ҒЫЛЫМДЫ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ АРҚЫЛЫ ДАМЫТАМЫЗ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың
"Алатау арайы" газетінде жарық көрген сұхбаты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі жоғары оқу орындарының ішінде тарихы терең, қалыптасқан өзіндік сүрлеуі бар қара шаңырақ саналады. Ұлт ұстаханасына айналған оқу ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Білім сапасы жайлы орта мектептерде ғана көп айтылады, ал жоғары оқу орнында қай деңгейде? «Қазақ ұлттық университеті және әлем» тақырыбында не айтуға болады? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректор, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ Алматы облыстық «Алатау арайы» газетіне арнайы сұхбат беріп, аймақ тұрғындарымен оқу ордасында атқарылған жұмыстар жайында сыр бөлісті.
– Жансейіт Қансейітұлы, қазіргі заман талабы мүлдем басқа. Барлық салаға көз ілеспес жылдамдықпен түрлі технологиялық жаңалықтар енгізілуде. Бүгінгі қоғам жыл, ай, күн емес, сағат сайын жаңаруды, жаңғыруды талап етеді. Бәріміз мақтан тұтатын ҚазҰУ бүгінгі заман үдесінен шығу үшін қандай шараларды қолға алды? Жалпы, оқу орны бәсекеге қабілетті ме, бәсекелестік бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Сауалыңызға рахмет! Тоқсан жылдан астам тарихы бар еліміздегі көшбасшы жоғары оқу орны, өзіңіз атап өткендей, бәріміз мақтан тұтатын ҚазҰУ бүгінде әлемдік үздік 200 университет қатарына енген. ҚазҰУ QS әлемдік рейтингінде 166, Азияда 29-орындарда тұр. Орталық Азия университеттері арасында алдыңғы қатардан түскен емес. ҚазҰУ студенттер үшін 120 мамандық бойынша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей университеттерімен қос диплом бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Оқу орны халықаралық байланыстарды, университеттік ғылымды, заманауи инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән береді.
Биылғы жаңа оқу жылында, қыркүйек айының басында екі бірдей жаңа зертхана ашылды. Біріншісі – Қытаймен бірлескен «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен робот техникасы орталығы. Екіншісі – BASF компаниясының тау-кен-металлургиялық саласын дамыту зертханасы. Сонымен қатар Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер ҚазҰУ-да орнатылды.
ҚазҰУ суперкомпьютерінің өнімділігі – 2000 терафлопс. Әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің бірі. Архитектурасы Intel және NVIDIA компанияларының процессорларынан құралған, қуаты ең заманауи дербес компьютерден 10 мың есе артық. Қазіргі қолданыстағы компьютерлердің ондаған жыл бойы орындайтын есептерін бір сағатта шешуге қабілетті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан қазақ тіліне арналған үлкен тілдік моделін (LLM) әзірлеуде де суперкомпьютердің қуаты мен мүмкіншілігі кеңінен пайдаланылуда.
Бүгінде Суперкомпьютер орталығы төрт бағытта серіктестік аясын кеңейтті. Атап айтқанда, олар – мемлекеттік мекемелер, оқу орындары, Алматы қаласының әкімдігі, «AI-Sana» бағдарламасы. Осы орайда Экология және табиғи ресурстар министрлігі ерекше қызығушылық танытып, суперкомпьютер мүмкіндіктерін пайдалануға кірісіп кетті. Сондай-ақ «Қазгидромет» мекемесімен жедел және неғұрлым дәл болжамдар жасау мақсатында бірлескен жұмыстар басталды. Жақын күндері ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлеумен айналысатын Дрон орталығын іске қосатын боламыз. Бұған дейін жаратылыстану, гуманитарлық және өзге де ғылыми бағыттарды қамтитын Ми институты құрылған болатын. Қазіргі таңда осы институтқа арнайы аудиториялар бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Миға диагностика жүргізіп, зерттеу үшін МРТ құралдары орнатылуда.
Былтыр университеттің 90 жылдығына орай, 30-дан астам зертхана бой көтерді. Жаңадан пайдалануға берілген Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығында университеттің ғылыми жобалары мен шетелдік компаниялардың орталықтары орналасқан. Оның жанында Өндірістік робототехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығы жұмыс істеп жатыр.
География және табиғатты пайдалану факультетінде «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы ашылды. Сонымен бірге «Қашықтықтан зондтау технологиясы және оларды қолдану» Қазақ-Қытай бірлескен зертханасы іске қосылды. Химия және химиялық технология факультетінде Farabi chem science кластері, Химиялық гальваникалық қаптамалар ғылыми-өндірістік орталығы іске қосылды.
Университет білім-ғылымға көңіл бөліп қана қоймай, оқытушылар мен студенттерге әлеуметтік қолдау жасауды да естен шығармайды. ҚазҰУ қалашығында студенттерге жасалған қолайлы жағдайлар жеткілікті. Бүгінге дейін оқу корпустарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жатақханалар жаңартылды. Асхана, кофеханалар желісі, баспа және көшірме орталығы ашылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі бекітілді. Бұл – оқытушыларымыз бен студенттеріміздің жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Қазіргі таңда жеті қабатты үш оқу корпусы мен үш жаңа жатақхананың құрылыс жұмыстары жүруде. Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы мен Спорт-сауықтыру кешені қайта жаңғыртылуда. Осындай игі істердің барлығы университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, білім сапасын көтеруге оң ықпалын тигізеді. Заман талабынан шығу үшін алдағы уақытта да осындай ауқымды жобаларды сәтімен жүзеге асырамыз деген ойдамыз.
– Бұрындары «Гуманитарлық бағытта жоғары білім алғың келсе, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға бар» деген жазылмаған тәмсіл болушы еді. Бүгінде бұл дәстүрді бұзған сияқтысыздар. ҚазҰУ-дың физикасы мен математикасы, химиясы мен биологиясы, географиясынан бөлек, медицинаға да баса мән берілгенін естіп жатырмыз. Медицина факультетінің ашылуы қаншалықты тиімді болды? ҚазҰУ-дың технологиялық мамандықтары бойынша кеңінен айтып өтсеңіз.
– Иә, ҚазҰУ білім беру аясын кеңейту мақсатында тек гуманитарлық және жаратылыстану бағытында ғана емес, медицина мен технологиялық салаларда да білім беруге ерекше мән беріп келеді. Бүгінгі таңда ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультетінде 4000-нан астам студент, оның ішінде әлемнің 41 елінен 1310 студент оқиды.
Халықаралық университеттердің озық тәжірибесі негізінде ашылған бұл факультет – әлемдегі медициналық факультеттер мен медициналық мектептердің қалыптасуы мен дамуының классикалық үлгісі. Гарвард, Кэмбридж, Стэндфорд сияқты озық университеттерде медициналық факультет немесе медициналық мектеп бар. Тіпті клиникалары да жұмыс істейді. Онда молекулалық биология, био және нанотехнология, биоинформатика, биофизика, биомедицина, жасанды интеллект жетістіктерін клиникалық практикаға енгізу мүмкіндігі мол. Бұл өз кезегінде білім алушылардың тәжірибесін жетілдіруге, медицина саласындағы ғылыми идеяларды іске асыруға жол ашады.
Ғылым, білім беру, медициналық практика мен инновацияның орталығы ретінде факультет беделді шетелдік университеттермен тығыз қарым-қатынас орнатып, танымал ғалымдарды арнайы дәріс оқытуға шақырады. Үнемі тәжірибе алмасып отырады, атап айтқанда, Канада, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Швеция, Сербия, Ресей және Литва мемлекеттерінің беделді университеттерінен шақыртылған профессорлар дәріс оқиды және бірлескен ғылыми жобаларға қатысады. Факультеттің ғалымдары гранттық қаржыландыру шеңберінде 10 ғылыми жоба, әлемнің жетекші университеттерімен бірге 4 халықаралық және 4 Erasmus жобасын орындап отыр.
Әлем елдерінде медицина саласын цифрландыру жүйесіне көшіру және жасанды интеллектіні медицинада қолдану қарқынды дамуда. Сол себепті «Медицинадағы жасанды интеллект» білім беру бағдарламасы бойынша ақпараттық технологиялар факультеті мен медицина және денсаулық сақтау факультеті бірлесе мамандар даярлап жатыр. Бұл өз кезегінде клиникалық медицинада Big Data және жасанды интеллект зертханаларын құруға мүмкіндік береді. Клиникалық жазбаларды, суреттерді, зертханалық нәтижелерді, геномдық деректерді және басқа да маңызды ақпаратты қамтитын медициналық деректерді жинау, сақтау және талдау жүйесін қалыптастырады. Сонымен қатар университеттің физика, математика, химия, биология және география бағыттары жаңартылып, заманауи технологиялық салалармен біріктірілуде. Мысалы, IT, робототехника, жасанды интеллект, биоинформатика және нанотехнология курстары студенттердің практикалық дағдыларын дамытады. Бұл бағыттардың интеграциясы университет түлектерін еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие, көпсалалы, кәсіби маман ретінде дайындауға септігін тигізеді. Медицина мен технологияның үйлесуі ҚазҰУ-ды көпсалалы, заманауи академиялық орталыққа айналдырады.
– Университеттің білім алушыларына бакалавриат, магистратура және докторантура – үш сатылы әлемдік жүйе бойынша дәріс беріледі. Соңғы уақытта ғылыми бағытқа назар аударылып, магистратура мен докторантураға ерекше көңіл бөлініп жатқанын көп естиміз. Оқу ордасында ғылыми институттармен бірлесіп магистр, PhD-ға көп орын бөлінетінін байқап жүрміз. Бұл болашақта бакалавриат деңгейінде оқыту мүлдем тоқтайды деген сөз емес пе?
– Жоқ, олай емес. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-зерттеу университеті бола отырып, үнемі ғылым мен инновациялық инфрақұрылымды дамытуға, өз ресурстарын жаңғыртуға және ғалымдар үшін әлеуметтік жағдайларды жақсартуға ұмтылады. Университетте 30 мыңнан аса студент оқиды. Олардың қатарында әлемнің 56 елінен келген 7 мыңнан астам шетелдік білім алушы бар.
Биылғы жаңа оқу жылына университетімізге барлық деңгейлер мен құрылымдық бөлімшелер бойынша 11 530 адам оқуға қабылданды. Соның ішінде 1-курсқа 6625 студент түсті. Бұған қосымша 1000-нан астам магистрант, 514 докторант ҚазҰУ-ға оқуға түсті және білім алушылар қатары 2500-ден астам шетелдік студенттермен толықты. Осы көрсеткіштерден байқағаныңыздай, университетте бакалавриат жүйесі негізгі білім алушылар контингентін құрайды.
ҚазҰУ-дағы білім беру жүйесі, жаңа өзіңіз айтып өткендей, үш сатылы: бакалавриат, магистратура және докторантура. Бұл жүйе студенттерге тек кәсіби біліктілік беріп қана қоймай, ғылыми ізденіс пен зерттеушілік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік сыйлайды. Бакалавриат деңгейі ешқашан тоқтамайды. Ол студенттердің негізгі білімін қалыптастырады, аналитикалық ойлау мен проблемаларды шешу қабілеттерін дамытады.
ҚазҰУ-дағы зерттеу орталықтары студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға, ғылыми инновацияларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл университеттің академиялық беделін көтеріп қана қоймай, студенттерді практикалық зерттеу тәжірибесімен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар университет жаңа технологиялық шешімдерді коммерцияландыру, стартаптарды қолдау және инновациялық экожүйені дамыту арқылы қоғамға нақты пайда әкелуде.
Сауалыңызда көтерілгендей, магистратура мен докторантура деңгейіне ерекше көңіл бөлінуі – университеттің ғылыми әлеуетін арттыру стратегиясының маңызды бір бөлігі. Осы деңгейдегі білім алушылар жетекшілерімен бірлесе отырып, ғылыми жобаларға, зертханалық жұмыстарға және халықаралық конференциялар мен стартаптарға қатысады. Бұл олардың академиялық тәжірибесін молайтып қана қоймай, университеттің зерттеу әлеуетін де күшейтеді. Бакалавриат деңгейі сабақ беруден тыс қалмайды, керісінше, зерттеу бағытындағы білімнің негізін қалап, болашақ ғылыми мамандарды даярлайды.
– Жауабыңызға рахмет. Келесі сұрағымыз еліміздің әр түкпіріне, тіпті шетелге де білікті мамандар даярлап, жылына мыңдаған жас маман ұшыратын осы бір қасиетті ордадағы оқытушы-профессорлардың құрамы жайлы болмақ. Көп жағдайда университетті бітірген жас мамандарға таудай талап қойып, атқара алмаса, сынап-мінеп жатамыз. Ал оларды оқытқан, жоғары білім берген оқытушылардың деңгейі қандай? Олардың оқыту әдіснамасы, методикасы, педагогтік шеберлігі жаңа дәуір талабына қаншалықты сай?
– ҚазҰУ-дағы профессорлық-оқытушылық құрам – еліміздің жетекші ғылыми қызметкерлерінен және халықаралық тәжірибеден өткен профессорлардан тұрады. Университет құрамында 16 факультет, 72 кафедра, 33 ғылыми орталық, екі ұжымдық зертхана және 140 оқу-зерттеу зертханасы бар. Онда ғылыми зерттеу жұмыстарын орындаудың жоғары сапасы мен тиімділігін жүзеге асыратын 2495 оқытушы-профессор табысты еңбек етіп жүр. Оның ішінде Ұлттық ғылым академиясының 11 академигі, 7 корреспондент-мүшесі, Жоғары мектеп ғылым академиясының 11 академигі бар. Сондай-ақ 33 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 603 ғылым докторы, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD жұмыс істейді.
Білім ордасында оқытушыларды бағалау және көтермелеу құралдары енгізілген, индикативтік жоспарлау жүйесі іске асады. «Жылдың үздік оқытушысы» республикалық байқауы жеңімпаздарының саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» төсбелгісі Қазақстанның 200 оқытушысына табысталды. Оның ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 36 оқытушысы жоғары марапатқа ие болды. Бұл – жалпы жеңімпаз оқытушылардың 24 пайызы. Әр жеңімпаз 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай ынталандыру сыйақысын алады.
Әрине, мұның бәрі – үлкен ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында келген көрсеткіштер. Оқытушы-профессорлық құрам биік межеден көріну үшін жыл бойы күні-түні жұмыс істейді. Қазір халықаралық рейтинг агенттіктерінің жоғары оқу орнына қойып отырған талабы жоғары, сондықтан үдеден шығу үшін ғалым-ұстаздар қауымы жан аямай жұмыс істеп, ғылыми зерттеумен айналысады. Шетелге шығып, тәжірибе алмасады. Дәріс оқиды. Соның нәтижесінде осындай жоғары жетістікке жетіп отырмыз.
Өткен жылы қазақстандық ғалымдар Scopus деректер базасында индекстелетін 9410 ғылыми жарияланым жариялады. Оның ішінде 1589 басылым Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі, бұл қазақстандық басылымдардың жалпы санының 16,8 пайызын құрайды.
– Университеттің оқытушылары халықаралық жобаларға қаншалықты белсенді қатысады? Олар қандай нәтижелерге қол жеткізіп жүр? Нақтылап атап өте аласыз ба?
– Оқытушылар мен студенттерді халықаралық ғылыми қызметке тарту – ҚазҰУ қызметінің басты бағыттарының бірі. Университет ғалымдары Horizon Europe, ERASMUS+, DAAD, OSCE, Америкалық білім беру және зерттеу орталығы, БҰҰ, ЮНЕСКО, Францияның Сефасиль қоры, Қытай ғылым академиясының халықаралық гранттары мен зерттеулеріне белсенді қатысады, жетекші шетелдік университеттер мен ғылыми орталықтардың гранттары бойынша ғылыми жұмыстар жүргізеді.
2024 жылы университет ғалымдары 402 ғылыми-зерттеу жобасын іске асырды. Оның ішінде 321 жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру шеңберінде орындалды және 17 жоба бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жолымен игерілді. Сондай-ақ 48 халықаралық жоба және 15 ұйым және кәсіпорынмен шаруашылық шарттар шеңберінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша бір жобаны «Ғылым қоры» АҚ іске асырды.
Биыл университет 562 білім беру бағдарламасын қабылдады. Олардың ішінде 149 бакалавриат, 285 магистратура және 128 докторантура бағдарламасы бар. ҚазҰУ-дың білім беру бағдарламалары қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге, еңбек нарығының талаптарына және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарына бейімделген. Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект, инженерия, энергетика, ядролық және уран өнеркәсібі, биотехнология және қолданбалы биофизика, экология, геология және сейсмология, халықаралық қатынастар, құқық және қоғамдық дипломатия, журналистика, лингвистика және филология, қаржы, экономика, бизнес-аналитика және менеджмент сияқты салаларда сұранысқа ие мамандарды даярлайды.
Биыл университет цифрлық дәуірдің сын-тегеуріндеріне жауап бере отырып, бірқатар жаңа инновациялық білім беру бағдарламасын енгізді. Олардың ішінде «Жасанды интеллект», «Бағдарламалық инженерия», «Әскери криптология», «Биомедициналық инженерия», «Қолданбалы биофизика», «IT-менеджмент», «Жер сілкінісі геологиясы» және басқа да тиімді бағыттар бар. Кейінгі жылдары ғалымдарымыз 300-ден астам халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен іргелі жобаларды орындады. Олардың ішінде ISTC, INTAS, TEMPUS, МАГАТЭ, НАТО бағдарламалары бар. Нақтылап өтер болсақ, ғылыми жетістігі бар оқытушылардың саны өте көп. Сондықтан, осылай топтап, жалпылама атап өткенім жөн шығар деп ойлаймын.
– Оксфорд, Кэмбридж, Гарвард, Стэнфорд сияқты үздік университеттердің атауын кез келген елде, кез келген тұрғын жақсы біліп жатады. Осындай сапаға әрі брендтік көрсеткішке жету үшін қандай шаралар қолға алынуы керек деп ойлайсыз? «ҚазҰУ және әлем» деген тақырыпта не айтар едіңіз?
– Қазіргі уақытта университет Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты өңірінің жоғары оқу орындары және ұйымдарымен, оның ішінде әлемнің жетекші университеттері және орталықтарымен 700-ден астам келісімді ойдағыдай жүзеге асырып жатыр. ҚазҰУ ЮНЕСКО, БҰҰ, Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымы (ICESCO), Еуропалық комиссия, DAAD, TEMPUS және ERASMUS+ сияқты халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастықта.
Екі жыл бұрын, 2022 жылы ҚазҰУ-да МИФИ ҰЯЗУ филиалының ашылуынан кейін ЖОО базасында Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды, онда бүгінгі таңда жасанды интеллект бойынша мамандар даярланады. Бүгінде ҚазҰУ-дың Бішкекте (Қырғызстан), Ыстамбұлда (Түркия) және Омбы мемлекеттік университеті (Ресей Федерациясы) базасында филиалдары табысты жұмыс істеп келеді.
Әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялана отырып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақстандық білім берудің танымалдылығын арттыра береді және білім беру қызметтерінің жетекші экспорттаушысы ретінде өз желісін кеңейтеді.
Халықаралық серіктестік заманауи зертханаларға, инновациялық платформалар мен гранттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді, осылайша университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын нығайтуда. Бұл қадам бағдарламалардың академиялық мазмұнын күшейтеді, студенттердің өзекті құзыреттерін қалыптастырады, беделді журналдарда ғалымдардың жарияланымдық белсенділігіне ықпал етеді және QS және Times Higher Education сияқты халықаралық рейтингтердегі университеттің позициясын нығайтады.
Әлемнің жетекші университеттерімен, қорларымен, ұйымдарымен және ғылыми орталықтарымен тиімді әріптестік бізге инновациялық әлеуетті дамытуға, халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуге, ғылыми идеяларды іске асыру және зерттеу нәтижелерін халықаралық деңгейде ілгерілету үшін қаржы ресурстарын тартуға мүмкіндік берді.
Соңғы жылдары университетіміз ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тартуды жандандыра бастады. Мәселен, Қытай Халық Республикасының гранты аясында 23,5 млн АҚШ доллоры көлемінде инвестиция тартылып, еліміздегі ең қуатты суперкомпьютерлердің бірі орнатылды. Қазақстан мен Қытай бірлесіп, Жерді қашықтан зондтау және пайдалану орталығын құруға 1 млн юань, яғни 140 мың доллар инвестиция, Гонконг университеті Орталық Азия тұрақты даму орталығын құруға 1 млн 750 мың АҚШ долларын бөлді. Бұл орталықтар Жерді қашықтан зондтау мәліметтерін пайдаланып, экологиялық мәселелер мен табиғи апаттарды зерттеумен айналысады.
Дүниежүзілік банктің 450 млн теңге инвестициясының арқасында өндірістік робот техникасы бойынша біліктілік орталығы бой көтерді. Ал «Huibo Robotics» компаниясы заманауи робот техникасы шеберханасын іске қосуға 250 мың доллар тұратын роботтарды сыйға тартты. Хайнань жерсеріктік мәліметтерін зерттеу және пайдалану орталығы спутниктік жерүсті станциясын құру үшін 3 млн доллар көлемінде демеушілік жасады. Сондай-ақ корейтану қоры 330 мың доллар көлемінде инвестициялық жоба тарту етті.
«Central Asia–German Institute for the Protection of Ecosystems and Biodiversity (CAGEB)» институтын құру және оның қызметін жүзеге асыру жөніндегі келісім аясында 2026 жылдан бастап 6 000 АҚШ доллары көлемінде қаржыландыру қарастырылған. Бұдан бөлек, ZTE Қазақстан компаниясы 31 млн теңге (шамамен 68,89 мың АҚШ доллары) көлемінде инвестиция құйды. LG Electronics компаниясы 17 млн теңге (шамамен 37,78 мың АҚШ доллары) көлемінде инвестиция, Қазақстан-Француз археозоологиялық Zoostan орталығына Франция Үкіметі 28,000 еуро (шамамен 29,960 АҚШ доллары) көлемінде инвестиция құйды. Жалпы алғанда, соңғы үш жыл ішінде ҚазҰУ қазынасына 29 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылды. Мұндай ынтымақтастық еліміздің ғылыми саласын дамытып, университеттің ғылыми және инновациялық әлеуетін арттыруға оң жағдай жасайды деп сенемін.
– Шетелдегі таңдаулы университеттер дегеннен шығады, дамыған елдерде жоғары оқу орындары өз алдына ғылыми зерттеу орталықтарына айналған. Мәселен, студенттері, магистранттары мен докторанттары жетекшілерімен бірлесіп, жаңа технология, жаңа бұйым, жаңа жоба ойлап тауып жатады. Оны сынақтан өткізіп, үнемі ізденісте жүреді. ҚазҰУ-да осындай өнертапқыштар бар ма? Жас ғалымдар жайлы айтып берсеңіз.
– XXI ғасыр – заманауи технология мен ғылыми прогрестің кезеңі. Әр ұлттың бәсекеге қабілеттілігі жас ұрпақтың білімімен, ғылыми әлеуетімен өлшенеді. Креативті идеялар мен жаңа бастамалардың қозғаушы күші де – жастар.Жаңа Қазақстан қоғамын қалыптастыруда мемлекет білікті, білімді жастарға үлкен сенім артып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік – маңызды құндылық. Өз кәсібін өте жақсы білетін еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен азаматтардың, әсіресе жастардың, көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. Жастар тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал. Әр азамат еліміздің қайда бет алғанын, ертеңіміз қандай болатынын білуі керек», – деп атап өтті.
ҚазҰУ-да Жас ғалымдар кеңесі нәтижелі жұмыс атқаруда. Жыл сайын «Фараби әлемі» халықаралық конференциясы, Жас ғалымдар форумы өткізіледі. «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» байқауын жариялап, университет деңгейінде үздік жас ғалымдарды анықтаймыз. Олардың ішінде 49-ы –Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» жобасының жеңімпаздары.
2022 жылдан бастап университетте «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру жобасы аясында постдокторантура жұмыс істейді.
Мемлекет қолдауының арқасында университет ғылымы дамып, жаңа жобаларға қаржылық гранттар бөлінуде. Ел Президентінің қамқорлығын әсіресе жас ғалымдар сезінді. ҚазҰУ-дың 14 жас ғалымы Қасым-Жомарт Кемелұлының атынан пәтер кілтін алып, тұрғын үй иелері атанды. Ғылымға қолайлы жағдай жасау ғалымдарды шабыттандырды және олардың ынта-жігерін оятты.
Ғылыми жобаларға қатысатын, нәтижелі жұмыс атқарып жүрген өнертапқыш жастарымыз көп. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің PhD-ы Дидар Садық қазіргі уақытта Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінде арнайы бағдарлама бойынша қазақ тілінен сабақ береді. Аталған бағдарлама ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оксфорд университеті арасындағы келісім аясында жүзеге асырылуда. Бұл докторантымыз қазіргі уақытта PhD бағдарламасы аясында «Қазақ тілін англофондарға шет тілі ретінде оқыту әдістемесін жетілдіру» тақырыбында ғылыми зерттеу жүргізуде. Сол сияқты Серік Хохлов – PhD, доцент. Жас ғалым ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде «Астрофизикадағы сандық талдау» зертханасын ашты. Жақында ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, PhD Анар Омарова «The Steppe» мультиплатформалы медиа ұйымдастырған Steppe Awards – 2025 сыйлығын жеңіп алды. Жас ғалым байқауға «Алматы ауасындағы PM 2.5-нің физика-химиялық қасиеттері мен биологиялық белсенділігін зерттеу: қоршаған орта қауіптерін бағалаудың кешенді әдісі» атты ғылыми жобасын ұсынған.
Жас ғалымдарымыздың жетістіктері туралы университетіміздің ресми сайты мен әлеуметтік желілерінде, республикалық, шетелдік ақпарат құралдарында жиі жарияланып тұрады.
– Соңғы сұрағымызды «Университеттің алға қойып отырған ең үлкен межесі қандай?» деп қояйық. Талапкерлерді университетке шақыру үшін не айтар едіңіз? Газет оқырмандарына, Алматы облысының тұрғындарына айтар ақ тілегіңіз бар ма?
– Әрине, айтар әңгімеміз де, тілегіміз де көп. Бүгінде жетекші елдерде суперкомпьютерлік технологиялар экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі құралға айналды. Оларды қолдану аясы ғылым мен білімді, өнеркәсіпті, денсаулық сақтауды, энергетиканы және қорғаныс саласын қамтиды. Бұл орасан зор есептеу қуатын және жоғары жылдамдықпен деректерді өңдеуді қажет ететін міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Біздің университеттің бір артықшылығы осында жатыр дер едім.
Мемлекет цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән беріп отыр. ҚазҰУ осы бағытта заманауи технологиялар мен жасанды интеллект негізінде білім беру бағдарламаларын жаңартып, студенттерді тек теориялық емес, тәжірибелік дағдылармен де қамтамасыз етуді қолға алды. Осы тұрғыда ҚазҰУ-дың басты миссиясы – елімізге және әлемге бәсекеге қабілетті, кәсіби, шығармашылық ойлай білетін мамандар даярлау. Университет тек білім беретін орын емес, сонымен қатар студенттерге ғылыми зерттеу, инновациялық жобалар, халықаралық тәжірибе жинау мүмкіндігін ұсынады.
Алматы облысының тұрғындарына айтарым, ҚазҰУ – жастардың мүмкіндіктеріне жол ашатын, жаңа ғылымды игеруге қолайлы орта қалыптастыратын, сапалы білім мен тәжірибе беретін академиялық орта. Талапкер жастарға біздің есігіміз әрдайым ашық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Қуаныш ТҰНҒАТАР
Басқа жаңалықтар