"SPACE DAYS KAZAKHSTAN 2025" Халықаралық форумы
АҚПАРАТТЫҚ ХАТ
«Space Days Kazakhstan 2025» Халықаралық форумын өткізу туралы
Құрметті әріптестер!
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Space Days Kazakhstan 2025» халықаралық форумын 2025 жылғы 8-10 қыркүйек аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында (Алматы қаласы) өткізетінін хабарлайды.
Форум – ғарышты бейбіт мақсатта игеру саласындағы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, жоғары технологиялар мен инновацияларды, ғылымды дамытуға, сондай-ақ аэроғарыш саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлауға және Қазақстанды жаһандық ғарыштық қауымдастыққа біріктіруге бағытталған халықаралық деңгейдегі бірегей алаң.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауымен байланысы:
Форум Президент Жолдауында айтылған адам капиталының дамуы, цифрландыру, ғылым және тұрақты экономика бағыттарын іске асырады. Университеттер, ғылыми-зерттеу институттары мен жеке сектордың қатысуы – Жаңа Қазақстанды – инновациялық, бәсекеге қабілетті және білімге негізделген мемлекетті құру жолындағы маңызды қадам.
Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қосқан үлесі:
- ТДМ 4 (Сапалы білім): студенттер мен оқытушылардың ғылыми сессиялар мен воркшоптарға қатысуы арқылы;
- ТДМ 9 (Инфрақұрылым және инновациялар): спутник жасау, IoT және цифрлық мониторинг болашағын талқылау;
- ТДМ 13 (Климаттың өзгеруімен күрес): CO₂ шығарындыларын бақылау және ауылшаруашылық мониторингі үшін спутниктерді қолдану жөніндегі сессиялар;
- ТДМ 17 (Жаһандық әріптестік): 50-ден астам ел мен БҰҰ (КОПУОС) қатысуымен халықаралық күн тәртібін қалыптастыру.
Бағдарламадағы негізгі іс-шаралар:
- 8 қыркүйек: UN-SPIDER аймақтық воркшопы, техникалық сессиялар, AI-мониторинг, IoT, ғарыштық геодезия;
- 9 қыркүйек: ҚР ЦРИАП министрі, ҚазҰУ ректоры, БҰҰ, Airbus, Роскосмос және басқа ұйымдар өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс; халықаралық панельдер: спутниктік байланыс, тұрақты даму, ғарыш айлағын құру және мониторингтегі ЖИ;
- 10 қыркүйек: Ассы-Түрген обсерваториясына сапар;
- 11 қыркүйек: Байқоңыр ғарыш айлағына экскурсия және «Союз» зымыран тасығышының ұшырылымын тамашалау.
Университеттерді, ғылыми-зерттеу орталықтарын, халықаралық ұйымдар мен өндірістік әріптестерді форум жұмысына белсенді қатысуға, ғарыш пен тұрақты дамудың болашағын бірге қалыптастыруға шақырамыз.
«Space Days Kazakhstan 2025» форумы – бұл ғарыш туралы диалог, ол дәл осы жерден, дәл қазір басталады.
Құрметпен,
Форум ұйымдастыру комитеті
Тіркелу және сілтеме бойынша толық ақпарат - https://sdk2025.gharysh.kz/