БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ АУҚЫМДЫ ӨЗГЕРІСТЕР
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың
"Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген мақаласы
Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі нәтижелерге тоқталып, алдағы кезеңге арналған стратегиялық басымдықтарды айқындады. Жиында экономикалық өсім көрсеткіштерімен қатар, заң шығару үдерісіндегі Құрылтайдың рөлі, мәдениет пен руханиятты жаңғырту, жастарды қолдау, ғылым мен цифрландыруды дамыту, сондай-ақ парламенттік реформаның негізгі бағыттары кеңінен қамтылды.
Президент алдағы парламенттік реформаның ауқымды саяси жаңғырудың өзегіне айналатынын жеткізді. Осыған байланысты Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекеттік механизмді жетілдіруге, билік тармақтарының өзара іс-қимылын нақтылауға, басқару шешімдерінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға арналғаны айтылды.
Осы орайда, бір палаталы Парламентке көшу қажеттігі негізделді. Бұл қадам заң шығару үдерісін жеделдетіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады. Қоғамның қарқынды дамуы мен цифрландыру жағдайында мемлекет заңнамалық тұрғыда өзгерістерге дер кезінде жауап беруі қажет. Сонымен қатар қазіргі жаһандық тұрақсыздық кезеңінде заң қабылдау рәсімдерін оңтайландыру, бюджет шығындарын қысқарту және заң шығару қызметінің ашықтығын күшейту ерекше маңызға ие.
Парламентті пропорционалды сайлау жүйесі негізінде қалыптастыру азаматтарды саяси партиялар арқылы қоғамдық-саяси өмірге кеңінен тартуға жол ашады. Бұл қоғамдағы саяси және құқықтық мәдениеттің артуына ықпал етеді. Әлемдік тәжірибе саяси партиялардың азаматтарды саяси жұмылдырудың негізгі институты екенін көрсетеді, ал партиялық қызметтен өткен депутаттар кәсіби әрі белсенді заң шығарушы ретінде қалыптасады.
Шетелдік тәжірибе де бір палаталы Парламент моделінің тиімділігін дәлелдейді. Әлем елдерінің шамамен үштен екісінде осындай парламенттік жүйе қолданылады. Мұндай модель бюрократиялық кедергілерді азайтып, қоғам сұраныстарына жедел жауап беруге мүмкіндік береді. Бұл құрылым еліміздің унитарлық мемлекеттік табиғатына толық сәйкес келеді.
Мемлекетімізде парламенттік реформаны жүзеге асыруға қажетті құқықтық негіз қалыптастырылған. Парламенттік оппозиция институтының енгізілуі, саяси партиялардың Парламентке өту шегінің 5 пайызға дейін төмендетілуі саяси бәсекелестікті күшейтіп, көппартиялық жүйені дамытуға бағытталған. Бұл өзгерістер «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген мемлекеттік басқарудың жаңартылған моделін қалыптастырады. Жоғары өкілді және заң шығарушы органның атауын «Құрылтай» деп өзгерту де терең рәміздік мәнге ие. Бұл атау Қазақ хандығы дәуірінен бастау алатын халықтық басқару дәстүрін жаңғыртып, Парламенттің қоғамдық беделін арттыруға қызмет етеді. Сонымен қатар Парламент құрылымын жаңғырту әрі депутаттардың өкілеттіктерін кеңейту оның тиімділігі мен жауапкершілігін күшейтеді.
Мемлекет басшысы Вице-президент институтын енгізу және Халық кеңесін құру бастамасын көтерді. Халық кеңесі жоғары консультативтік орган ретінде елдің әртүрлі әлеуметтік топтары мен өңірлерінің мүддесін қамтып, заң шығару бастамасы құқығына ие болмақ. Бұл қадам халық өкілдігінің рөлін арттырып, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған.

Конституцияның преамбуласына өзгерістер енгізу мемлекеттің қазіргі заманғы құндылықтары мен стратегиялық басымдықтарын айқындайды. Ал Вице-президент институтын енгізу мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын күшейтіп, Президент өкілеттіктерін іске асырудың тиімділігін арттыруға үлес қосады.
Президент сайлауына қатысты Конституция нормаларын нақтылау қажеттігіне де назар аударылды. Қолданыстағы Ата заңда Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда оның міндеттері уақытша Сенат төрағасына «қалған мерзімге» жүктелетіні көрсетілген. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Президент мерзімінен бұрын кеткен жағдайда екі ай ішінде кезектен тыс сайлау өткізу нормасын Конституцияда нақты бекітуді ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы конституциялық реформаның нәтижелеріне де тоқталды. Бұл реформа мемлекеттік институттарды жаңғыртып, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін күшейтуге бағытталды. Конституциялық соттың құрылуы, әкімшілік әділеттің енгізілуі, сайлау жүйесінің жаңартылуы және Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілуі – осы реформаның нақты нәтижелері.
Мемлекет басшысы геосаяси ахуалдың шиеленісуі жағдайында сыртқы экономикалық бағытқа қатысты қағидатты ұстанымды да айқындады. Еліміз экономикалық интеграция бағытына берік екенін растай отырып, әріптестік қатынастардың әділ әрі теңқұқылы сипатта болуын басты шарт ретінде атап өтті.
Еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалығы аясында өзекті күн тәртібі ұсынылды. Онда жасанды интеллект пен заманауи технологияларды енгізуге басымдық беріліп, бұл бірлестіктің жалпы тиімділігін арттыруға қызмет етуі тиіс екені, ал жаңа бюрократиялық кедергілер туындатпау қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар сауда кедергілерін жою басым міндет ретінде белгіленді. Әріптес елдерден келетін субсидияланатын импорттың қысымымен отандық азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындарының өндірісті қысқартуға мәжбүр болуы жол беруге болмайтын жағдай ретінде бағаланды. Бұл мәселе тек коммерциялық қатынастар аясынан шығып, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты екені айтылды.
Үкіметке белсенді әрі дәлелді әрекет ету қажеттігі бойынша нақты міндет қойылды. Әріптестермен өзара ашықтықты сақтай отырып, ұлттық бизнестің мүдделерін табанды түрде қорғау үшін ұтымды теңгерім табу қажет. Тек прагматикалық ұстаным мен өз нарықтарын қорғай білу қабілеті ғана отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, интеграцияны мәселе емес, дамудың тиімді тетігіне айналдыра алады.
Президент қазіргі әлем күрделі өзгерістер кезеңіне аяқ басқанын тілге тиек етті. Халықаралық құқық нормалары әлсіреп, мемлекеттер арасындағы сенім дағдарысы күшейіп келеді, әскери шығындар рекордтық деңгейде өсіп жатыр. Осындай жағдайда сыртқы саясаттың маңызы айрықша артып, ол барынша салмақты, кәсіби және ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерді қорғауға бағытталғаны жөн. Өйткені дипломатиялық қателіктің құны орны толмас салдарға әкелуі мүмкін.
Мемлекет басшысы еліміз үшін дипломатия – қақтығысқа бастайтын жол емес, келісім мен ымыра табудың баламасыз құралы екеніне ерекше тоқталды. Авраам келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылданды. Аталған ынтымақтастық Таяу Шығыста бейбітшілікті нығайтуға бағытталған дипломатиялық жаңашылдық әрі нақты үлес ретінде қарастырылады. Әлемдік діндерге ортақ құндылықтарға негізделген бұл бастаманың рәміздік мәні Қазақстанның өркениеттер диалогі мен конфессияаралық келісімді қолдау саясатына толық сәйкес келеді және елдің халықаралық беделін арттыра түседі.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жауапты «орта держава» ретіндегі мәртебесін тағы да растады. Елдің сыртқы саясаты әрдайым байыпты әрі әділетті ұстанымдарға негізделіп келеді. Оның басты мақсаты – мемлекеттің аумақтық тұтастығын, қауіпсіздігін және егемендігін қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысы шынайы патриотизм ел тарихын білумен, мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезінумен және қоғамға пайдалы болуға ұмтылумен өлшенетінін алға тартты. Оның айтуынша, Отанға деген сүйіспеншілік ұрандармен емес, адал еңбекпен, заңға құрметпен және туған жерге жанашырлықпен көрінуі міндет. Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын патриотизмнің күнделікті өмірдегі нақты көрінісі ретінде атап өтті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне тоқталды. Бұл бағыттағы саясат пиар немесе сән емес, нақты нәтиже талап ететін стратегиялық міндет екенін жеткізді. Егер басқару жүйесінде тәртіп орнамаса, артық бюрократия сақталса, технологиялар өздігінен тиімділік әкелмейді. Сондықтан цифрлық трансформацияның ең алдымен басқару мәдениетін жаңғыртудан басталуы маңызды.
Президент аталған өзгерістердің ауқымы жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар екенін айтып, арнайы Конституциялық комиссия құрылатынын мәлімдеді. Комиссия құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, заңгерлер, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен өңірлік мәслихат басшылары енеді. Оның жұмысы нәтижесінде нақты түзетулер пакеті әзірленіп, референдум өткізу мерзімі белгіленбек.
Қорытындылай келе айтарымыз, Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстар елдің саяси-әлеуметтік дамуының алдағы бағытын айқындады. Ал парламенттік реформа мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың шешуші тетігіне айналмақ. Ең бастысы, бұл реформалар сөз жүзінде қалмай, нақты нәтижелер арқылы өлшеніп, қоғам күткен өзгерістерге жол ашуға тиіс.
Басқа жаңалықтар