ҚазҰУ мен «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» меморандумға қол қойды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС-мен меморандумға қол қойды.
Жүздесуде сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева ЖОО-ның қызметі мен жетістіктері туралы айтып берді.
Бүгінде ҚазҰУ әлемнің 620 жетекші университетімен және танымал компаниялармен ынтымақтасады. Мұндай ғылыми-білім беру ынтымақтастығы жаңа білім мен дағдыларды игеруге және тәжірибе алмасуға ашылатын зор мүмкіндік. Биыл ҚазҰУ-ға 10 мыңнан астам студент, магистрант және докторанттар түсті. Бұл жетекші жоғары оқу орнында білім алудың танымалдығы мен сұранысын айқындайды.
Жалпы, университетте 25 мыңнан астам студент білім алады және ЖОО-ға зерттеу университеті мәртебесі берілді. Білім ордасының филиалдары Ыстамбұл (Түркия) және Бішкек (Қырғызстан) қалаларында ашылды. Сондай-ақ ҚазҰУ базасында Ресей МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жұмыстары жүргізілуде.
«Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою ЖОО мен компания арасындағы өзара іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл серіктестік бірлескен жобаларды әзірлеуге, тәжірибе мен білім алмасуға, сондай-ақ студенттерге оқу бітіргеннен кейін компанияда тағылымдамадан өтуге немесе жұмысқа орналасуға да мүмкіндік беріледі. Біздің ынтымақтастығымыз өңірде білім, ғылым және индустрияны дамытуға ықпал ететін болады. Біз өзара табысты ынтымақтастыққа үміттенеміз», – деді проректор Ләззат Еркінбаева.
Өз кезегінде «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» директоры Максим Тарасов ЖОО басшылығына алғысын білдіріп, Astana Motors тобына кіретін жаңа автомобиль жасау зауытының қызметі мен жоспарлары туралы айтты.
Оның айтуынша, компания жылына 90 мың жеңіл автокөлікті құрастыратын еліміздегі ірі зауыт мәртебесіне үміткер. Жүздесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықты дамыту, бакалавриат және магистратура білім алушылары үшін өндірістік тәжірибе мен ғылыми зерттеу тәжірибелерін жан-жақты талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі