Аштықты жоюFarabi University

Аштықты жою

5 ақпан, 2025

2025 жылдың 5 ақпанында сағат 17:00-де филология факультетінің шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының ұйымдастыруымен 6В02304 – Аударма ісі мамандығының 3-курс студенттеріне арналған эдвайзерлік тәрбие сағаты өтті. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының "Тұрақты даму мақсаттары" жобасының екінші мақсаты – "Аштықты жою" тақырыбына арналды. Тәрбие сағаты шетел филологиясының докторанты Ж.К. Оразтаева және топ эдвайзері  А.Е. Алпысбаеваның жетекшілігімен іске асты.  Тәрбие сағатының мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігі, аштықты жою және тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту бойынша жаһандық мәселелер туралы студенттерге ақпарат беру, сондай-ақ бұл мәселелерді шешуге бағытталған іс-шараларды талқылау. Кездесу барысында студенттер аштық мәселесін жан-жақты зерттеп, оның жаһандық деңгейдегі жағдайын қарастырды. Атап айтқанда, 2030 жылға дейін әлемде 600 миллионға жуық халық аштықты басынан кешіруі мүмкін екендігі, 2015-2019 жылдар аралығында әлем елдерінің 15,2%-ы азық-түлік бағасының күрт өсуіне тап болғаны, 2020 жылы бұл көрсеткіш 48,1%-ға жетіп, 2021 жылы 21,5% болғаны туралы деректер талқыланды. Сонымен қатар, әлемдегі әрбір үшінші адамның азық-түлік қауіпсіздігінің орташа немесе ауыр деңгейінен зардап шегуі, 2000 жылдан бері анемияны азайтуда айтарлықтай ілгерілеушілік байқалмағаны, әсіресе 15-49 жас аралығындағы әйелдер арасында анемияның таралуы 30% шамасында тұрақты сақталып отырғаны айтылды. 2022 жылғы деректерге сәйкес, 148 миллион баланың сапасыз тамақтану салдарынан бойы өспей қалғаны, 45 миллион баланың арықтағаны, 37 миллион баланың артық салмаққа шалдыққаны да назарға алынды. Аштықты жоюға бағытталған негізгі іс-шаралар мен мақсаттар ретінде 2030 жылға қарай аштықты толығымен жою, барлық адамдардың, әсіресе әлеуметтік осал топтардың, жыл бойы қауіпсіз және қоректік азық-түлікпен қамтамасыз етілуін арттыру, 2025 жылға қарай 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы бойдың өспеуі мен арықтау деңгейін төмендету, жасөспірім қыздардың, жүкті және бала емізетін әйелдердің, қарт адамдардың тағамдық қажеттіліктерін қанағаттандыру, ауыл шаруашылығында шағын азық-түлік өндірушілердің, оның ішінде әйелдердің, жергілікті халықтардың және отбасылық фермерлердің жағдайын жақсарту, азық-түлік өндірісінің тұрақты жүйелерін енгізу арқылы экожүйелерді сақтау, климаттық өзгерістерге бейімделу мүмкіндігін күшейту, ауыл инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығы зерттеулеріне және технологияларды дамытуға инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы нарығындағы сауда шектеулерін жою және азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Іс-шара студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, оларды жаһандық мәселелерге бейжай қарамауға шақыруға бағытталды. Шара қорытындысы бойынша студенттер жаһандық мәселелерді шешуде әрбір адамның рөлін түсініп, белсенді әрекет етуге ұмтылды.