Жұмекен Нәжімеденовтің редакторлық және баспагерлік қызметін танытқан шара
ТДМ-4 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай және Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған «Ж. Нәжімеденов – қаламгер, редактор, баспагер» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті.
Шараны журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы ашып, бүгінгі конференцияның ерекшелігі Жұмекен Нәжімеденовтің көпшілік біле бермейтін баспагерлік және редакторлық қызметін танытуға арналып отырғандығында екенін басып айтты.
Шараға ақынның қызы Саида Жұмекенқызы Нәжімеденова, күйеу баласы Самал Дәрібаев, профессор К.Қамзин, республикамызға танымал ақындар А.Ахметбек, Т.Көпбаевтар және доцент Cансызбай Мәдиев қатысып, Жұмекен Нәжімеденовтің қысқа өмірінің ішінде асқақ ақындығымен өз үнін естірте көзге түсіп, өшпейтін көркем туындылар қалдырған қазақтың айтулы тұлғасы екенін баса айтты. Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Ахмет Аққали Жұмекен Нәжімеденовтің 1993 жылы «Атырау» газетінде жарияланған күнделіктері туралы әңгімеледі.
«Қоғаммен байланыс» мамандығының студенттері Ж.Нәжімеденовтің редакторлық және баспагерлік қызметі туралы ғылыми баяндамалар жасап, бейнесюжеттер әзірлеген.
ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Орынтай Ошанова өз сөзінде бүгінгі шараның тұлғалы талантқа арналу себептерінің бірі - Жұмекен Нәжімеденовтің 2006 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы екендігінде болып отырғанын атап өтті.
Бүгінгі конференция университетте жас жұмекентанушылардың өсіп келе жатқанын танытып қана қоймай, жастарды отаншылдыққа және елім деп өткен тұлғаларды қастерлеп, олардың ерен еңбегін ұмытпауға үндеген шара болды.
ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы
Басқа жаңалықтар