"Алаш айнасы" Республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет

2 марта, 2011

Жолдасбеков сабақтары

Кеше әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым, ғылым мен білімнің ұйымдастырушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің 80 жылдық мерейтойына байланысты бірінші халықаралық Жолдасбеков симпозиумы өз жұмысын бастады.

Отандық ғылымға өлшеусіз еңбек ет­кен Ө.Жолдасбековтің есімі Қазақ­стан­дағы роботтар механикасы, механизмдер жә­не машиналар теориясы мектебінің негізін қа­лаушы ғалым ретінде де белгілі. Келелі жиынның ашылуы кезінде қайраткер тұлға өмі­рінен сыр шертетін арнайы даярланған деректі фильм көрсетілді. Симпозиум ба­рысында Ө.Жолдасбековтің ғылыми ең­бек­тер жинағы мен таңдамалы шығар­ма­ла­рының көрмесі өтті. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың физика факультетінің жаңа ғи­мараты және филология факультетінде Өмір­бек Жолдасбековтің жұбайы, фи­лология ғылымының докторы, Жоғары мек­­теп академигі, профессор Мая Бе­гіс­баева атындағы аудиторияның ашылуы бол­ды. Симпозиумның ғылыми-тә­жі­ри­бе­лік бөліміндегі пленарлық-секциялық оты­ры­с­та теориялық және қолданбалы ме­ха­ника, қолданбалы есеп, міндетті ма­те­ма­тикалық модель, Қазақстанның ин­дус­трия­лық-инновациялық дамуындағы ма­ши­на жасаудың негізгі ғылыми тех­но­ло­гия­лары қарастырылды. Анатолий ВАСИЛЬЕВ, Халықаралық инженерлік академиясының вице-президенті, Украина инженерлік академиясының академигі:

– Біз айтулы оқиғаға қатысудамыз. Қазақстаннан тысқары аймақта да та­ны­мал болған ғалым, ұлы адамға құр­мет көрсетудемiз. Ол ғылымның әлем­дік деңгейдегі жауһары. Ө. Жол­дас­бе­ковтің аты ғалым ретінде үлкен әріппен қа­ланып, ғылымдағы мықты ұйымдас­ты­рушылық қабілетімен жас ғалым­дар­ға үлгі болып қалары анық.

Аталған ауқымды шараның елеулі сәті ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Өмірбек Арысланұлына арналған ескерткіштің салтанатты ашылуын ерекше атап өтуге болады. Ғалымның ескерткіші оның өз атымен аталатын Студенттер сарайының сол жағынан орын тепкен.

Ескерткіштің салтанатты ашылуына ҚР бі­лім және ғылым министрі Бақытжан Жұ­мағұлов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ғылыми қо­ғам өкілдері, Ө.Жолдасбековтің туыс­та­ры және оның Ресей, Италия, Германия, Ук­раина, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі әріптестері қатысты.

Бекжан Әлімғазы