Жаңа мүмкіндіктер көкжиегі

7 сәуір, 2016

Қазақ білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осы аптада Кембридж университетінің (Ұлыбритания) Пембрук колледжінен, Түркия Республикасынан және Иран Ислам Республикасынан келген қонақтарды қарсы алды.

Үш жақты ресми кездесу барысында Түркі әлемінің мәдени құндылықтарын зерттеу, насихаттау мәселелері сөз болып, «Иран-Тұран» жобасына байланысты келіссөздер  жүргізілді.

Іс-сапар барысында қонақтар ҚазҰУ мұражайын аралап, университеттің жеткен жетістіктерімен, тарихымен танысты. «Сіздердің университеттің зор мүмкіндіктерін көріп, біз ҚазҰУ-ға осы аймақтағы Ирантану орталығын басқару құқығын тапсыруды ұсынып отырмыз. Бізде жақсы жыл көктемнен басталады дейді. Жаңа жылдағы игі бастамалар нәтижелі болсын», - деп Ислам мәдениеті мен байланыс ұйымының вице-президенті Аббас Хамиар жиналған қауымға өзінің ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Атап өтетін бір жайт Кембриджде Шахнаме орталығы жұмыс жасайды және университетте Парсы қолжазбаларының бірегей коллекциясы сақталған. Сондықтан «Иран-Тұран» жобасын Кембридж университетімен бірлесіп жүзеге асыру үш жаққа да тиімді.

 «Ертеде Түркістанды Тұран дескен,

Тұранда ер түрігім туып-өскен...», – деген ақын Мағжан Жұмабаев өлеңіндегі тармақтар бекер айтылмаса керек-ті. Бергісі түркішілдік, арғысы тұраншылдық идеясы кездесу нәтижесінде жаңа сатыға көтеріліп, дамудың даңғыл жолына бет алды.

Кембридж университетінің Азия және Таяу Шығыс факультеті деканы Чарльз Мелвилл Ұлыбританияда Түркі елдерінің тарихы мен мәдениетін зерттеу осыдан екі ғасыр бұрын қолға алынғандығын және оның  соңғы 15-20 жылда тоқтап қалғандығын тілге тиек етті. «Кембридж университетінде түркітану мамандарының тапшылығы сезіледі. Түркітануды дамытуды айта отырып, тілді меңгерудің маңыздылығын атап өту керек», – деді ол өз сөзінде. Тиімді келіссөздер қорытындысында алдағы уақытта Кембридж университетінде Түркітану мен ҚазҰУ-дың ғылыми орталығын ашу жоспарланды. Осы орайда ҚазҰУ-дың  Ирантану бөлімі мен Түріксой кафедрасының үлкен жобаларға бастамашылық жасап, жемісті жұмыс атқарып келе жатқанын атап өту керек.

 «Абу Насыр әл-Фараби кезінде Шығыс пен Батысты жақындастырған ғұлама ғалым болған. Бүгінде бұл ұлы миссияны әл-Фарабидің атын арқалаған әлемдегі жалғыз жоғары оқу орны жалғастырып отыр», – деді Түркия премьер министрінің бас кеңесшісі, БҰҰ Өркениеттер Альянсының Түркиядағы ұлттық үйлестіру комитетінің төрағасы Бекір Қарлыға. Түрік ғалымдары ҚазҰУ мен Кембридж университеттеріне түркітануға бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолдау көрсететіндіктерін жеткізді. Кездесу соңында жан-жақты келіссөздер нәтижесінде ынтымақтастық жөніндегі үш жақты хаттамаға қол қойылды.