Қазақпарат, Pavlodarnews

12 сәуір, 2016

Кембридж университетінде Түркітану ғылыми орталығы ашылады

Кембридж университетінде Түркітану ғылыми орталығы ашылады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. Үш жақты келіссөз барысында «Иран-Тұран» жобасы талқыланып, адағы уақытта Кембридж университетінде Түркітану мен ҚазҰУ-дың ғылыми орталығын ашу ұйғарылды.

Осыған орай, Түркиядан келген ғалымдар ҚазҰУ мен Кембридж университеттерінде түркітануға бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолдау көрсететіндіктерін білдірді. «Әбу Насыр әл-Фараби кезінде Шығыс пен Батысты жақындастырған ғұлама ғалым болған. Бүгінде бұл ұлы миссияны әл-Фарабидің атын арқалаған әлемдегі жалғыз жоғары оқу орны жалғастырып келеді», - деді Түркия Премьер-Министрінің бас кеңесшісі, БҰҰ Өркениеттер альянсының Түркиядағы ұлттық үйлестіру комитетінің төрағасы Бекір Қарлыға. Ал Кембридж университетінің Азия және Таяу Шығыс факультетінің деканы Чарльз Мелвилл Ұлыбританияда Түркі елдерінің тарихы мен мәдениетін зерттеу осыдан екі ғасыр бұрын қолға алынғандығын, бірақ соңғы 15-20 жылда тоқтап қалғандығын айтты. «Кембридж университетінде түркітану мамандары тапшы. Түркітануды дамытуды айта отырып, әсіресе тілді меңгерудің маңыздылығын атап өту керек», - деді ол өз сөзінде.

ҚазҰУ баспасөз қызметі хабарлағанындай, іс-сапар барысында шет елдік қонақтар ҚазҰУ мұражайын аралап, университеттің жеткен жетістіктерімен, тарихымен танысты. «Сіздердің университеттің зор мүмкіндіктерін көріп, біз ҚазҰУ-ға осы аймақтағы Ирантану орталығын басқару құқығын тапсыруды ұсынып отырмыз», - деді осыған орай Ислам мәдениеті мен байланыс ұйымының вице-президенті Аббас Хамиар. Айта кетелік, Кембридж университетінде Шахнаме орталығы жұмыс жасайды және мұнда Парсы қолжазбаларының бірегей топтамасы сақталған. Кездесу соңында ынтымақтастық жөнінде үш жақты хаттамаға қол қойылды.