Гендерлік теңдік: құқықтық құндылық ретінде және оның Қазақстандағы орныFarabi University

Гендерлік теңдік: құқықтық құндылық ретінде және оның Қазақстандағы орны

9 қазан, 2024

 

2024 жылғы 9 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінде «Гендерлік теңдік құқықтың құндылығы ретінде» тақырыбында ғылыми семинар өтті. Бұл іс-шара кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының ұйымдастыруымен және ТДМ 5-ті іске асыру шеңберінде өткізілді. Аталған ғылыми семинарға ҚазҰУ заң факультетінің деканы, доцент, з.ғ.к., У.А. Ахатов, кафедра меңгерушісі, профессор Г.А. Қуаналиева, PhD докторы Г. К. Рашева, аға оқытушы Э. С. Қуандықова, сондай-ақ – «Human Rights Lawyers» ұйымының президенті және One-Stop Service «Бір Қадам» орталығының үйлестірушісі Ләззат Ракишева және Қазақстан психологтар одағының мүшесі әрі орталықтың практик психологы Жеңісгүл Хабаева қатысты. Заң факультетінің 1 курс студенттері, оның ішінде 110 топтың өкілдері де белсенділік танытты.
Ғылыми семинардың ашылуында факультет деканы У.А. Ахатов сөз сөйлеп, БҰҰ шеңберінде гендерлік саясаттың мақсаттарын атап өтті, сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қорғаудың және оларға деген құрметтің қоғамдағы маңыздылығына ерекше тоқталды. Профессор Гүлдана Қуаналиева өз сөзінде Қазақстанда гендерлік теңдікке қол жеткізуге бағытталған реформалар туралы баяндап, әйелдердің құқықтарын қорғаудың өркениетті қоғам қалыптастырудағы рөліне назар аударды.
Гендерлік теңдік БҰҰ-ның басты міндеттерінің бірі болып табылады. Ұйым 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін орындау мақсатында, әйелдердің құқықтарын кеңейту мен толық гендерлік әділеттілікке қол жеткізу үшін құқықтық, әлеуметтік және экономикалық кедергілерді жоюдың маңыздылығын ресми түрде мойындайды.
Шақырылған спикерлер Ләззат Ракишева мен Жеңісгүл Хабаева «Бір Қадам» орталығының гендерлік теңдікті ілгерілету, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және оның алдын алу бағытындағы қызметі туралы баяндап, осы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасындағы соңғы өзгерістерді және нақты өмірлік мысалдарды келтірді. Доцент Қалдарбек Қуандықов осындай кездесулердің студенттер үшін маңыздылығын атап өтті, өйткені олар теориялық білімді практикалық тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Ғылыми семинар барысында студенттер талқыланған тақырыптарға қызығушылық танытып, сұрақтар қойды. Олар гендерлік теңдіктің құқықтық мемлекет қалыптастырудағы маңыздылығын, сондай-ақ әйелдерге деген құрметтің жастардың елдің болашағына деген сенімін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Ғылыми семинар соңында Ләззат Ракишева кафедраға алғысын білдіріп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасына, студенттерге және 18 студенттер үйіне «Ляззат тағдырымның бергенін қабылдамаймын» атты 60 кітабын  сыйға тартты.