"Заң" республикалық күнделікті газет
Ұлтын сүйген заңгер
Асан қайғы бабамыз: «Алланың мейірімі түсіп, шапағатын шашқан тау екен. Нұқ пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойынан табылғандай
тау екен. Жемісі көп, жері көп, жер төресі мұнда екен, жігіті көп, ері көп, ел төресі мұнда екен», – деп баталы сөз айтқан бағзы заманда. Қасиетті Қазығұрттың тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне қарап, дуалы ауыз батагөй бабаның осы айтқандарының айна-қатесіз екеніне көз жеткіземіз. Міне, біз бүгін осы өңірде дүниеге келіп, заң саласында көптен бері ерен еңбек етіп келе жатқан азамат, еліміздің мәдениеті мен өнерінің, әдебиеті мен тілінің, ұлт руханиятының жанашыры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері, құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Жеті Жарғы» және «Қожаберген жырау» атындағы қоғамдық-қайырымдылық қоры-
ның төрағасы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері – Бекет Тұрғараұлы Тұрғараев жайында сөз қозғамақпыз.
1992 жылдың қаңтарында Бекет Тұрғараев Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалысымен, Оңтүстік Қазақстан облыстық соты республика бойынша ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бекең сот саласын түгел компьютерлендіріп, озық технологиялық құралдармен жабдықтады. Осындай үлкен өзгерістер мен өзге де жұмысқа деген талапты күшейтіп, оң нәтижелерге бет бұруға көп септігін тигізгені анық.
Сөйтіп, осындай іс-әрекеттерінің арқасында 1994 жылдың 15 желтоқсанында Бекең басқарған Оңтүстік Қазақстан облыстық соты Әділет министрлігінің арнайы қаулысымен республика бойынша базалық сот деп жарияланды.
Айта берсек, Б.Тұрғараев атқарған үлгі боларлық істердің тізімі біршама. Соның бірі – республика көлемінде сот жүйесінде алғашқы құқықтық «Заң жане заман» атты газетті Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының жанынан шығаруы. Бұл басылым арқылы жалпы азаматтарға заң саласындағы реформалар мен өзгерістер, сот билігі, сот төрелігі, адам құқын қорғау, заңның бұзылу проблемаларына қатысты көптеген мәліметтер алуға мүмкіндік туды.
Бекең ұзақ жылдардан бері Елбасы артқан үміт жүгін абыроймен ақтап, халықтың көңілінен шығып келеді. Сонымен қатар, тек қызмет аясында ғана емес, заң ғылымының дамуына да өзіндік үлес қосып жүрген білікті заңгер десек, артық айтқандық болмас.
Бұл азамат республика Бас Прокуратурасында басқарма бастығы қызметінде болды. Кейіннен Әділет министрлігінің соттар қызметін ұйымдастыру департаментінің бастығы қызметтерін де атқарды. 1999 жылдың 16 қарашасында Президент Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. Ерен еңбегінің арқасында елдің ерекше құрметіне бөленген Бекеңе 2007 жылы облыстық маслихаттың шешімімен «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» деген атақ берілді. Жергілікті ұлт өкілдерінің үлес салмағы аз өлкеде төл мәдениетіміз бен өнеріміздің дамуына жанашырлық танытып, мемлекеттік тіліміздің өз дәрежесінде қолданылуына да ұйытқы бола білді. Облыстық сот ұжымында өзге ұлт өкілдерімен қоса өз қандастарымыздың да мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасап, қазақ тілін үйрету сабағын тұрақты түрде жүргізуді ұйымдастырды. Бұл үрдіс облыстың барлық соттарын қамтыды. Ол – туған тілдің үлкен жанашыры, тіл мәселесіне байланысты орталық газет беттерінде жанайқайын білдіріп, бірнеше мақалалар жазды.
Бекет – сот саласының білімді де білікті сардарларының бірі, әділдіктің ақ туын көтерген адал қызметінің арқасында абырой арқалап келе жатқан жан. Сот саласын реформалауға қатысты айтқан талай пікірлерін тұщына оқып, сүйсіне тыңдағаным бар. «Біз мемлекет тарапынан соттар ісін жақсартуға ұдайы жағдай жасалынып отырғанын ашық айтуымыз керек. Соның арқасында бүгінгі таңда тәуелсіз сот билігі қалыптасқандығы баршаға аян. Біздің ендігі мақсатымыз халық сенімінің биігінен көрі- нетін қуатты сот билігі – қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен тұрақтылықтың кепілі екенін, біз, судьялар, бір сәт те естен шығармауымыз керек», – деген кесімді пікірі талайға ой салары анық. Бұл – білікті заңгердің азаматтық берік қағидасы.
Сонымен бірге, Бекет Тұрғараев судьялардың IV съезінде: «Судьялардың зейнетке шығу жасын 68-70 жасқа ұзартып, ал, судьялыққа тек 30 жастан асқан азаматтарды ғана тағайындау қажет», – деген ұсыныс айтқан болатын. 2007 жылы алқабилердің қатысуымен алғашқы істе осы Бекең басқарған Солтүстік Қазақстан облыстық сотында қаралды.
Алқабилер сотының халықтың сот билігіне деген сенімін арттыра түсетінін айтып: «Сот билігіне халықтық элементті енгізу – еліміздегі сот билігінің демократиялық ұстанымдағы жалпыға ортақ стандартқа сай жасаған оң қадамы», – дейді білікті маман. Бекең – халықтың сауабына, ел игілігіне шешілер ұсыныстарын әрқашан ашық айтып, олардың жүзеге асуына бар күшін салған абзал азамат.
Ұлтын сүйген заңгердің тағы бір қасиеті – қашанда қайырымдылық жасау, көмекке мұқтаж жандарға демеу болу. Ол талай азаматтардың, талантты жастардың жұмысқа орналасуына, жоғары білім алуына, қызмет сатысында өсуіне қамқорлық жасай білді. Қазіргі уақытта өзі тәрбиелеген шәкірттері республика көлемінде жауапты қызметтер атқаруда, ол ұлағатты ұстаз ретінде биікке ұмтылған жас талапқа қамқорлық жасаудан ешқашан бас тартқан емес.
Майдангер жазушы Ә.Нұршайықовтың он томдығын, көрнекті ақын К.Салықовтың өлеңдер жинағын, М.Жұмабаев шығармалары мен жергілікті жазушы Қ.Омаровтың Қожаберген жырау туралы кітабының, Қ.Тұрсынқұловтың «Қазығұрт» атты еңбегінің жарық көруіне демеушілік жасап, облыс кітапханаларына кеңінен таралуына тікелей ықпал етті.
Мұның бәрін тізбелеп отыруымыздың мәнісі бар. Бекең халқымыздың рухани қазынасын түгендеп жүрген айтулы азаматтардың құнды дүниесіне демеушілік жасау арқылы болашаққа, келер ұрпаққа қызмет жасап келеді. «Мәдени Мұра» бағдарламасын жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қосты.
Ол кісінің басшылығымен Солтүстік Қазақстан облысында осы бағдарлама аясында көптеген ауқымды іс-шаралар атқарылды. Өткеннің мол мұрасын тарих қойнауынан аршып алып, халық кәдесіне жарату бүгінгі ұрпақ көкірегінде отаншыл, патриоттық сезім оятары анық.
Ол әйгілі Шал ақынға аудан орталығында ескерткіш орнатылуына үлкен үлес қосты.
Қазақтың атақты батыры, ақыны Қожаберген жыраудың кесенесін көтерумен бірге көтертіп, оның Петропавл қаласынан орын тебуіне мұрындық болды. Ұрпаққа үлгі бұл өнеге оның жарқын істерінің айғағындай болып мәңгі жаңғырып тұра берері хақ.
Сонау Ресей мемлекетімен шектесетін Солтүстік Қазақстан облысының табиғаты сұлу, тарихы тұнған шежіре десек болады. Бұл өлкеде ел айбыны, халық қорғаны болған айтулы батырлар мен бағландар, от ауызды, орақ тілді билер мен небір сұңғыла өнерпаздар өмір сүрген. Бүгінгі ұрпақ солардың атын ғана естігені болмаса, олардың шығармашылығынан бейхабар. Ауыз әдебиетінің алып өкілдері, аруақты бабалардың өлең-жыр, терме, өсиет сөз, нақылдарын жатқа айтып жүретін Бекетті «осы баға жеткісіз бай мұралардың басын қосып, жинақтап, ел кәдесіне жаратсам» деген ой да жиі мазалайды.
Бекең облыстық және мектептің кітапхана қорларының еселеніп, толығып отыруына қамқорлық жасап, З.Қабдоловтың, Қ.Мырзалиев, С.Жүнісов, Д.Исабеков, т.б. танымал ақын-жазушылар кітаптарының бірнеше данасын сыйға таратты. Атақты Тоқсан би баба бейітіне тұрғызылған көрікті күмбез де Б.Тұрғараұлының есімімен тығыз байланысты екенінен хабардармыз. Сондай-ақ, Западное селосын Тоқсан би атымен атауға, оған Петропавл қаласында көше берілуіне күш салды. Кейіннен «Тоқсан би» қоры құрылып, облыс басшылығының қолдауымен баба бейітіне көз тартарлық күмбез тұрғыздырды.
Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстанда биылғы жылдың 2- 4 маусымында «Өлке тарихы – тұлғалар тарихы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтуіне ұйытқы болды. Аталған жиынға академик С.Зиманов, М.Қойгелді және Тарих институтының директоры Б.Аяған бастаған 20-дан астам атақты ғалымдар қатынасты.
Ал, жақында, 30 қыркүйек күні, Шымкент қаласында аймақаралық Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облысының ұйымдастыруымен, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтің қатысуымен Ел иесі, Жер киесі Пір Бекеттің туғанына 260 жыл толуына байланысты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл конференцияға еліміздің белгілі тарихшылары және әдебиет-өнер саласының өкілдері – С.Қирабаев, А.Әшімов, Ө.Озғанбай және т.б. қатынасты. Міне, бұл іс-шараның да тікелей ұйымдастырушыcы – Бекет Тұрғараұлы.
Бекет Тұрғараұлының «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруда сіңірген еңбегі, еліміздің мәдени саласына қосқан сүбелі үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды. Ол бірнеше монографиялық еңбектердің авторы, заң ғылымдарының докторы. Докторлық диссертация қорғау кеңесінің, бірнеше халықаралық ғылыми журналдардың редакциялық алқаларының мүшесі. Тәжірибеде жүріп, теориядан да қалам тербеу – екінің-бірінің қолынан келе бермейтін іс.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме халық, көз көріп жүрген Бекеңдей жомарт жанды азаматтардың тындырып жүрген істеріне қарап, іштей сүйсінесің. Тілін, ділін, әдебиетін, мәдениетін сүйіп, ұлт руханиятының жанашыры болған, отаншылдық көзқарасы биік, елін, жерін сүйетін осындай қазақтың абзал да ардақты азаматтары көп болғай деп тілейсің.
Есберген Алауханов,
заң ғылымдарының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің сот билігі және қылмыстық іс жүргізу кафедрасының
меңгерушісі, жазушы, «Қазақстанның
ғылымы мен өмірі» журналының бас редакторы