Айқын

25 сәуір, 2016

Қарымды қаламгер. Көк найзалы ерің болса. Жол бастау қиын емес, Соңыңнан ерген елің болса. Бәрінен сөз бастау қиын. Тауып айтсаң мереке қылады, Таппай айтсаң келеке қылады.                                                                                  Досбол шешен.                                                                   Жазу столыма отырып, көп ойландым. Қолыма қаламымды алып, ақ парақтың бетін аударып, неден бастарымды білмедім.Толғандым, ойландым терең ойға баттым. Ойыма сонау онымен алғаш танысқан сәттерім түсе кетті. Бұл – 1972 жыл болатын.     Иә, осы жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, қойнымыз қуаныш пен бақытқа тола шақ еді. Аңсаған арманымызға қол жеткізіп, студент атанған сәт тұғын. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 50-ге жуық қыз-жігіттер бір арнада тоғысып, білім алдық. Сол студенттік шағымызды бірге өткізіп, қара нан мен қара шайымызды бөліскен досымыз - Мақұлбек Малдарбеков болатын. Иә, содан бері өмір-өзеннен қаншама су ақты, десеңізші! Қаншама көктем келіп, жазбенен қыс өтті.Бүгін енді соның бәрі артта қалғандай... Уақыт-ай!     Біз төрт жігіт Көктөбенің етегіндегі «дядя Миша» деген адамның үйінде пәтер жалдап тұрдық. Өйткені, факультетіміздің деканы Т. Қожакеев: – Сендер жақын облыстың студенттерісің, жағдайларың бар. Жатақхананы алыс облыстың балаларына беруіміз керек,- деген соң амалдың жоғынан төрт жігіт – Батық Мәжитұлы, Марат Әбдіқалықов, Мақұлбек Малдарбеков және мен тұрып жаттық. Ертеңгісін тұра салып, апыл-ғұпыл жуынып-шайынып, қара нан мен қара шайымызды іше сала сабағымызға қарай жүгіретін едік. Себебі, сабақтан кешіксең деканымыз Темкеңнің қаһарына ілігесің. Оған іліктің дегенше шәкіртақыңнан айрылдың дей бер. Тәртіп қатал. Сонда деймін-ау, біз үшеуміз сабақтан қалмайық деп асығып-аптығып жүрсек, Мақұлбек досымыз түк саспайды-ау, сабазың! Недеген салмақтылық, недеген сабырлылық! Көктөбеден жүгіре түсіп, «Арман» кинотеатрның қасынан тролейбусымызға отыра салып, Киров көшесінің бойындағы факультетімізге жетеміз-ау әйтеуір. Осылай бес жыл зұмырап өте шықты. Осы жылдар ішінде Мақұлбек досымыздың артық басқан жаман қылықтарын бір байқамаппыз. Қашанда өзіне талап қоя білетін, сабырлы да салмақты жігіт-тұғын. Сабаққа өте тыңғылықты дайындалатын. Жазуы өте әдемі. Себебі, екі жылдық әскери борышын Германияда өткізіп, келген ысылған азамат еді. Қолынан азды-көпті сурет салу өнері барын да байқатып жүрді. Біз со жылдары Гогольдің бойындағы ЖенПИ-ге жиі барып, құрбы-қыздармен сырласып, театрларға бірге баратынбыз. Сондағы бозбалалық бақытты шақтар-ай, деймін! Бәріне де үлгеруші едік.     Біздің курста қазақтың бір туар әншісі, марқұм Жәнібек Кәрменов бірге оқыды. Талантының тасып тұрған шағы. Сабақтан соң аудиторияда біздің тілектерімізді екі етпей ән салушы еді. Өнері қандай, дауысы қандай! Бәрімізді таң-тамаша ететін. Осы Жәнібек алғаш рет ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты аудиториямызға алып келіп, қолындағы «Аққулар ұйықтағанда» деген жыр кітабына бәріміз қолтаңба алғанымыз да есімізде. Сол бірге оқыған елу ұл-қыздардың ішінен өздерінің таланттарымен тасты жарып шыққан: бүгінде Мемлекеттік сыйлықтың иегері, талантты ақын Ұлықбек Есдәулетовті, Қазақстанның халық ақыны, Қонысбай Әбіловті, танымал тележурналист, «Қазақстан» респуликалық телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы болған Нұртілеу Иманғалиұлын, «Мұқағали» журналының Бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Батық Мәжитұлын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Қуандық Түменбайды, филология ғылымдарының докторы, жазушы Серікқали Байменшинді, танымал журналист Марат Әбдіқалықовті, жазушы Серік Жәнәбіловті, ақын Мылтықбай Ерімбетовтер мен және т. б. атауға болады. Олардың бәрі өз еңбектерімен талпынып алға шыққандар. Бүгінде алды зейнеткерлікке шығып, еліне еңбек етуде.      «Ұстазы бардың ұстамы бар», «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші журналистика факультетінің сол жылдардағы бізге дәріс берген қадірлі де аяулы ұстаздарымыз қандай адамдар еді. Олардың қатарында Мәлік Ғабдуллин, Қайыржан Бекхожин, Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Әбілфайыз Ыдырысовтардан дәріс алып, солардың айтқан ақылдары мен ұстаздық тәлім-тәрбиесі бір сәт көз алдымыздан кетпейді. Біздің Мақұлбек досымыз да ағалардан алған тәрбиесін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, журналистік мамандығын өзінің ақыл ойымен, парасаттылығымен дәлелдеп келе жатқан, қаламы жүйрік журналистер қатарынан көремін. Оны Мақұлбектің еңбек еткен өмір жолынан байқауға болады. Ол 1977 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, қолындағы жолдамасымен сол кездегі Талдықорған облысы, Кербұлақ аудандық «Кербұлақ жұлдызы» газетінде еңбек жолын бастаған болатын. Одан кейін өзінің туған жеріне оралып, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде журналистік жемісті жылдарын жалғастырды. Сол кездерде оның қаламынан көптеген айтулы мақалалар мен сұхбаттар газет бетінде жарияланып, оқырмандардың ілтипатына бөленіп жүрді. Журналистік қаламының қатайюына сол газетте 21-жыл бас редактор болған, облыстың құрметті ақсақалы Баттал Жанабаев былайша есіне алады: «Мақұлбекті журналистік айдынға алғаш аяқ басқанынан білем десем болады. Ол Жамбыл облыстық газетінде ондаған жылдар бойы қызмет етті. Қанаты сонда қатайды және де тез қатайды. Қаламы ұшқыр, алымды-шалымды журналистердің легіне лезде қосылып жүре берді. Оның мінезі, тәртібі адам қызығарлықтай болды. Біреумен сөзге келіп ренжіскенін көрген емеспін.»- деп ағынан жарылады қарт қаламгер. Расында айтса айтқандай, студенттік шағымыздың өзінде біреуімізбен ренжісіп сөзге келгенін көрген емеспіз. Ол да болса Мақұлбектің досқа деген ақ жүрегі мен адалдығы деп білемін.     Одан кейін Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде, облыстық «Қазақстан- Тараз» телеарнасында жауапты қызметтер атқарған. 2008 жылдан бері Жамбыл облыстық «Қазақстан-Тараз» радиосына басшылық етіп келді. Бүгінде пайғамбар жасына шығып, құрметті демалыста. Соның өзінде қаламын қолынан тастамай ел бірлігіне еселі еңбегін тигізіп жүрген азамат. Сол еткен еңбегі мен маңдай тері елеусіз қалған жоқ. Мемлекеттік тіл саясатын насихаттағаны үшін Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алғыс хатымен», облыстық мәслихат пен облыс әкімі Кәрім Көкрекбаевтың, республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ Басқарма төрайымының «Құрмет грамоталарымен» марапатталуы соның айғағы. Көптеген ұйымдастырылған республикалық байқаулардың бас жүлделеріне ие болған қарымды журналист. Және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Сонымен бірге «Қазақстанның Құрметті журналисті» деген абыройлы атаққа ие болды. Журналистік салада талмай еңбек ете жүріп Мақұлбек Малдарбеков қаламының қарымдылығын дәлелдеп «Әжемнің ақ батасы», «Әжемнің көк байрағы», жуық арада «Айтұмар» баспасынан жарық көрген «Ізгілік ілімі» атты кітаптарын ауыз толтырып айтуға болады. Яғни, Мақұлбек журналистік саланы жазушылық саламен ұштастыра білген азамат. Қаламгер бұл кітабында естеліктер, эсселер, арнау өлеңдер, ой толқындарымен ой бөлісіп, сыр шертеді. Кітапта суреттер де сөйлейді. Мақұлбектің өзі айтқандай: «Жігіттің түріне емес, тірлігіне қара; Азаматтың қызметіне емес, Ісінің ірілігіне қара» деп жалпы адам баласына үлкен ой салады. Тағы бірде: «Өмір деген көл екен,                     Жүзіп жүріп өтерсің.                     Дүние деген шөл екен,                     Еңбекпен зорға жетерсің.                     Алтыннан сарай салсаң да,                     Бәрін тастап кетерсің.                     Тіршілікте сыйлассаң,                     Мұратқа сонда жетерсің...» -дейді Мақұлбек. Өте орынды, әрі жүректегі сөз. Әрі қарай айта берсең Махаңның ой толқындары жалғасып кете береді. Бұл да болса қаламгердің біз білмейтін ашылмаған бір қыры мен бір сыры.     Махаң тек қызметіне ғана байыппен қараған жан емес, отбасы мен туған бауырларына да көңіл бөліп, ағалық қамқорлығын аямайтын азамат. Өзінен үлкен Ағабек ағасынан бастап, кіші інілері мен қарындастарына ізгілік нұрын шашып жүретін жан. Әсіресе Роза жары мен үш қыз өсіріп, немерелер сүйген ардақты әке. Бақыт деген осы емес пе?!           Жалпы, ойымды түйіндей келе, қаламы қарымды, ойы орамды, талабы таудай, Мақұлбек Малдарбековтің 40-жылғы шығармашылығына әлі де тұлпардай шабыс, таусылмас табыс, жігіттік намыс тілеймін.                                                 Сайлаубай Тойлыбаев, ақын.                               Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан                                Журналистер одағының мүшесі.