Тұрақты даму мақсаттары аясындағы семинар: ТДМ 13 «Климаттың өзгеруімен күрес»
№208 мектеп-гимназиясымен жасалған екіжақты ынтымақтастық туралы меморандум аясында оқу-әдістемелік және тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар жүйелі әрі жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Аталған серіктестік білім алушылардың ғылыми дүниетанымын кеңейтуге, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және кәсіби бағдар беру жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Осы жоспарға сәйкес, 19 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультеті, «Физикалық химия, катализ және мұнайхимия» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы – доцент Жақсылықова Г.Ж., доцент м.а. Канапиева Ф.М. және доцент Супиева Ж.А. №208 мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушыларына арналған танымдық семинар өткізді.
Семинар барысында оқушылар Біріккен Ұлттар Ұйымының 17 Тұрақты даму мақсаты жөнінде жан-жақты ақпарат алып, соның ішінде «Жаһандық климаттық өзгеріс: себептері мен салдары» тақырыбына (ТДМ 13 – «Климаттың өзгеруімен күрес») ерекше назар аударылды. Университет оқытушылары климаттың өзгеруінің ғылыми негіздері, жаһандық жылынудың экожүйелер мен адамзатқа тигізетін әсері, сондай-ақ климаттық тәуекелдерді азайту жолдары туралы мазмұнды баяндамалар жасады.
Іс-шара барысында оқушылар тақырыпқа қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, климаттың өзгеру себептері мен салдарын түсінуге, оны бәсеңдетуге бағытталған заманауи ғылыми тәсілдер туралы нақты әрі негізделген жауаптар алды. Бұл өз кезегінде олардың экологиялық сауаттылығын арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті.
Сонымен қатар семинар кәсіби бағдар беру бағытымен ұштастырылып, оқушылар химия және химиялық технология саласындағы мамандықтар, факультеттің білім беру бағдарламалары, жоғары оқу орнында білім алу ерекшеліктері және болашақта ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысу мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет алды.
Іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен №208 мектеп-гимназиясының басшылығына, химия пәнінің мұғалімі, PhD Малимбаева З.Б. және мектептегі кәсіптік бағдар жұмысына жауапты ұстаз Абу А.А. шынайы алғыс білдірілді.
Мұндай мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор кездесулер оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға және болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға оң ықпал етеді. Алдағы уақытта бұл бірлескен іс-шаралар арнайы күнтізбелік жоспарға сәйкес жалғасын табатын болады.
Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының доценттері Жаксылыкова Г.Ж., Канапиева Ф.М., Супиева Ж.А.
Басқа жаңалықтар