Инновациялық шешім ұсынған кәсіпкер-түлек
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультеті Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының қабырғасында 3-4 курс студенттерімен ерекше, рухтандыратын кездесу өтті. Кафедра түлегі, жас әрі табысты кәсіпкер, инновациялық Aidentis стартапының негізін қалаушы Асылзат Исатайды арнайы қонаққа шақырдық. Бұл кездесу студенттер үшін тек пайдалы ақыл-кеңес алмасу сәті ғана емес, білім мен еңбек, арман мен іске жетелейтін маңызды көпірге айналды.
Aidentis: жасанды интеллект арқылы стоматологияда серпіліс.
Асылзат Исатай – ХХІ ғасырдың технологияларын қолданып, денсаулық сақтау саласында, нақтырақ айтқанда стоматология бағытында, инновациялық шешімдер ұсынған кәсіпкер. Оның бастамасымен құрылған Aidentis стартапы жасанды интеллект көмегімен дәрігерлердің жұмысын оңтайландырып, клиникалар мен студенттік ұйымдар арасында серіктестік орнатуда.
Aidentis платформасы телерентгенограмма (ТРГ) секілді күрделі диагностикалық суреттерді автоматты түрде талдап, дәрігерлерге дайын талдау нәтижелерін ұсынады. Бұл тәсіл мамандардың уақытын үнемдеп, диагноз дәлдігін арттырады.
2024 жылы жоба 200 мың АҚШ доллары көлемінде бизнес-ангел инвестициясын тартып, 3 млн АҚШ доллары деңгейінде бағаланған. Бұл – еңбектің еленгені, табандылық пен білімге деген адалдықтың айғағы.
Aidentis жақында Қазақстандық стоматологиялық қауымдастық (ҚСҚ) және Қазақстан студент-стоматологтар қауымдастығы (DAS) ұйымдарымен стратегиялық әріптестік орнатты. Бұл ынтымақтастық стоматологиялық білім беруді жаңғыртып, заманауи цифрлық шешімдерді отандық медицина саласына енгізуге жол ашты.
Кездесу барысында Асылзат Исатай студенттермен еркін сұхбаттасып, өз жолындағы қиындықтар мен жетістіктер туралы ашық әңгімеледі. «Университет – біздің кәсіби болашағымызды қалыптастыратын үлкен алаң. Мен мұнда тек диплом алу үшін емес, өзім үшін, үйрену үшін оқыдым», – деді ол. Сондай-ақ түлегіміз университеттік білімнің кәсіби өмірдегі рөлін ерекше атап өтіп: «Менің оқу кезінде сабаққа берілгенім – бүгінгі стартапымның, технологиялық шешімдерімнің түпкі негізі. Әрбір алгоритм, әрбір есеп, әрбір код – кейін қолымдағы құралға айналды», – деді. Бұл пікір математика мен компьютерлік модельдеу және қолданбалы математика саласында білім алып жүрген студенттер үшін үлкен шабыт болды.
Кездесу кезінде студенттер түлекке көкейдегі сұрақтарын қойды.
«Стартап бастаған кезде қандай қиындықпен бетпе-бет келдіңіз?» – деген негізгі сұраққа Асылзат: «Команда жинау және алғашқы инвесторларды табу ең күрделі кезеңдердің бірі болды. Бірақ университетте үйренген логикалық ойлау мен жүйелі көзқарас сол қиындықтарды жеңуге көмектесті», – деп жауап берді.
Студенттер Асылзаттың әңгімесінен табандылық пен мақсатқа ұмтылудың маңыздылығын түсініп, болашақ кәсіби жолына сеніммен қарауға жігер алды.
Кездесу соңында қатысушылар түлектің жетістігіне қуанып, осындай үлгі болар жандармен жүздесудің ерекше әсер қалдырғанын айтты. «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» деген Жүсіп Баласағұнның нақыл сөзі бұл кездесудің мәнін айқын түйіндеді.
Асылзат Исатай – халқына ұлағат, еліне өнеге бола білген заманауи жастың жарқын бейнесі. Оның табысы – ҚазҰУ түлегінің ғылым мен технологияны ұштастыра отырып, әлемдік деңгейде мойындалғанының айғағы.
Лида САҒЫМБАЕВА,
Математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасы меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Ақмарал Еркінова,
«Қолданбалы математика» мамандығының 3-курс студенті
Басқа жаңалықтар