ТДМ 13 – «Климаттың өзгеруімен күрес» бағыты аясында «Үй жағдайында климаттық қауіптерді қалай азайтуға болады?» тақырыбында онлайн сабақ өткізілдіFarabi University

ТДМ 13 – «Климаттың өзгеруімен күрес» бағыты аясында «Үй жағдайында климаттық қауіптерді қалай азайтуға болады?» тақырыбында онлайн сабақ өткізілді

22 желтоқсан, 2025

2025 жылдың 22 желтоқсанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультетінің “Химиялық физика және материалтану” кафедрасы ұйымдастыруымен Zoom платформасы арқылы «Үй жағдайында климаттық қауіптерді қалай азайтуға болады?» тақырыбында оқу сабағы өткізілді. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары аясындағы ТДМ 13 – “Климаттың өзгеруімен күрес” бағытын іске асыру және жастардың климаттық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Сабақты кафедра оқытушылары PhD, Сейтжанова М.А. және қауымд. профессор, Кудьярова Ж.Б. жүргізді.

Онлайн форматтағы сабаққа Әл-Фараби атындағы мамандандырылған лицейдің 11-сынып оқушылары мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 1-курс студенттері қатысты. Қатысушыларға климаттық өзгерістер нәтижесінде туындайтын қауіптердің негізгі түрлері, олардың тұрғын үй жағдайына, адам денсаулығына және қоршаған ортаға тигізетін ықпалы туралы жан-жақты мәлімет ұсынылды.

Сабақ барысында үй жағдайында климаттық тәуекелдерді азайтуға көмектесетін қарапайым әрі тиімді тәсілдер қарастырылды. Атап айтқанда, энергияны үнемді пайдалану, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау, суды үнемдеу, экологиялық таза өнімдерді қолдану және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелері кеңінен талқыланды. Лекторлар күнделікті тұрмыста қолдануға болатын практикалық ұсыныстар беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Іс-шара интерактивті форматта өтті. Қатысушылар климаттың өзгеруі тек жаһандық деңгейдегі мәселе ғана емес, әрбір адамның өмір салтымен тығыз байланысты құбылыс екендігін түсініп, жеке экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Бұл оқу-ағартушылық шара жастардың экологиялық санасын арттыруға, тұрақты даму қағидаттарын терең түсінуге және күнделікті өмірде климаттық қауіптерді азайтуға бағытталған дағдыларды меңгеруге өз үлесін қосты. Химия және химиялық технология факультетінің “Химиялық физика және материалтану” кафедрасы алдағы уақытта да Тұрақты даму мақсаттарын қолдауға бағытталған осындай білім беру іс-шараларын жалғастыруды жоспарлап отыр.