Жас ғалымдарға арналған семинар: тәжірибе мен білім алмасу
2025 жылғы 24 сәуір күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылыми мектебі аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, PhD, қауымдастырылған профессор Жандос Тауанов арнайы дәріс оқыды. Семинар университеттің докторанттары мен ізденуші жас ғалымдарына арналды.
Дәріс тақырыбы – «Ғылыми мақала жазу талаптары және ғылыми жетекші мен докторанттың міндеттері» – ғылыми зерттеу жолындағы жас мамандар үшін өзекті әрі практикалық маңызы зор бағыттарды қамтыды. Кездесу барысында ғылыми жетекшімен тиімді және кәсіби қарым-қатынас орнатудың негіздері, академиялық жазу ережелері, ғылыми мақаланың құрылымдық элементтері, плагиаттан сақтану жолдары, сондай-ақ ғылыми жобаларды басқару мен қаржыландыру мүмкіндіктері кеңінен қарастырылды.
Дәріс барысында қатысушылар мынадай дағдылар мен білімдермен танысты:
• Ғылыми жетекшімен академиялық серіктестік орнату жолдары;
• SMART мақсат қою және зерттеу бағытын жүйелеу;
• Google Scholar, PubMed, JSTOR сияқты веб-ресурстарды тиімді қолдану;
• Ғылыми мақаланың тезис, әдіс, нәтиже және қорытынды бөлімдерін құрылымдау;
• Gantt диаграммасы, Kanban тақтасы, WBS сияқты жобаны басқару құралдарын пайдалану;
• ҚР Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру жүйесі және TRL әдісімен танысу.
Бұл шара – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жас ғалымдар кеңесінің жас зерттеушілермен тәжірибе алмасуды, академиялық мәдениетті нығайтуды және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты кеңейтуді көздейтін стратегиялық жоспарының бір бөлігі болып табылады. Семинар соңында қатысушылар тарапынан белсенді сұрақтар қойылып, зерттеу жобаларын жазуда жіберілетін жиі қателіктер, ғылыми стиль және мақалаларды жоғары рейтингті журналдарға жолдау мәселелері талқыланды.
Білім мен тәжірибе бөлісу – ғылымдағы ілгерілеудің басты тетігі. Осындай кездесулер жас ғалымдардың сенімділігі мен кәсіби өсуіне серпін берері анық.
Басқа жаңалықтар
