаты атанады. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиетін зерттеуге арнаған ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Ысқақ Дүйсенбайұлының еңбегіне тұңғыш рет ғылыми баға берді.
2011 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Баспа ісі кафедрасының сол тұстағы меңгерушісі С.Медеубекұлының шақыруымен оқытушылық қызметке ауысады. Өзінің баспа саласындағы, кітаптану саласындағы жинаған мол тәжірибесін шәкірттерімен бөлісіп, он төрт жыл ішінде баспагерлердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Қоңыр Мұқатайқызы теория мен тәжірибені ұштастыра отырып, студенттерге арнап оқу құралдарын, оқулықтар жазды. Оның «Баспа ісіндегі стандарттар», «Отандық және шетелдік баспа ісі» атты еңбектері Қазақстандағы «Баспа ісі» мамандығында оқитын студенттерге және дәріс беріп жүрген оқытушыларға таптырмас көмекші құрал.
Қоңыр Мұқатайқызы – «бір қолымен әлемді тербеп, бір қолымен бесігін тербеген» қазақ әйелдерінің бірі. Отбасы мен қызметін қатар алып жүріп, балаларын дұрыс тәрбиелеп өсірген бақытты ана. Дастарханынан қонағы үзілмеген кең пейілді, мол қолды отанасы. Жолдасы, ғалым Қалменбай Сармантаев екеуінің қол ұстасып, елу жыл бұрын көтерген шаңырағы бұл күнде үлкен ордаға, босағасынан бақ, табалдырығынан ырыс кетпеген берекелі отбасына айналған. Үш жыл бұрын жолдасы Қалменбай өмірден өтіп, жүрегіне қаяу түскенімен, одан өрбіген саналы ұрпақтың демеуі – дәтке қуат, көңілге медет.

Қоңыр Мұқатайқызының хоббиі – саяхаттау. Ол демалыстың әрбір сәтін тиімді пайдаланып, денсаулығын нығайтып, күш-қуат жинайтын «еуропалық көзқарастағы» қазақтың бірі. Қолы босай қалса жолқапшығын асынып алып, Қазақстанның, шетелдің әсем жерлерін саяхаттауға асығып бара жатады. Жер шарында Қоңыр апайдың аяғы тимеген мекен некен-саяқ. Биылғы жаздың өзінде Еуропаны тұтас шарлап келіп, арасында Көкшетауға барып саяттап, жолай ауылына соғып, қымызын ішіп, саф ауасын жұтып, марқайып қайтты.
Бар болса таспайтын, әдептен озбайтын, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлайтын, өз кәсібінің білгірі, шәкірттерінің ардақты ұстазы, ұстамды, сабырлы, көркем мінезді, ақылына көркі сай Қоңыр Мұқатайқызы – қазақ әйелдерінің эталоны. Биыл мерейлі 75 жасқа келіп отырған әріптесіміз Қоңыр Мұқатайқызына деніне саулық, отбасына амандық тілейміз! Абыройыңыз артып, ел құрметіне бөлене беріңіз дейміз.
Айгүл РАМАЗАН,
Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі
Басқа жаңалықтар