Инновациялық шешім ұсынған кәсіпкер-түлекFarabi University

Инновациялық шешім ұсынған кәсіпкер-түлек

15 қараша, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультеті Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының қабырғасында 3-4 курс студенттерімен ерекше, рухтандыратын кездесу өтті. Кафедра түлегі, жас әрі табысты кәсіпкер, инновациялық Aidentis стартапының негізін қалаушы Асылзат Исатайды арнайы қонаққа шақырдық. Бұл кездесу студенттер үшін тек пайдалы ақыл-кеңес алмасу сәті ғана емес, білім мен еңбек, арман мен іске жетелейтін маңызды көпірге айналды.

Aidentis: жасанды интеллект ар­қы­лы стоматологияда серпіліс.

Асылзат Исатай – ХХІ ғасырдың тех­нологияларын қолданып, денсау­лық сақтау саласында, нақтырақ айт­қан­да стоматология бағытында, ин­но­­вациялық шешімдер ұсынған кә­­сіп­кер. Оның бастамасымен құрыл­ған Aidentis стартапы жасанды ин­тел­лект көмегімен дәрігерлердің жұ­мы­сын оңтайландырып, клиникалар мен студенттік ұйымдар арасында серік­тес­тік орнатуда.

Aidentis платформасы телерент­ге­но­грамма (ТРГ) секілді күрделі диаг­нос­тикалық суреттерді автоматты түр­­де талдап, дәрігерлерге дайын тал­дау нәтижелерін ұсынады. Бұл тә­сіл мамандардың уақытын үнемдеп, диагноз дәлдігін арттырады.

2024 жылы жоба 200 мың АҚШ дол­лары көлемінде бизнес-ангел ин­вес­тициясын тартып, 3 млн АҚШ доллары деңгейінде бағаланған. Бұл – еңбектің еленгені, табандылық пен білімге де­ген адалдықтың айғағы.

Aidentis жақында Қазақстандық стоматологиялық қауымдастық (ҚСҚ) және Қазақстан студент-сто­матолог­тар қауымдастығы (DAS) ұйымда­ры­мен стратегиялық әріп­тестік орнатты. Бұл ынтымақтастық стоматологиялық білім беруді жаң­ғыртып, заманауи цифрлық шешімдерді отандық ме­ди­цина саласына енгізуге жол ашты.

Кездесу барысында Асылзат Иса­тай студенттермен еркін сұхбат­та­сып, өз жолындағы қиындықтар мен жетіс­тік­тер туралы ашық әңгімеледі. «Уни­вер­ситет – біздің кәсіби болаша­ғы­мыз­ды қалыптастыратын үлкен алаң. Мен мұнда тек диплом алу үшін емес, өзім үшін, үйрену үшін оқы­дым», – деді ол. Сондай-ақ түлегіміз университеттік білімнің кәсіби өмір­дегі рөлін ерекше атап өтіп: «Ме­нің оқу кезінде сабаққа берілгенім – бү­гінгі стартапымның, тех­нологиялық ше­шімдерімнің түпкі негізі. Әрбір алгоритм, әрбір есеп, әрбір код – кейін қолымдағы құралға айналды», – деді. Бұл пікір математика мен ком­пью­терлік модельдеу және қол­дан­балы математика саласында білім алып жүрген студенттер үшін үлкен шабыт болды.

Кездесу кезінде студенттер түлек­ке көкейдегі сұрақтарын қойды.

«Стартап бастаған кезде қандай қиындықпен бетпе-бет келдіңіз?» – деген негізгі сұраққа Асылзат: «Ко­ман­да жинау және алғашқы инвес­тор­ларды табу ең күрделі кезеңдердің бірі болды. Бірақ университетте үй­рен­ген логикалық ойлау мен жүйелі көзқарас сол қиындықтарды жеңуге көмектесті», – деп жауап берді.

Студенттер Асылзаттың әңгімесі­нен табандылық пен мақсатқа ұмты­лу­дың маңыздылығын түсініп, бола­шақ кәсіби жолына сеніммен қарауға жігер алды.

Кездесу соңында қатысушылар тү­лектің жетістігіне қуанып, осындай үл­гі болар жандармен жүздесудің ерек­ше әсер қалдырғанын айтты. «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» деген Жүсіп Баласағұнның нақыл сөзі бұл кез­де­судің мәнін айқын түйіндеді.

Асылзат Исатай – халқына ұлағат, еліне өнеге бола білген заманауи жастың жарқын бейнесі. Оның табысы – ҚазҰУ түлегінің ғылым мен техно­ло­гияны ұштастыра отырып, әлемдік деңгейде мойындалғанының айғағы.

 

Лида САҒЫМБАЕВА,

Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасы меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 Ақмарал Еркінова,

«Қолданбалы математика» мамандығының 3-курс студенті