АlgaВioТech – инновациялық зерттеулердің қайнар көзі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология және биотехнология факультетінің Биотехнология кафедрасы базасындағы AlgaBioTech Қазақ-Жапон-Қытай халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы – микробалдырлар мен цианобактериялардың биотехнологиялық әлеуетін зерттеп, қолданбалы зерттеулер жүргізуге бағытталған жетекші ғылыми орталық.
Экологиялық тұрақтылық пен тиімді ауыл шаруашылығын қамтамасыз ету жолындағы күрделі міндеттерді шешуде микробалдырлар мен цианобактериялардың биотехнологиялық мүмкіндіктерін оңтайлы пайдалану ерекше маңызға ие. Осы орайда, бұл орталық Қазастандағы биотехнология саласында бірегей ғылыми-зерттеу алаңы ретінде қалыптасып, микробалдырлар мен цианобактериялардың биотехнологиялық әлеуетін толыққанды пайдалануға бағытталған көптеген маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен 2025 жылы ашылған бұл орталықта фототрофты микроорганизмдер биотехнологиясы саласында көпжылдық тәжірибесі бар ғалымдар – Б.Заядан, Ә.Сәдуақасова, Д.Ақмұханова, Ф.Құдайбергенқызы, Д.Кирбаева, К.Болатхан, М.Бауенова және докторанттар мен магистранттар белсенді түрде зерттеу жұмыстарына тартылып, орталықтың ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асырады. Сондай-ақ AlgaBioTech ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын бірнеше гранттық жобалар аясында кешенді зерттеулер жүргізуде.

AlgaBioTech орталығының жетекшісі және негізін қалаушы, биология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Болатхан Қазыханұлының жетекшілігімен қолданбалы зерттеулерде пайдалану мақсатында микробалдырлар мен цианобактериялар коллекциясының биобанкін құру және олардың биотехнологиялық потенциалын зерттеу бағытында ғылыми жоба іске асырылуда. Бұл Қазақстанда теңдесі жоқ бастама фототрофты микроорганизмдердің генетикалық қорын сақтау мен оларды биотехнология және биоөндіріс салаларында тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта орталықта AlgaBioTech ғалымдары құрған микробалдырлар дақылдарының (ССKazNU) коллекциясы бар. Бұл коллекцияда Қазақстан Республикасының түрлі экожүйелерінен бөлініп алынған және шетелдік ғылыми орталықтардың коллекцияларынан енгізілген 60-тан астам микробалдыр мен цианобактерия штамдары сақталуда.

Орталықта б.ғ.к., Биотехнология кафедрасының профессор м.а. Нұрзия Ақмұханованың жетекшілігімен гранттық жоба аясында цианобактериялар мен микробалдырлардың пестицидтерді ыдыратудағы, топырақ құнарлылығын арттырудағы биотехнологиялық әлеуеті зерттеліп, осы зерттеулердің нәтижесінде пестицидтерге қатысты биодеградациялық белсенділігі бар микробалдырлар мен цианобактерияларды бөліп алу, іріктеу және оларды ластанған топырақты биоремедиациялау мақсатында тиімді қолдану технологиясы әзірленуде. Сонымен қатар б.ғ.к., профессор-зерттеуші Әсемгүл Сәдуақасованың жетекшілігімен бірнеше гранттық жоба жүзеге асырылуда. Зерттеу жұмыстары ауылшаруашылық өсімдіктерінің тұрақтылығын арттыратын және олардың өнімділігін көбейтетін альгобактериялық биологиялық препараттар өндіру технологиясын жасау мен жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ PhD, доцент Фариза Сәрсекееваның ғылыми жетекшілігімен цианобактерия штамдары негізінде ауыл шаруашылығында қолдануға арналған органикалық биотыңайтқыштар мен өсімдік өсімін реттейтін биостимуляторлар алу бағытындағы гранттық жоба жүзеге асырылуда. Фариза Құдайбергенқызының айтуынша, жоба аясында өсімдіктің өсуін ынталандыратын цианобактерияларға негізделген органикалық тыңайтқыш алу технологиясы әзірленіп, оның топырақ микроорганизмдерінің құрамы мен белсенділігіне, топырақтың құнарлылығы мен құрылымына, сондай-ақ топырақ экожүйелерінің тұрақтылығына әсері зерттелуде. PhD, доцент Кенжегүл Болатханның жетекшілігімен мұнай өнімдерімен ластанған ағынды суларды альго-цианобактериялық консорциумдар негізінде биоремедиациялау және оларды потенциалды биоотын өндіру мақсатында пайдалану технологиясын әзірлеу бағытында ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Бұл зерттеу барысында мұнаймен ластанған сулардың экожүйелік тепе-теңдігін қалпына келтіру, биодеградациялық қабілеті жоғары микроорганизмдерді іріктеу және олардың өзара симбиотикалық әсерін бағалау көзделген. Алынған нәтижелер экологиялық қауіпсіз биоэнергетикалық технологияларды дамытуға және өнеркәсіптік ағынды суларды тазалаудың тиімді биотехнологиялық әдістерін жетілдіруге мүмкіндік береді. PhD Меруерт Өмірбайқызының ғылыми жетекшілігімен суды фиторемедиациялау мақсатында тиімді су өсімдіктері мен микробалдырлар консорциумын қалыптастыру және сонымен қатар биоотын өндірісіне арналған қосымша шикізат алу бойынша ғылыми-техникалық негізін құру бағытында зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Жүргізіліп жатқан зерттеулердің нәтижелері ауыл шаруашылығында экологиялық тұрғыдан қауіпсіз технологияларды енгізуге, топырақтың құнарлылығын арттыруға және өсімдік өнімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге микробалдырлар мен цианобактериялардың биотехнологиялық әлеуетін тиімді пайдалану қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетіп, биоремедиациялық үдерістердің тиімділігін арттыруға негіз болуда. Бұл бағыттағы жобаларға жас ғалымдар мен ізденушілер белсенді түрде қатысып, заманауи биотехнологиялық әдістерді меңгеріп, өздерінің ғылыми құзыреттілігін арттыруда. Мұның барлығы орталықтың жоғары зерттеу деңгейі мен халықаралық беделін айқын көрсетеді.
Орталықтың негізгі халықаралық серіктестері қатарында биоинженерия және фотобиотехнология саласында жоғары әлеуетке ие Токио ғылыми университеті мен әлемдегі ең ірі фармацевтикалық компаниялардың бірі саналатын қытайлық Kelun фармацевтикалық корпорациясы бар. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық шеңберінде AlgaBioTech ғалымдары АҚШ, Жапония, Қытай, Чехия, Түркия, Ресей және басқа да елдердің жетекші ғылыми орталықтарымен, университеттерімен бірлескен жобаларды жүзеге асырып, тәжірибе алмасу мен білімді жетілдіруге үлкен мән береді. Мұндай ынтымақтастық орталықтың ғылыми зерттеулерінің сапасын арттырып, Қазақстанның биотехнологиялық әлеуетін әлемдік деңгейде танытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар AlgaBioTech орталығы жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық тағылымдамаларға қатысуын қолдап, оларға әлемдік ғылыми тәжірибеден өту мүмкіндігін ұсына отырып, жаңа буын ғалымдарын даярлайтын маңызды білім беру платформасына айналуда. Магистранттар мен PhD докторанттарына озық технологиялармен жұмыс істеу және маңыздылығы жоғары ғылыми зерттеулерге қатысу мүмкіндігі берілген. Бұл Қазақстанның биотехнология саласындағы кадрлық әлеуетін нығайтып, болашақта инновациялық зерттеулердің негізін қалыптастыруға ықпал етеді.
Гүлзат
НҰРМОЛДАҚЫЗЫ
Басқа жаңалықтар