Ыстамбұл университеті студенттері қысқы мектептеFarabi University

Ыстамбұл университеті студенттері қысқы мектепте

27 желтоқсан, 2024

27 желтоқсанда Ыстамбұл университеті, Әдебиет Факультеті, Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеті бөлімінің 4-курс студенттері 10 күндік қысқы мектеп аясында Әл-Фараби атындағы университеттің Филология факультеті, Түркітану және тіл теориясы кафедрасына келді. Қысқы мектептің алғашқы күні кафедра меңгерушісінің, профессор Авакова Раушангүл Амирдинқызы, студенттерді университеттің тыныс-тіршілігімен таныстырып, оқу процесі мен түркітану мамандығы бойынша пәндердің мазмұны жөнінде кеңінен мәлімет берумен басталды. Кездесу барысында студенттер өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасып, Қазақстанның бай мәдениеті мен білім беру жүйесі туралы өз ой-тұжырымдарын ортаға салды. 

Университеттік таныстық Әл-Фараби кітапханасындағы экскурсиямен жалғасты. Экскурсовод әл-Фарабидің өмірі мен философиясы туралы әңгімелеп, аға оқытушы, Уәлиханова Гүлнұр Өркенқызы түрік тіліне аударып, студенттерге Әл-Фарабидің ғылымға қосқан үлесін түсіндірді. Студенттер өздеріне қызықты сұрақтарға жауап алып, кітапханаың басқа да оқу залдарымен, оларды қалай пайдалануға болатынына байланысты мәліметтер алды. Экскурсия барысында студенттер Алашорда қозғалысының басқа да ұлы тұлғаларымен танысты. Бұл олар үшін Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы жаңа мәліметтер алудың керемет мүмкіндігі болды. Экскурсия соңында студенттер университеттің тарихи орындарында бірнеше естелік суретке түсті.

Сонымен қатар, Түркиялық студенттер Алтын Орда әдебиеті (XIII-XIV ғғ.) пәні бойынша, «Алтын Орда дәуірі поэзиясы мен қазақ ақындар шығармаларындағы рухани дәстүр сабақтастығы» тақырыбындағы аға оқытушы А.У. Дәулеттің семинар сабағына қатысты. Оқытушы Алтын Орда поэзиясының негізгі ерекшеліктерін және оның кейінгі қазақ әдебиетіне ықпалын тереңінен түсіндірді. Түркиядан келген студенттер біздің семинарға үлкен қызығушылықпен қатысып, өз сұрақтарын қойды. Олар Алтын Орда дәуіріндегі поэзияның мазмұны мен мәнін, сондай-ақ оның қазақ әдебиетіне қалай әсер еткенін тереңірек білуге тырысты. Әсіресе, түркі халықтарының тілдік және мәдени ортақтықтары туралы пікір алмасу ерекше қызықты болды. Түркиядан келген студенттер біздің университетіміздің оқыту әдістемесін және студенттермен қарым-қатынас форматтарын жоғары бағалады. Олардың пікірінше, оқытушылар мен студенттердің ашық диалогы, сұрақ-жауап түріндегі пікірталастар оқу процесін жандандырып, ғылым мен білім алуға деген құштарлықты арттырып, өз кезегінде ғылым мен білімнің дамуына ықпал етеді. Түркі дүниесінің әдебиеті мен мәдениеті ұрпақтар сабақтастығы арқылы жалғасып келеді. Бұл семинар түркі тілдес халықтар арасындағы рухани және әдеби байланысты одан әрі нығайтып, ғылыми әрі мәдени ортақ мұрамызды жаңаша тұрғыда бағалауға мүмкіндік берді.

Бұл іс-шара Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын нығайтуда маңызды қадам болды. Ыстамбұл университетінің студенттері бұл сапардан ұмытылмас әсерлер мен жаңа білімдермен толықты.

Ұйымдастырушы: Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушылары: Уәлиханова Гүлнұр Өркенқызы, Дәулет Айгүл Уәлибайқызы