ALMA-KIKA – «Сиверс алмасын сақтау және биоалуантүрлілік негізінде экологиялық білім беру мен ғылыми зерттеу жүйесін дамыту» іссапар 14-21 мамыр 2025 жыл Душанбе қ. (Тәжікстан), Ташкент қ. және Нукус қ. (Өзбекстан)Farabi University

ALMA-KIKA – «Сиверс алмасын сақтау және биоалуантүрлілік негізінде экологиялық білім беру мен ғылыми зерттеу жүйесін дамыту» іссапар 14-21 мамыр 2025 жыл Душанбе қ. (Тәжікстан), Ташкент қ. және Нукус қ. (Өзбекстан)

26 мамыр, 2025

Бұл іссапар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультеті жүзеге асырып жатқан халықаралық ALMA-KIKA жобасының ғылыми-білім беру күнтізбесіне сәйкес ұйымдастырылды. Аталған жоба Орталық Азия аймағындағы биоалуантүрлілік пен экожүйелік қызметтерді сақтау, әсіресе Сиверс алмасының (Malus sieversii) табиғи таралу аумақтарын қорғауға бағытталған. Іссапардың басты мақсаты - осы бағытта жүзеге асырылып жатқан зерттеулерді халықаралық ғылыми қауымдастықпен бөлісу және экологиялық білім беруді дамыту жолындағы тәжірибе алмасу болды.

16 мамыр 2025 жылы Тәжікстанның Душанбе қаласында «Биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтау – Германия мен Тәжікстан ынтымақтастығының әлеуеті» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясы мен Германияның NETSCI зерттеу ұйымы бірлесіп ұйымдастырды. Аталған конференцияға қатысушылар қатарында Германияның, Қазақстанның, Қырғызстанның және Тәжікстанның жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары болды.

ҚазҰУ делегациясы атынан профессор, география ғылымдарының кандидаты Алия Сагындыковна Актымбаева «Geoecological Education as a Tool for Preserving Biodiversity and Ecosystem Services» атты баяндама жасап,. Баяндама экологиялық білімнің заманауи мазмұны, гляциология, жерді қашықтықтан зондтау және экологиялық мониторинг құралдары арқылы экожүйелерді сақтаудың тиімді жолдары қамтылды.

«Activities within the ALMA-KIKA project. for July 2024 – May 2025 ALMA-KIKA» жобасы аясындағы білім беру, ғылыми зерттеулер және аймақтық тәжірибелерді таныстырды. Баяндаманың ерекше маңыздылығы – Сиверс алмасын сақтау ісіндегі ғылыми негізделген тәсілдер мен практикалық шешімдер ұсынылуында болды.

ALMA-KIKA халықаралық ғылыми жобасы аясындағы нәтижелерді шет елдік әріптестермен бөлісу, баяндамалар жасау, ғылыми-практикалық ұсыныстар ұсыну және экожүйелерді сақтау саласындағы өңірлік серіктестікті дамыту

17 мамыр 2025 жылы Ташкент қаласындағы Green University университетінде биоалуантүрлілікті сақтау мәселелеріне арналған тақырыптық ғылыми-эксперттік сессия өтті. Бұл кездесу Орталық Азиядағы экологиялық күн тәртібін қалыптастыруда жоғары оқу орындарының рөлін арттыруға бағытталған болатын. Сессияны ашқан профессор Маттиас Крамер (ТУ Дрезден, NETSCI) өз баяндамасында экожүйелердің қызметі мен биоалуантүрліліктің тұрақты даму стратегияларындағы маңызын атап өтті. Талқылау барысында климаттық өзгерістер жағдайында экожүйелік қызметтерді бағалау, агроэкология, генетикалық әртүрлілік пен жасыл білім беру құралдарын енгізу мәселелері қозғалды. Университет атынан өкіл қатысып, геоэкологиялық білім беру тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ Malus sieversii түрін сақтау бойынша Қазақстанда жүргізіліп жатқан зерттеулер нәтижелерін таныстырды. Сессия қорытындысында аймақтық университетаралық платформа құру қажеттігі туралы ұсыныс айтылды.

19 мамыр 2025 жылы Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінде (Өзбекстан) өткен «Биоалуантүрлілік пен экожүйені қорғау – Германия мен Өзбекстан ынтымақтастығының болашағы» атты халықаралық конференцияға қатысу іссапардың жалғасы болды. Бұл конференция өңірлік экожүйелерді қалпына келтіру, құрғақ аймақтардағы биоалуантүрлілікті сақтау және трансшекаралық серіктестік мәселелерін қозғады. Ресми ашылу сессиясында университет ректоры академик А.Реймов және Жоғарғы Кеңес өкілдері сөз сөйлеп, халықаралық ғылыми байланыстардың өзектілігін атап өтті.

20 мамыр 2025 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейт Түймебаев бастаған делегация Бердах атындағы ҚМУ-ға ресми сапармен келді. Делегацияны ҚМУ ректоры, академик А.Реймов бастаған университет әкімшілігі салтанатты түрде қарсы алды. Екі университет ректорлары кездесіп, екіжақты әріптестестікті дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыру және академиялық алмасу бағдарламаларын іске асыру мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысы ретінде білім мен ғылым саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында бірлескен ғылыми жобалар, профессор-оқытушылар мен студенттер алмасуы, халықаралық конференциялар мен форумдарды ұйымдастыру жоспарланды.

 

Конференция барысында ALMA-KIKA жобасы шеңберінде Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстар, атап айтқанда Сиверс алмасын отырғызу, экологиялық соқпақтарды картаға түсіру, далалық зерттеулер мен білім беру модульдері кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар Орталық Азиядағы генетикалық ресурстарды сақтау, экожүйелік қызметтерді бағалау және экотуризм арқылы биологиялық әртүрлілікті қорғау мәселелері бойынша ұсыныстар талқыланды. ҚазҰУ тарапынан ғылыми серіктестік және жазғы мектеп ұйымдастыру туралы ұсыныстар айтылды.

Аталған іссапар ҚазҰУ-дың халықаралық ғылыми аренадағы беделін арттырып, ALMA-KIKA жобасының нәтижелерін кеңінен таратуға мүмкіндік берді. Үш елде өткен үш түрлі форматтағы іс-шаралар Қазақстанның ғылыми тәжірибесіне үлкен қызығушылық танытты. ҚазҰУ-да жасалып жатқан ғылыми және білім беру жұмыстары Тәжікстан, Өзбекстан және Германия тарапынан жоғары бағаланды. Бұған қоса, конференциялар барысында жаңа серіктестермен байланыс орнап, жазғы мектеп, студенттік алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу жөнінде келіссөздер басталды.

Іссапар нәтижесінде жобаның келесі кезеңдерінде орындалуы тиіс нақты ұсыныстар әзірленді. Біріншіден, экожүйелік білім беру модельдерін Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстандағы ЖОО бағдарламаларына бейімдеу ұсынылады. Екіншіден, Сиверс алмасының таралу аймағын кеңінен зерттеу үшін трансшекаралық геоақпараттық база құру ұсынылды. Үшіншіден, ALMA-KIKA жобасы аясында Қазақстанда жазғы мектеп ұйымдастыру арқылы өңірлік студенттер мен жас ғалымдарға тәжірибе алмасу алаңын қамтамасыз ету қажет. Бұл ұсыныстар биологиялық әртүрлілікті сақтау, экологиялық сананы арттыру және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің тиімді жолы бола алады.

 

Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясының ресми әлеуметтік желісі

https://www.facebook.com/share/p/16TQKofNUx/

 

Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің ресми сайты

https://karsu.uz/ru/news/delegatsiia-kazakhskogo-natsionalnogo-universiteta-imeni-al-farabi-posetila-karakalpakskii-gosudarstvennyi-universitet-imeni-berdakha

https://karsu.uz/ru/news/v-kgu-proshla-mezhdunarodnaia-nauchno-prakticheskaia-konferentsiia-posviashchennaia-zashchite-bioraznoobraziia-i-ekosistemy-v-respublike-uzbekistan