Тәжірибе – тағылымның баспалдағыFarabi University

Тәжірибе – тағылымның баспалдағы

16 маусым, 2025

Кейде уақыт бізге елеусіз көрінетін сәттер арқылы өміріміздің ең мәнді тарауын жазады. Бірақ сол үндер бір арнаға тоғысып, сөздің киесін сезінуге бет алған сәтте бәрі өзгере бастайды. Бұл сапар – жай ғана өндірістік-тәжірбие емес еді. Бұл – рухани ұлылықты сезінуге жасалған тұңғыш қадам болатын.

Қазақ ұлттық университеті – ғылым мен өнердің алтын ұясы. Осы шаңырақтың журналистика факультетінің «Баспа ісі» мамандығы бойынша білім алып жүрген 3-курс студенттері – Мәді Мәдина, Керімтай Елназ, Карибжанова Ақберен, Смадиярова Гүлжайна, Қабатаева Томирис – «Атамұра» баспасының табалдырығын жүректерінде толқу, көңілдерінде үмітпен аттады. Бұл табалдырық – олар үшін тек ғимарат есігі емес, болашаққа ашылған құпиялы қақпа еді.

Студенттер қазақ және орыс бөлімдерінде:

          •         «Құқық негіздері» (9-сынып),

          •         «Биология» (7-сынып),

          •         «Қазақстан тарихы» мен оның хрестоматиялары (7–8 сынып),

          •         «Қоршаған ортамен таныстыру» әдістемесі мен дидактикалық құралдары сынды маңызды оқулықтармен жұмыс істеді.

Бұл жерде олар әр сөйлемнің артындағы салмақты, әр сөздің астарындағы мағынаны, әр тыныс белгінің тағдырын сезінді. Бір үтір – мазмұнның тынысы. Бір сөз – ұлттың үні. Осы ұлы миссияны жүректеріне тоқып, олар алғаш рет кітаптың ішкі әлеміне сапар шекті.

Тек кәсіби дағдылар ғана емес, бұл тәжірибе олардың бір біріне деген сенімдерін жақындастырды. Бірге түзетілген сөйлем, бірге ақылдасқан ой – достықтың шырағын тұтатып, сенімді биікке көтерді. Кейде мәтіндер арасынан беймәлім, тосын тіркестер шыға келіп, бәріміздің қабағымыз түйіліп:

«Мынадай сөз шынымен бар ма?» – деп, бірден сөздіктерге үңілдік. Сол сәттер – тек сөз іздеу ғана емес, білімге деген ортақ құштарлықтың көрінісі еді.

Әр сөйлемді түзете отырып, өзімізді де түзедік. Өзара тыңдауды, түсінуді, қолдауды үйрендік.

Біз бұл жерде кітап түзеткен жоқпыз – өз тағдырымызды, болашағымызды қалыптастырдық.

Әр редактор – ұстаз, әр бет – айна, әр қате – сабақ болды.

«Атамұра» – біздің рухани мектебімізге айналды. Біз енді кітапты тек парақ емес, жанды ағза ретінде көреміз. Себебі оның әр бетінде – ұстаздың ізі, редактордың жауапкершілігі, біз секілді жас жүректердің ыстық тынысы бар. Осы сәтті пайдаланып, қара шаңырақ Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұстаздарына, бізге сенім білдіріп, үлкен өмірге бағыттаған «Атамұра» ұжымына алғысымыз шексіз. Сіздер салған жолмен енді біз де өз сүрлеуімізді бастаймыз. Бұл тәжірибе – біздің жүрегімізде мәңгілікке жазылған алғашқы баспалық жолы.