
Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» сұхбатында еліміздегі орын алған маңызды өткен оқиғаларға, бүгінде жалғасып жатқан және болашақта болатын өзекті мәселелерге қатысты сұрақтарға қорытынды жауаптар берді.
Қазақстан үшін өткен жыл несімен ерекше болды деген сұраққа, Елбасы өзінің басты мақсаты – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу деп бастады.
Біз білім беру саласында қызмет жасап, жастарға саналы тәрбие, сапалы білім беріп жүрген соң осы тұста қойылған сұрақтарға жауабын ескере кеткен жөн көрдім.
Бір ай бұрын 2025–2027 жылдарға арналған Республикалық бюджет қабылданып, құжатта әлеуметтік бағыт басты мәселе ретінде қаралып, онда денсаулық сақтау, білім беру саласына және әлеуметтік қажеттіліктерге өте қомақты қаржы қарастырылғанын айтты.
Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі болуға толық мүмкіндігі барын айтты. Жасанды интеллект технологияларын дамыту керек. Болашағы зор жобалардың бірі қазақ тілінің қазақ тілінде ойлап, сараптама жасап, қазақша сөйлесе алатын жасанды интеллект KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Жыл соңына дейін жасанды интеллектінің Alem.AІ атты халықаралық орталығы ашылады.
Таяу жылдарда жасанды интеллект өте қарқынды дамып, жұрттың өмір туралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін де түбегейлі өзгертетінін ескерген жөн. Жастарға мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын қолдана білуді үйрету маңызды. Былтыр еліміздің 15 университетінде Google компаниясының жасанды интеллект жөніндегі курстары енгізілді. Осы саланың мамандарын даярлау үшін арнайы бағдарлама әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр (AI-Sana).
Елбасы өз сөздерінде жастарға айрықша назар аударады. Жас ұрпақты саяси жауапкершілігі жоғары әрі жан-жақты дамыған азамат етіп тәрбиелеу үшін не істеу керек деген сұраққа:
Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін –деді Президентіміз.
Президентіміздің жастарға деген тілегі, ақыл-кеңесі: жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек екендігін айып, олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалайтынын айтты.
Жастарымыздың білім қуып немесе жұмыс іздеп шетелге шығуына көзқарасын айтты:
Біздің жастарымыз әлемдегі беделді университеттерде жақсы білім алып, тәжірибе жинап, дүниетанымын кеңейте алады. Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан көмектесу. Халықаралық «Болашақ» стипендиясы баршаға белгілі. Жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалған. Бірқатар елмен студент алмасып тұрамыз. Жыл сайын ҚазҰУ-дың 2000-нан астам студенті шетелдік ғылым және білім беру мекемелерінде тілдік тағылымдамадан, сондай-ақ ғылыми тағылымдамадан өтеді. Университет жыл сайын университеттің 600-ден астам оқытушылары мен әкімшілік қызметкерлері үшін халықаралық конференцияларға, шетелдік жоғары оқу орындары мен ұйымдардың елдеріне шақырулары бойынша кездесулер ұйымдастырады. Шет елдерде жастардың кәсіби біліктілігін көтеру немесе көбірек табыс табуда өмірін күрт өзгертуден қорықпауы керек, тіршілікке бейім, ширақ болуға тиіс. Азаматтарымыз шетелде жүрсе де, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, еліміздің абырой-беделін арттыруға атсалысып, Отанына пайдасын тигізе алады деген пікірлерін қолдаймыз.
Аға оқытушы Г.А. Койтасова
Аль-Фараби ҚазҰУ
Басқа жаңалықтар

