Баспагерлер бағбаныFarabi University

Баспагерлер бағбаны

17 қараша, 2025

Әрбір ұйымда, мекемеде елдің бәрі қоғадай жапырылып құрметтейтін сыйлы жандар болады. Адамның сый, құрметке бөленуі – әуелі оның адамгершілігіне, ақыл-парасатына, кәсіби біліктілігіне және терең біліміне тікелей байланысты. Біздің кафедра ұжымының ерекше құрметтейтін, сыйлайтын әріптестерінің бірі – ардақты ұстаз Қоңыр Мұқатаева. 

Қоңыр Мұқатайқызы Қара­ған­ды облысының Шет ауда­нын­дағы Ақжал ауылында дү­ниеге келген. 1968 жылы Ақ­­жал орта мектебін үздік та­мам­дап, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­вер­си­тетінің филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әде­биеті мамандығын алып шы­ға­ды. Алғашқы еңбек жолын Мем­­лекеттік кітап палата­сы­нан бастаған Қоңыр апай он­да ұзақ жыл табан аудармай қыз­мет істеп, библиограф, ре­дактор, бөлім меңгерушісі бо­ла­ды. 1998 жылы Кітап па­ла­тасы директорының орын­басары қызметіне та­ға­йын­да­лады.

Тәуелсіз Қазақстанның бас­­па ісін ілгерілетуге үлес қос­қан бір шоғыр бас­па­гер­лердің ара­сын­да Қоңыр Мұқатайқызының есімі жиі аталады. Себебі оның кітап, баспа, библиография са­ласына қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Қоңыр Мұқатайқызының тікелей жетекшілігімен қазақ кітабының ұлттық стандарты жасалынды. Сондай-ақ ол Қа­зақстан кітап басу ісіне ISBN, ISSN халықаралық стандарт­та­рын енгізуге мұрындық бол­ды. Стандартты жете мең­гер­гені соншалық – қазақ бас­па­герлеріне арнап «Басы­лым­дардың шығарылым мағ­лұматтары: баспагерлер үшін әдістемелік нұсқау», «Роль и необходимость применения меж­дународных стандартов ISO в издательском деле. Ос­нов­ные стандарты по изда­тель­скому делу» атты әдіс­те­мелік нұсқаулықтар шығарды. Кеңес Одағы ыдырап, «бір жүйе», «бір ереже» жоғалып, баспагерлер абдырап тұрған тұста бұл нұсқаулықтардың ма­ңызы ерекше еді. Қазақ­стан­ның кітап басу ісіне ха­лық­аралық стандартты енгізудегі озық тәжірибесі көршілес Қыр­ғ­ызстан мен Өзбекстанға үлгі болды.

Жалпы, кітап әлемінде ха­лық­аралық жәрмеңкенің ерек­ше орны бар. Ол қазақ кітабын халықаралық деңгейде та­ныс­тыруға зор мүмкіндік ту­ды­ра­ды. Қоңыр Мұқатайқызының қажырлы еңбегі мен абырой-беделінің арқасында қазақ кі­табы халықаралық жәр­мең­ке­лер­ге қатысуға кең мүмкіндік ал­ды. Өзі де Франкфурт, Абу-Даби, Мәскеуде өткен халық­ара­лық кітап жәрмеңкелеріне бір­неше рет қатысып, мол тә­жірибе жинап қайтты. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы «Ұлы Жібек жолымен» атты тұңғыш кітап жәрмеңкесін ұйымдас­ты­руға мұрындық болды.

Баспагерлер Қоңыр Мұқа­тай­қызының ересен еңбегін ба­ғалай отырып, оны 2007 жылы Қазақстан баспагерлері мен кітап таратушылар ас­со­циа­циясының атқарушы ди­рек­торы етіп сайлады. Қоңыр Мұ­қа­тайқызына баспа, кітап­та­ну ғылымына, ұлттық биб­лио­­графияны дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының баспа ісінің қай­рат­кері», «Мәдениет саласының үздігі» деген атақтар берілді. 2007 жылы Қазақстан Пре­зи­дентінің жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен мара­пат­талды.

Ол Мемлекеттік кітап па­ла­тасында қызмет істей жүріп, ғы­лымға бет бұрады. 2007 жылы академик Сейіт Қасқа­ба­­совтың жетекшілігімен «Ыс­қақ Дүйсенбаевтың ғылыми мұ­расы» деген тақырыпта кан­ди­даттық диссертация қорғап, филология ғылымының кан­дидаты атанады. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиетін зерт­теуге арнаған ғалым, Қа­зақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, фило­ло­гия ғылымының докторы, про­фессор Ысқақ Дүй­сен­бай­ұлының еңбегіне тұңғыш рет ғылыми баға берді.

2011 жылы Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің Баспа ісі ка­фе­дра­сының сол тұстағы мең­ге­рушісі С.Медеубекұлының ша­­қыруымен оқытушылық қыз­метке ауысады. Өзінің бас­па саласындағы, кітаптану са­ла­сындағы жинаған мол тә­жі­ри­бесін шәкірттерімен бө­­лісіп, он төрт жыл ішінде бас­па­гер­лердің бірнеше буынын тәр­бие­леп шығарды. Қоңыр Мұ­қа­тай­қызы теория мен тә­­жірибені ұш­тастыра отырып, сту­­дент­терге арнап оқу құ­ралдарын, оқу­лықтар жазды. Оның «Бас­па ісіндегі стан­дарт­тар», «Отан­дық және шет­елдік баспа ісі» атты еңбектері Қазақ­стан­да­ғы «Баспа ісі» ма­мандығында оқи­тын сту­дент­терге және дә­ріс беріп жүрген оқытушыларға тап­тырмас кө­мекші құрал.

Қоңыр Мұқатайқызы – «бір қо­лымен әлемді тербеп, бір қолымен бесігін тербеген» қазақ әйелдерінің бірі. Отбасы мен қызметін қатар алып жү­ріп, балаларын дұрыс тәр­бие­леп өсірген бақытты ана. Дас­тарханынан қонағы үзілмеген кең пейілді, мол қолды от­ана­сы. Жолдасы, ғалым Қал­мен­бай Сармантаев екеуінің қол ұс­тасып, елу жыл бұрын кө­терген шаңырағы бұл күнде үл­кен ордаға, босағасынан бақ, табалдырығынан ырыс кетпеген берекелі отбасына ай­налған. Үш жыл бұрын жол­да­сы Қалменбай өмірден өтіп, жү­регіне қаяу түскенімен, одан өрбіген саналы ұрпақтың де­меуі – дәтке қуат, көңілге ме­дет.

Қоңыр Мұқатайқызының хоб­­биі – саяхаттау. Ол дем­алыс­тың әрбір сәтін тиімді пай­даланып, денсаулығын ны­ғайтып, күш-қуат жинайтын «еуропалық көзқарастағы» қа­зақтың бірі. Қолы босай қалса жолқапшығын асынып алып, Қазақстанның, шетелдің әсем жерлерін саяхаттауға асығып бара жатады. Жер шарында Қоңыр апайдың аяғы тимеген ме­кен некен-саяқ. Биылғы жаз­дың өзінде Еуропаны тұтас шарлап келіп, арасында Көк­ше­тауға барып саяттап, жолай ауылына соғып, қымызын ішіп, саф ауасын жұтып, марқайып қайтты.

Бар болса таспайтын, әдеп­тен озбайтын, үлкенді үлкен­дей, кішіні кішідей сыйлайтын, өз кәсібінің білгірі, шәкірт­те­рінің ардақты ұстазы, ұстамды, са­бырлы, көркем мінезді, ақы­лына көркі сай Қоңыр Мұқа­тай­қызы – қазақ әйелдерінің эта­лоны. Биыл мерейлі 75 жас­қа келіп отырған әріптесіміз Қоңыр Мұқатайқызына деніне саулық, отбасына амандық тілейміз! Абыройыңыз артып, ел құрметіне бөлене беріңіз дейміз.

Айгүл РАМАЗАН,

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі