Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде республикалық деңгейде Қазақстандағы дінтанудың өзекті мәселелері талқыландыFarabi University

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде республикалық деңгейде Қазақстандағы дінтанудың өзекті мәселелері талқыланды

28 қараша, 2024

Қазақ ұлттық университетінде республикалық дәрежеде Қазақстандағы дінтанудың өзекті мәселелері талқыланды

 

28 қараша әл-Фараби ғылыми кітапханасында Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстандағы дінтанудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Пленарлық мәжілістің салтанатты ашылуын философия және саясаттану факультетінің деканы Мейрбаев Бекжан Берікбайұлы ашты, аталған тақырыпқа кіріспе сөзін айтып, конференция қатысушыларына сәттілік тіледі. Жиында модераторлық қызметті профессор, философия ғылымдарының докторы Байтенова Н.Ж. атқарды.

Алғашқы сөз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Бегалинова К.К. берілді, Калимаш Капсамаровна Қазақстандағы ислами және исламтану білімінің маңызын тарихи перспективада ашты. Елімізде ислам білімін тек діни білім беру орындарынан емес, зайырлы білім мекемелерінен де алуға болатынын айтып көрсетті. «...Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл» деп, исламтанулық және дінтанулық білімнің маңыздылығын дәлел-дәйектермен тұжырымдады.

Осы орайда Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Сейтахметова Н.Л. баяндамасы бүгінгі исламтану мәселелерін білім беру және эпистемологиялық контекстте мазмұндап, алдыңғы тақырыпты аша түсті. Қазақстандағы исламтану ерекшелігі, тарихынан үзінді келтірілді. «Қазақстанда исламтану ғылым ретінде қалыптасты ма?» деген сұраққа жан-жақты жауап берді, исламтану бағдарламасының маңыздылығына тоқтады. Сонымен қатар, исламтанудың ғылыми, академиялық дәрежесін түсірмеу, исламтану апологетикалық, аксиологиялық түсіндіруге ғана тоқталмай, рационалды түсінікке негізделуі тиіс екенін тұжырымдап ұсыныстарын алға шығарды. Исламтанудың практикалық маңызы болса, ұлтаралық, конфессияаралық қақтығыстардың алдын алуға мән беруі қажет.

Спикерлер арасында Нағима Жаулыбайқызы исламтанудың азаматтық ресми дәрежені алғанын, қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті де, дінтанулық білім жайлы баяндамаларға кезек берді.

Дінтанулық зерттеулер және экспертиза орталығының жетекшісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызы Қазақстан мен Малайзиядағы дінтанулық білім беру жүйелеріне салыстырмалы анализ жүргізіп, мазмұнды баяндама жасады, Малайя университетімен, профессорларымен байланыстың күшейіп келе жатқанын айтып, еліміздің дінтанулық біліміне қосатын үлесінен хабар берді.

Одан кейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, профессор, философия ғылымдарының докторы Кенжетай Досай «Қазақ қоғамындағы діни мотивтегі жақтас топтар және олардың тұжырымдары» тақырыбында баяндама қорғады. Сөз барысында сопылық кезеңдері, тариқат және Иасауи мұрасына тоқталды. Нәтижесінде діни ахуалдың тұрақтылығы үшін тарихымызды білу маңыздылығын дәйектеді.

Затов Қайрат Айтбекұлы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің дінтану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы, қазіргі дінтанудың  тенденциялары мен перспективаларына қатысты сөз қозғады. Дін тарихы мен дін философиясына анықтама беріп, когнитивті дінтану мәселелері мен қиындықтарын баяндады. Қорыта келе профессор дінтанушыларды дінтанудың теориялық, методологиялық мәселелеріне мән беруге, зерттеуге ынталандырды.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты Тышхан Кеңшілік «Діни фундаменталистік түсініктер және діни бірегейлік мәселелері» тақырыбында күніміздегі дін саласында жүрген мамандардың басына келетін қиындықтар жайлы теория мен практиканы түйістірген мазмұнды баяндамасын жасады, қоғамда болып жатқан жағдайларды мысалға келтірді.

«Дін теорияларының призмасыдағы діннің интегративті және дезинтегративті функциялары» тақырыбында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Борбасова Қарлығаш Молдағалиқызы баяндама жасап, зерттеулерінің нәтижесін көрсетті. Вебер, Дьюркгейм секілді бұрынғы және заманауи, Мартин Мюллер Кинг секілді ғалымдардың көзқарастарын білдіріп анализ жасады. Қорытындыда, негізінен, діннің интегративті құндылықтары көп, дезинтегративті қызметі санаулы ғана, сондықтан дінтанушылар зерттеу кезінде объективті тұжырымдар жасауы қажет екенін айтты.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің философия және мәдениет теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Тутинова Нұргүл Ерқанатқызы Қазақстандағы әлеуметтік-мәдени жағдайға діни фактордың әсерін мысалдармен көрсетті.

Практикалық зерттеулердің нәтижесінен хабар берген Дүйсенбаева Альбина Құрақбайқызы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің дінтану кафедрасының қауымдастырылған профессорының м.а., PhD, әйелдердің діни радикалдануы және экстремистік топтарға қатысуына ықпал етуші факторларын қысқа да нұсқа, мазмұнды түрде баяндап берді.

Дінтанулық білім беру тақырыбын жалғастырған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дінтану кафедрасының меңгерушісі, PhD Камалова Фэриде Болатқызы еліміздегі діни және дінтанулық білім беру орындарын тізіп, олардың өзара байланысын жолға салуды ұсынды. Сол арқылы талапкерлер мен болашақ дін саласының мамандары бойындағы толеранттылықты арттыруға болады деген салмақты тұжырымын білдірді.

Қорытынды сөзді профессор Байтенова Нағима Жаулыбайқызы сөйлеп, конференция қарарын жария етті. Бұған дейін дінтану саласында жасалған ғылыми жұмыстарды қорытындылап, болашаққа басар қадамдарға қатысты ұсыныстарды алға тартты. Ол үшін ғылым мен білімді қатар жүргізу керек. Дінтану исламтануға қатысты ертерек қалыптасқанымен, әлі де жаңа сала саналады, оның шешілмеген мәселелері бар. Күнімізге дейін дінтанушы білікті мамандар шығарылды. Ендігі кезекте дінтанудың жекелей бағыттарын, мысалы, когнитивті дінтану, салыстырмалы дінтану, конфессионалды дінтануға ерекше көңіл бөлінуі, оқулық, монографиялар көптеп жазылуы тиіс. Теориялық және практикалық дінтану арасына нақты шекара жүргізу, дінтануға қатысты жеке ғылыми әдіс-тәсілдерді тұжырымдау қажеттігі, постсекулярлық қоғамда өмір сүргендіктен, зайырлылық пен діндарлықты қатар алып жүруді қозғады.

Оған қоса, дәстүрлі діндердің өзінің пассионаттық деңгейін жоғалта бастауы, жаңа діндарлық, квазидіндарлық, діни конверсия мен прозелетизм, діни және дінтанулық білімді үйлестіру проблемалары – бүгінгі дінтанушылар мен исламтанушылардың алдында тұрған өзекті мәселелер екені ерекше аталды.

Жалпы алғанда, республикалық конференцияда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті доктор, профессорлары, дінтанушы мамандары сөз сөйлеп, келешек зерттеушілерге жол көрсетті, ұсыныстар білдірді. Нәтижесінде исламтану және дінтану салалары бойынша мәселелер мен олардың шешімдері талқыланып, конференция қарары шығарылды.

 

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы

Филол.ғ.к., қауымд.проф. Балтымова М.Р.,

доцент м.а., PhD Тунгатова У.А.,  

докторант Елеусызбаева Н.М.