Қазіргі таңда орталық бірнеше ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырып, неміс және қытай ғалымдарымен, сондай-ақ “Исламдық азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы (IOFS)” ғалымдарымен ынтымақтастық орнатқан. Орталық қызметкерлері халықаралық конференцияларға белсенді қатысып, экология, қоршаған орта, жасанды интеллектті дамыту және енгізу, азық-түлік қауіпсіздігі салаларындағы жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған түрлі тренингтер мен курстарға қатысуда.
Орталық базасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің магистранттары мен PhD докторанттары оқудан өтіп, әртүрлі ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу мүмкіндігіне иелені отыр.
Сонымен қатар, орталық қытай ғалымдарымен биоконверсия, биотрансформация және қолданбалы микробиология саласында жаңа зертхана құру және ашу жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Аталған меморандум биылғы жылдың қараша айының соңында қытай делегациясын шақыру арқылы жүзеге асырылады. Меморандумды іске асыру барысында жаңа зертхана ашылып қана қоймай, бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыруға және бакалавриат студенттерімен қатар магистранттар мен PhD докторанттар алмасуына мүмкіндік туындайды.