ҚазҰУ-да «Судья» кітабы таныстырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әділет полковнигі, отставкадағы судья Советхан Сәкенұлының «Судья» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының отставкадағы судьялары, Алматы қалалық сотының өкілдері, белгілі жазушы-журналистер, заң факультетінің оқытушы-профессорлары мен болашақ заңгер студенттер қатысты.

Айтулы шарада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров құттықтау сөз сөйлеп, кітаптың мазмұны мен маңызына арнайы тоқталды. «Бұл еңбек бір адамның кәсіби жолының шежіресі ғана емес, сот билігінің ішкі философиясын, судья мамандығының айрықша жауапкершілігін ашып көрсететін маңызды туынды. Автордың көпжылдық судьялық тәжірибесіне сүйене отырып жазылған ой-толғамдар оқырманды сот төрелігінің сыртқы рәсімдерінен гөрі оның ішкі мәніне, адам тағдырымен тікелей байланысына жетелейді», – деді проректор.

Жиында заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов сөз алып, Советхан Сәкенұлының осы факультеттің түлегі екенін атап өтті. Ол «Судья» кітабы болашақ заңгерлер үшін тәжірибелік әрі танымдық маңызы зор, кәсіби бағдар беретін құнды құрал екенін жеткізді.
Кітап таныстырылымының модераторы ҚазҰУ-дың заң факультеті Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы Сабыржан Жапақов болды.

Тұсаукесер рәсімінде Жоғарғы соттың отставкадағы судьялары – Әділ Құрықбаев, Серіккелді Абдрахманов, ҚР Судьялар одағының Алматы қалалық соты филиалы жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлжахан Мәдиқызы, Алматы облыстық сотының судьясы Ербол Құтпанбаев сынды сот саласының мамандары сөз сөйлеп, автордың құқықтық жүйені дамытуға, сот билігінің тәуелсіздігі және заң үстемдігін нығайтуға қосқан үлесін айрықша атап өтті.

Сондай-ақ белгілі журналистер Қалбай Әділ мен Жүніс Ормашұлы, «Заң» медиакорпорациясының директоры Досымбек Өтеғалиев, «Заң» газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева кітап туралы өз пікірлерін білдіріп, автор еңбегінің сот саласындағы рухани құндылықтарды дәріптеудегі рөліне ерекше тоқталды.

Кітапта қазақстандық сот жүйесінің қалыптасу кезеңдері, судья қызметінің күрделілігі мен жауапкершілігі жан-жақты қамтылған. Автор судьялық тәжірибесінде өзі қараған ең резонансты істердің бірі – «Қорғас ісі» жөніндегі естелігі мен ой-түйіндерін оқырман назарына ұсынады. Сонымен бірге әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалары мен сұхбаттары да жинаққа енгізілген.

Іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті мен «Заң» медиакорпорациясы» бірлесіп ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар