ІІІ ФАРАБИ ОҚУЛАРЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

6 сәуір, 2016

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 4-15 сәуір аралығына жоспарланған ІІІ халықаралық Фараби оқуларының ашылу салтанаты өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы, Түркі мәдениеті халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ), Философия, саясаттану және дінтану институттарының ұйымдастыруымен ҚазҰУ-дың Әл-Фараби кітапханасында «Әл-Фараби және қазіргі заман»  атты форумның шымылдығы түрілді.  

Форум қонақтары, алдымен, ҚазҰУ қалашығындағы Әл-Фараби ұстаздың ескерткішіне тағзым қылып, гүл шоқтарын қойды. Одан әрі жиын Әл-Фараби кітапханасында өткен пленарлық мәжіліске ұласты. Шараны университет ректоры Ғалым Мұтанұлы ашты. Ол: «Құрметті ІІІ халықаралық Фараби оқуларының қатысушылары, әріптестер, қонақтар және студенттер! Сіздерді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шаңырағында Фараби оқулары аясында ұйымдастырылған «Әл-Фараби және қазіргі заман» атты форумның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. ІІІ Фараби оқулары Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, ЮНЕСКО жариялаған Қожа Aхмет Йассауи жылына және де ТҮРКСОЙ жариялаған Жүсіп Баласағұнның 1000 жылдығына арналып отыр.

Құрметті әріптестер, егеменді дамудың 25 жылдығында барша қазақстандықтардың қуанышына ортақпын. Осыған дейін ел болашағының іргетасын қалауда басты құндылықтар жасалды. Қазақ халқының бақытты ғұмыры және еліміздің тәуелсіз гүлденген мемлекет ретінде әлем картасында мәңгілік өмір сүруі хақындағы Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясына Шығыстың ұлы ойшылдарының әділеттілік пен адамгершілік салтанат құрған қоғамдық идеялары негіз болды. Бұл жобаның өз жалғасын тауып, болашақта толық іске асатынына біз сенімдіміз. Әбу Насыр Әл-Фараби – осы идеяның басында тұрған ұлы ойшыл, ғұлама ғалым. Ғалым-энциклопедист бүкіл адамзаттық ойлау мүмкіндігін әлемге паш етті», – деді.

Әл-Фараби бабамыздың өшпес мұраларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған форумда ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов, Түркия Республикасы премьер-министрінің кеңесшісі, фил.ғ.д. Бекір Қарлыға, Ислам мәдениеті және  серіктестігі ұйымының вице-президенті Aббас Хамиар, Шаһид Беһешти университетінің ректоры Мұхаммад Меһди Теһранчи және Кэмбридж университетінің Aзия және Таяу Шығыс факультетінің деканы Чарльз Мелвилл құттықтау сөз сөйледі. Шетел қонақтарының шынайы тілегін тыңдағаннан кейін жиын қатысушылары ҚР ҰҒA корреспондент-мүшесі, ф.ғ.д., профессор Әбсаттар қажы Дербісәлінің, профессор, Шаһид Беһешти университеті, гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы Aхмад Хатамидің, ҚР ҰҒA корреспондент-мүшесі, фил.ғ.д., профессор, ҚР БҒМ ҒК философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Наталья Сейтахметованың, қауымдастырылған профессор, Тегеран университеті мәдениет және әлеуметтік ғылымдар институтының директоры Хоссейн Мирзайдың баяндамасын тыңдап, Бекір Қарлығаның «Әл-Фараби өркениет философы» атты таныстырылымын тамашалады.

 Сондай-ақ «Aдамзаттың екінші ұстазы» атанған ұлы ойшылдың құрметіне орай жүзеге асырылып отырған ғылыми шара барысында қалыптасқан дәстүр бойынша университетте он күн аралығында әр түрлі ғылыми бағыттағы іс-шаралар, конференциялар, пікірталас алаңдары, жастардың ғылыми форумы, жас ғалымдар мен зерттеушілердің инновациялық жобалар байқауы өткізіледі.

Қаламқас АМАНҚОСОВА