ТДМ №4, 12, 13, 17: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да экологиялық челлендж өттіFarabi University

ТДМ №4, 12, 13, 17: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да экологиялық челлендж өтті

8 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2-8 ақпан аралығында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды эко-челлендж ұйымдастырылды. Аталған бастама университет жастарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды, тұрақты даму мақсаттарын насихаттауды және экологиялық сананы дамытуға бағытталды. Бір аптаға созылған шараға университеттің түрлі факультеттерінен 2000-нан астам студент белсенді қатысып, экологиялық бастамаларды қолдауға өз үлестерін қосты.

Эко-челленджге Биология және биотехнология факультеті, География және табиғатты пайдалану факультеті, Химия және химиялық технология факультеті, Физика-техникалық факультет, Механика-математика факультеті, Ақпараттық технологиялар факультеті, Филология факультеті, Журналистика факультеті, Тарих факультеті, Философия және саясаттану факультеті, Халықаралық қатынастар факультеті, Заң факультеті және Экономика және бизнес жоғары мектебінің студенттері қатысты. Әр факультет экологиялық мәселелерге өз бағыттары бойынша назар аударып, шығармашылық және әлеуметтік белсенділіктерімен ерекшеленді.

Челлендж аясында тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды жинау, пластик пен қағаз қалдықтарын бөлек сұрыптау, қайта өңдеудің маңыздылығы туралы ақпараттық бейнематериалдар дайындау, экологиялық ағарту лекциялары мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, кампус аумағында тазалық акциялары өткізіліп, студенттер арасында саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыру мен экологиялық әдеттерді күнделікті өмірге енгізу мәселелері кеңінен насихатталды.

Эко-челлендж барысында жалпы саны 50 бейнематериал түсіріліп, олар университет жастарының табиғатты қорғауға деген белсенді ұстанымын көрсетті. Сонымен қатар, экологиялық сауаттылық деңгейін анықтау мақсатында 400 студент арасында арнайы сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижесі студенттердің басым бөлігі қалдықтарды азайту, пластикті шектеу және ресурстарды үнемді пайдалану қажеттілігін қолдайтынын көрсетті. Қатысушылардың едәуір бөлігі қалдықтарды сұрыптау мәдениетіне қызығушылық танытып, экологиялық бастамаларға тұрақты түрде қатысуға дайын екендігін білдірді. Бұл көрсеткіштер университет жастары арасында экологиялық жауапкершілік деңгейінің артып келе жатқанын айқындайды.

Қорытындылай келе, аталған жоба тек бір реттік іс-шаралар жиынтығы емес, ол – экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жүйелі әрі стратегиялық бастама. Университет қауымдастығын ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіре отырып, жоба білім алушылар мен оқытушылардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, тұрақты өмір салтын ұстануға және қоршаған ортаға саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.

Бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен сабақтасып, сапалы білім беруді жетілдіруге (ТДМ 4), жауапты тұтыну қағидаттарын орнықтыруға (ТДМ 12), климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылға үлес қосуға (ТДМ 13) және серіктестік мәдениетін нығайтуға (ТДМ 17) бағытталған. Осылайша, жоба тұрақты дамудың қағидаттарын университет өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруға қызмет етеді.