"Алаш айнасы" Республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
Жолдасбеков сабақтары
2 наурыз 2011 жыл
Кеше әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым, ғылым мен білімнің ұйымдастырушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің 80 жылдық мерейтойына байланысты бірінші халықаралық Жолдасбеков симпозиумы өз жұмысын бастады.
Отандық ғылымға өлшеусіз еңбек еткен Ө.Жолдасбековтің есімі Қазақстандағы роботтар механикасы, механизмдер және машиналар теориясы мектебінің негізін қалаушы ғалым ретінде де белгілі. Келелі жиынның ашылуы кезінде қайраткер тұлға өмірінен сыр шертетін арнайы даярланған деректі фильм көрсетілді. Симпозиум барысында Ө.Жолдасбековтің ғылыми еңбектер жинағы мен таңдамалы шығармаларының көрмесі өтті. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың физика факультетінің жаңа ғимараты және филология факультетінде Өмірбек Жолдасбековтің жұбайы, филология ғылымының докторы, Жоғары мектеп академигі, профессор Мая Бегісбаева атындағы аудиторияның ашылуы болды. Симпозиумның ғылыми-тәжірибелік бөліміндегі пленарлық-секциялық отырыста теориялық және қолданбалы механика, қолданбалы есеп, міндетті математикалық модель, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуындағы машина жасаудың негізгі ғылыми технологиялары қарастырылды. Анатолий ВАСИЛЬЕВ, Халықаралық инженерлік академиясының вице-президенті, Украина инженерлік академиясының академигі:
– Біз айтулы оқиғаға қатысудамыз. Қазақстаннан тысқары аймақта да танымал болған ғалым, ұлы адамға құрмет көрсетудемiз. Ол ғылымның әлемдік деңгейдегі жауһары. Ө. Жолдасбековтің аты ғалым ретінде үлкен әріппен қаланып, ғылымдағы мықты ұйымдастырушылық қабілетімен жас ғалымдарға үлгі болып қалары анық.
Аталған ауқымды шараның елеулі сәті ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Өмірбек Арысланұлына арналған ескерткіштің салтанатты ашылуын ерекше атап өтуге болады. Ғалымның ескерткіші оның өз атымен аталатын Студенттер сарайының сол жағынан орын тепкен.
Ескерткіштің салтанатты ашылуына ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ғылыми қоғам өкілдері, Ө.Жолдасбековтің туыстары және оның Ресей, Италия, Германия, Украина, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріндегі әріптестері қатысты.
Бекжан Әлімғазы