- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ЖОБАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ПРОФЕССОР-ОҚЫТУШЫЛАР ҚҰРАМЫНЫҢ ПІКІРІ
ЖАҢАРУ КЕЗЕҢІ: ҚОҒАМ СҰРАНЫСЫНА САЙ КОНСТИТУЦИЯ

Қоғам өзгерген сайын мемлекеттің негізгі ережелері де заман талабына сай жаңарып отыруы керек. Конституцияға өзгерістер енгізу — жай ғана құқықтық түзету емес, бұл елдің болашақ даму бағытын айқындайтын, басқару мәдениетін жаңғыртатын және қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтатын маңызды кезең.
Бүгінгі жағдайда мұндай өзгерістердің қажеттілігі бірнеше фактордың тоғысуымен байланысты: қоғамның сұранысы күрделенді, азаматтардың күтуі өсті, мемлекеттік институттарға қойылатын талап күшейді, ал әлемдік және өңірлік тұрақсыздық жағдайында ішкі бірлік пен құқықтық жүйенің беріктігі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Сондықтан жаңарту үдерісі — еліміздің ұзақмерзімді тұрақтылығы мен әділетті дамуына бағытталған қадам.
Ең бастысы — бұл өзгерістердің легитимдігі мен сапасы. Сол үшін ашық талқылау, кәсіби сараптама, қоғамның әртүрлі топтарының пікірін ескеру және ортақ жауапкершілік қағидаты ерекше мәнге ие. Конституциялық жаңару — баршамызға ортақ іс, ал оның нәтижесі елдің ертеңгі өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Тимур Иманқұлов,
Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің деканы
ЗАМАНАУИ МЕМЛЕКЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия әзірлеген жаңа Негізгі заң жобасы қоғамның кең қатысуымен және ашық талқылаулар негізінде дайындалды. Құжатты әзірлеу барысында азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың пікірлері мен ұсыныстары ескерілді.
Ұсынылып отырған жоба елдің құқықтық және саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Оның басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде алғаш рет Конституцияның Преамбуласында айқын бекітілуі. Бұл қағидат бүкіл Конституцияның мазмұндық өзегіне айналып отыр.
Жаңа редакцияда егемендік, тәуелсіздік, унитарлық мемлекет сипаты және аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар ретінде белгіленген. Сонымен қатар әділеттілік, заң және тәртіп, қоғамдық келісім, табиғатқа жауапкершілікпен қарау секілді қағидаттар конституциялық деңгейге көтерілді.
Құжатта азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, оның ішінде цифрлық ортадағы құқықтарды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Білім, ғылым, мәдениет және инновацияларды дамыту мемлекеттің болашағын айқындайтын негізгі факторлар ретінде көрсетіледі.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы адамға бағдарланған, әділетті және заманауи мемлекет қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Қоғамдық талқылау кезеңі бұл құжаттың шын мәнінде елдің ортақ келісімінің нәтижесіне айналуына мүмкіндік береді.
Жұлдыз САЙРАМБАЕВА,
халықаралық қатынастар факультетінің деканы
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯ РӨЛІ ЕРЕКШЕ

Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу – мемлекеттің құқықтық жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі. Осы үдерісте Конституциялық комиссия ерекше рөл атқарады.
Конституциялық комиссияның қызметі – құқықтық мемлекет пен демократиялық дамудың берік негізін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Конституциялық комиссияның 30 қаңтардағы отырысында жаңа Конституция преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұратыны, преамбуласы толығымен жаңарғаны айтылды.
«Мемлекет қызметтің стратегиялық бағыты ретінде адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға» ерекше көңіл бөліп отыр. Конституциялық құрылыстың негіздері деген бірінші бөлімде мемлекеттің ұйымдастыруын, егемендігі мен дербестігін айқындайтын іргелі ережелер қарастырылды. Бұған қоса, жаңа Конституцияда «егемендік халыққа тиесілі» деп бекітіледі. Референдум өткізу бастамасы парламенттен алынып, Халық кеңесіне берілетін болды.
Қазақстан Республикасының Ата заңының тұжырымдамалық өзгерістері мемлекеттің адамға бағдарланған сипатын күшейтуге, қазақстандық қоғамның өзекті құндылықтары мен қағидаттарын көрсетуге, сондай-ақ саяси институттар құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған. Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі егемендіктің иесі – Қазақстан халқы. Сондықтан әр азамат осындай ауқымды реформаларда оған бей-жай қарамауы керек деп санаймыз.
Сәулегүл Ермұхаметова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының профессор ассистенті
АДАМНЫҢ НЕГІЗГІ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

Қазақстанда жаңа Конституция жарияланып, елдің саяси жүйесінде маңызды бетбұрыс жасалды. Бұл өзгерістер «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған нақты қадам ретінде бағаланады. Қазақстанда жүргізілген Конституциялық реформалар елдің саяси жүйесіне бірқатар жаңа институционалдық құрылымдар әкелді. Солардың бірі – Құрылтай. Ол – қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтатын, ұлттық мүдде мен қоғамдық пікірді билікке жеткізетін кеңесші орган. Ол қоғамдық келісім, ұлттық бірлік, идеологиялық бағыттарды талқылайтын алаң ретінде қызмет атқарады.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы кеңесінің (бұрынғы Қазақстан халқы Ассамблеясының) саяси салмағы сақталып, этносаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды институт ретінде қала берді. Бұл құрылым қоғамдық татулықты нығайтудың басты тетігі болып отыр. Ал қоғамда жиі айтылатын вице-президент лауазымы жаңа Конституцияда енгізілді.
Жалпы, жаңа құрылымдар мен реформалар биліктің ашықтығын арттыруға, қоғамның шешім қабылдау процесіне қатысуын күшейтуге және саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған.
Жарияланған жаңа Конституция жобасының Преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды. Бұл идея Конституцияның бүкіл мәтінінде көрініс табады. Конституцияның «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімінің нормаларын әзірлеу кезінде адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Қазақстан тарапынан ратификацияланған халықаралық пактілер мен басқа да жалпыға бірдей танылған халықаралық құжаттардың талаптары барынша ескерілді. Соның нәтижесінде адам мен азаматтың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны толықтырылып, олардың жаңа қырлары ашылды. Олардың іске асырылуы мен қорғалуына берілген кепілдіктер айтарлықтай нығайтылды.
Жаңа Конституцияда адамның негізгі құқықтарын қорғауға басымдық берілген. Мысалы, өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесі» бекітілген. Сонымен қатар, жоба сөз бостандығы, ғылыми, техникалық және шығармашылық еркіндік, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау мәселелерін қамтиды. Бұдан бөлек, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған. Мәселен, дін мен мемлекеттің бөліну қағидаты бекітілген. Рухани және діни оқу білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты жарияланады, Және неке – ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы деген ереже енгізілген. Бұл көзқарас әйелдердің құқықтарын қорғауды және дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Конституция жобасы – жарты жыл бойы атақты заңгерлердің, сарапшылар қауымдастығы мен депутаттардың атқарған қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ата заңға енгізілген ұсыныстар барлық бөлімдерді және 77 бапты қамтыды, яғни мәтіннің 84%-ын құрайды.
Иманбай Жұбай,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
журналистика факультетінің аға оқытушысы
КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДАҒЫ БАСТЫ ҰСЫНЫСТАР

Қазіргі таңда конституциялық реформалар мәселесі қоғам өміріндегі ең маңызды әрі жауапты тақырыптардың біріне айналып отыр. Бұл реформалар – тек заң мәтінін өзгерту емес, бұл мемлекеттің даму бағытын, азамат пен билік арасындағы қатынасты қайта қарау үдерісі. Конституция – елдің саяси, құқықтық және моральдық негізін қалыптастыратын басты құжат болғандықтан, оған енгізілетін әрбір өзгеріс бүкіл қоғамның тағдырына тікелей әсер етеді.
Мен бұл реформаларды заман талабынан туындаған қажеттілік деп есептеймін. Қоғам дамып, азаматтардың саяси санасы өсіп жатқан кезде, ескі басқару тетіктері жаңа сұраныстарға жауап бере алмай қалуы мүмкін. Сондықтан Конституцияның жаңартылуы – табиғи әрі заңды құбылыс.
Мен үшін ұсынылып отырған реформалардың ішіндегі ең маңыздысы – адам құқығы мен бостандығының басымдыққа ие болуы. Кез келген демократиялық мемлекет үшін азамат – ең жоғары құндылық. Егер Конституцияда адамның құқығы нақты әрі түсінікті түрде бекітілсе, ол азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырады деп ойлаймын.
Сонымен қатар, мен әділ сот жүйесін нығайтуға бағытталған ұсыныстарды қолдаймын. Себебі заң үстемдігі орнамаған жерде әділдік болмайды. Егер сот тәуелсіз әрі әділ жұмыс істесе, азамат өз құқығын қорғаудан қорықпайды, ал бұл өз кезегінде қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Тағы бір маңызды бағыт – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту. Менің ойымша, биліктің бір қолда шоғырлануы қоғам үшін әрдайым қауіпті. Сондықтан парламенттің рөлін арттыру, жергілікті билік органдарына көбірек өкілеттік беру – өте орынды қадам. Бұл азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.
Конституциялық реформалардың қоғамда кеңінен талқыланып жатқаны мені қуантады. Бұл – халықтың саяси белсенділігінің артқанын көрсететін белгі. Менің байқауымша, бүгінде адамдар Конституция мәселесіне бейжай қарамай, өз пікірін ашық айтуға ұмтыла бастады.
Менің азаматтық ұстанымым
Мен тарапымнан алғанда, конституциялық реформалар елдегі азаматтық жауапкершілікті арттыруы тиіс. Егер әрбір адам өз пікірінің маңызды екенін сезінсе, ол мемлекет тағдырына бейжай қарамайды. Бұл – саналы қоғам қалыптастырудың басты шарты.
Мен бұл реформалар арқылы:
• азаматтардың құқықтары нақты қорғалатын,
• билік халыққа есеп беретін,
• заң бәріне бірдей қолданылатын қоғам қалыптасады деп үміттенемін.
Сонымен бірге, мен реформалардың тек саяси элитаның емес, қарапайым халықтың да мүддесіне қызмет етуін қалаймын. Себебі Конституция – баршаға ортақ құжат.
Қорытындылай келе, менің көзқарасым бойынша, конституциялық реформалар – бұл мемлекетті жаңғыртудың маңызды кезеңі. Ол қоғамның саяси мәдениетін көтеріп, билік пен халық арасындағы сенімді нығайтуы тиіс. Бірақ бұл үшін реформалар ашықтықпен, әділдікпен және шынайы қоғамдық қатысумен жүзеге асуы қажет.
Мен өзімді осы қоғамның бір мүшесі ретінде сезіне отырып, конституциялық реформаларға белсенді көзқарас таныту әрбір азаматтың парызы деп есептеймін. Себебі бүгін қабылданған шешімдер ертеңгі күннің негізін қалайды.
Нұрболат ЖЕКСЕНБАЕВ, т.ғ.к.
Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы
«БІЛІМ ЭКОНОМИКАСЫ» - БАРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ НЕГІЗІ ЖӘНЕ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында қаралып, Конституцияның жаңа жобасы ұсынылды. Оны дайындау кезінде кейінгі жарты жылға жуық уақытта азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, саяси партиялар мен сарапшылардан келіп түскен ұсыныстар, сондай-ақ комиссия мүшелерінің пікірлері, ескертулері мен ұсынымдары ескерілген. Адам капиталын, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде танылғанын атап өтуге болады. Конституцияның «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімінің нормаларын әзірлеу кезінде адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы,
Қазақстан тарапынан ратификацияланған халықаралық пактілер мен басқа да жалпыға бірдей танылған халықаралық құжаттардың талаптары барынша ескерілді. Соның нәтижесінде адам мен азаматтың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұны толықтырылып, олардың жаңа қырлары ашылды. Олардың іске асырылуы мен қорғалуына берілген кепілдіктер айтарлықтай нығайтылды. Жаңа Конституцияда адамның негізгі құқықтарын қорғауға басымдық берілген. Мысалы, өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесі» бекітілген. Жаңа Конституция кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Жылдам өзгеріп жатқан әлемде – күнделікті технологиялық жетістіктер бүкіл планетаның келешек өмір сүру парадигмасын өзгертіп жатқан шақта негізгі ресурс минералдар емес, адам екені анық.
Бүгінде «білім экономикасы» деп аталатын жаңа ұғым барлық өзгерістердің негізі және қозғаушы күші. Осы тұрғыда Конституцияда адами капиталдың дамуына бағытталған саясатты бекіту Қазақстанды әлемдік сахнада алдыңғы қатарға шығуға және дамыған елдер арасында өз орнын алуға мүмкіндік береді. Ғылымның дамуы технологиялық прогреске қуатты серпін беріп, жаңа нарықтар қалыптастырады, капитал тартады, сәйкесінше халықтың жалпы әл-ауқатын арттырады. Ата заңның жобасында еліміздің мемлекеттік ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер қарастырылды. Конституцияның Преамбуласы толығымен жаңарды. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты.
Супуғалиева Гүлназым Исламқызы,
«Қаржы және есеп»кафедрасының аға оқытушысы
ХАЛЫҚТЫҢ ЕРКІН БІЛДІРЕТІН, ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН БІРЛІГІН НЫҒАЙТАТЫН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы қоғам талқысына ұсынылып, ел дамуының маңызды кезеңі ретінде қарастырылуда.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғанына ризашылығымды білдіреміз. Бұл құжат қоғамның әртүрлі топтарының ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып әзірленгені - демократиялық әдістің көрінісі деп есептейміз. Комиссия ұзақ уақыт бойы ашық талқылау жүргізіп, азаматтардың пікірі мен ұсыныстарын жүйелі түрде жинақтады - бұл маңызды қадам.
Жаңа Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше назар аударып, біртұтас қоғамның мүдделерін айқындап беруге тырысқаны көрініп тұр. Сонымен қатар билік институттарын тиімді ету, қоғамдық диалог пен инновацияны дамыту сияқты бағыттардың жобада көрініс табуы маңызды Дегенмен, жаңа Конституцияның нақты қандай өзгерістер енгізілетіні - нақты экономикалық, әлеуметтік және саяси құқықтар тұрғысынан - толық ашық және түсінікті болуы өте маңызды. Сондықтан жобаның толық мәтіні жарияланып, азаматтарға талқылауға тағы мүмкіндік берілгені, қуантады. Жалпы, бұл құжат еліміздің болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз, және оның тағдырын шешуде азаматтардың белсенді қатысуы - жоғары бағаға лайық.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция – Қазақстанның құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде одан әрі дамуына берік негіз қалайды деп сенеміз. Бұл құжат халықтың еркін білдіретін, елдің тұрақтылығы мен бірлігін нығайтатын маңызды қадам. Сондықтан әрбір азамат оның мазмұнымен танысып, өз пікірін білдіріп, ел болашағына жауапкершілікпен қарауы қажет.
Жүнісбаева Жазира,
молекулалық биология және генетика кафедрасының меңгерушісі
БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРУ

Жаңа Конституция жобасын зерделей отырып, оның білім беру мен тәрбие жүйесіне тікелей әсер ететін маңызды қағидаттарды қамтығанын атап өткім келеді. Адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде белгілеу жас ұрпақты саналы, жауапты әрі еркін ойлайтын азамат ретінде қалыптастырудың берік негізі деп білемін.
Зайырлы білім беру қағидатының нақты бекітілуі, ғылыми және шығармашылық еркіндіктің қорғалуы - жоғары білім беру ұйымдары үшін аса маңызды. Бұл академиялық еркіндікті нығайтып, білім сапасын арттыруға және студенттердің әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.
Осындай құқықтық ортада білім алушылар тек кәсіби маман ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінетін, өз құқығы мен міндетін білетін тұлға болып қалыптасады. Бұл ел болашағы үшін стратегиялық маңызы бар бағыт деп есептеймін. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде бұл бағыт орын алып, өз жұмысын жандандыра түсетініне сенімім мол.
Ғазиз Гүлнұр Ғазизқызы,
Ақпараттық технологиялар және ЖИ факультеті, декан орынбасары
ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ МОЙЫНДАЛДЫ

Заңнамалық тұрғыда әлеуметтік ортада талқылауға ұсынылып жатқан жаңа Конституция жобасының басты артықшылығы – мемлекет пен қоғамның өзегін «адам және оның құқықтары» принципіне нақтырақ байланыстырып, құқықтық нормалардың дәлдігін күшейтуі. Жобада білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар мемлекеттік дамудың негізгі идеясы ретінде айқын көрсетілген және қолданыстағы конституциядан логикалық айырмашылығы –
табиғи, қаржылық, инфрақұрылымдық ресурстарға емес, адами капиталға сүйенетін құқықтық бағдар қалыптастыратындығы.
Сонымен қатар, жобада құқықтар мен бостандықтарды қорғау механизмдерін күшейтіп, құқықтық айқындық принципін нақтылауға басымдық берілгені атап өтіледі. Бұл азаматтың құқықтық қорғалуын арттыруға бағытталады.
Қазіргі цифрлық ортаның талаптарына сәйкес, жобаның ерекше жаңалығы – цифрлық трансформацияны конституциялық деңгейде мойындап, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасын алғаш рет бекітуі. Бұл норма цифрлық кеңістіктегі жеке өмірдің қорғалуы, дербес деректердің қауіпсіздігі, онлайн-қызметтерді пайдалану кезіндегі құқықтық кепілдіктер сияқты шараларға «ең жоғарғы құқықтық күш» деңгейінде қорғаныс қабатын қосуы.
Нәтижесінде, электрондық үкімет сервистері, цифрлық сәйкестендіру, мемлекеттік деректер жүйелері және киберқауіпсіздік бойынша талаптар тек ведомстволық ережелермен емес, конституциялық құндылықтармен үйлестіріліп дамуға мүмкіндік алады. Бұл – қазіргі цифрлық экономика жағдайында Қазақстан үшін құқық пен технологияның тоғысындағы– деректердің таралуы, цифрлық алаяқтық тәуекелдерін жүйелі түрде басқаруға бағытталған сапалы қадам деп айтуға болады.
Қарлығаш Байшоланова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Ақпараттық жүйелер кафедрасының профессоры
АТА ЗАҢ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ БЕРІК ТҰҒЫРЫ
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жаңа Ата Заң жобасын жариялады. Жаңа Ата Заңымыздың жобасы саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан, сарапшылар тарапынан түскен ұсыныстарды терең талдап, қоғамдық ашық талқылаулардың нәтижесімен қатар, жаңа нормалар мен ережелерді мұқият пысықтау қажеттігінен туындады.
Ата Заңымыздың жаңа Преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары тұңғыш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды. Ынтымақтастық пен ел бірлігі, ұлтаралық, дінаралық келісім Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізгі іргетасы ретінде белгіленді. Еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігі, біртұтастық, аумақтық біртұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына енгізілді. Ал Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, қоршаған ортаға – табиғатқа ұқыптылықпен қарау секілді қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілді. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы болып табылатындығы Жаңа Заң жобасы аясында бекітілді.
Ата Заңымыздың жаңа мәтінінде жаңа Жобаның басты идеясы білім мен ғылым, мәдениет, инновация. Сонымен қатар цифрландыру бағытына да зор мән берілді. Ата Заңымыздың жаңа Жобасы еліміздің жарқын болашағы – мемлекетіміздің минералды ресурстары мен табиғи байлықтары емес, адами капиталмен және азаматтарымыздың жетістіктерімен, табыстарымен айқындалатынын көрсететін маңызды бетбұрыс болды. Конституцияның жаңа редакциясының басты ерекшелігі – адам құқықтарының бағдарлануы.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – Тәуелсіз еліміздің Ата Заңы, мемлекеттік құрылымның негізін қалыптастырушы маңызды да басты құжат. Сол себепті Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді еліміздің азаматттары жалпыұлттық рефендумда қабылдайды. Конституцияның жаңа Жобасында Преамбула, 11 бөлім, 95 бап бекітілу ұсынылмақ.
Рахила Наралиева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы
КОНСТИТУЦИЯНЫ ТАЛҚЫЛАУДА БЕЛСЕНДІ БОЛУ – ПАРЫЗЫМЫЗ
Жаңа Конституция жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр. Бұл – тек заңдық өзгеріс емес, сонымен қатар елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік басқару құрылымын тиімді әрі заманауи талаптарға сай етуге бағытталған маңызды қадам. Конституция – мемлекеттің негізі, әрбір азаматтың құқықтары мен қоғамдағы орнын, жауапкершілігін айқындайтын құқықтық құжат.
Ұсынылып отырған жоба заң үстемдігін нақтылап, қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отыр. Сонымен қатар, Конституцияда дін мен мемлекеттің арақатынасы, зайырлы қағидаттардың сақталуына ерекше мән берілген. Бұл – еліміздің демократиялық дамуындағы, азаматтық қоғам құрудағы және бейбітшілікті, теңдікті сақтау жолындағы маңызды кепілдердің бірі болып саналады.
Осы құндылықтар, әсіресе, жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыруда айрықша мәнге ие. Себебі құқықтық мәдениет пен заңға деген құрмет ерте жастан қалыптаса бастайды. Ұстаз ретінде де, азамат ретінде де жаңа Конституция жобасына бей-жай қарамай, оны мұқият зерделеп, ой елегінен өткізіп, саналы көзқарас таныту өте маңызды. Өйткені бүгін қабылданған шешімдер – ертеңгі ұрпақтың өміріне, олардың құқықтық қауіпсіздігіне және қоғамдағы теңдігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан әр азамат үшін Конституцияны талқылауға белсенді араласу – тек парыз емес, сонымен қатар болашаққа бағытталған саналы қадам деп есептеймін.
Бақытқожа Баязитов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ МӘДЕНИ-ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖӘНЕ АДАМИ КАПИТАЛҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ӨРКЕНИЕТТІК ДАМУ МОДЕЛІ

Ұсынылып отырған Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа мәтіні мемлекеттің құндылықтық бағдарын қайта айқындайтын маңызды тарихи құжат ретінде бағалануға тиіс. Мәдениеттанушы-сарапшы ретінде атап өтетін басты ерекшелік – Ата Заңның идеялық өзегіне білім мен ғылым, мәдениет пен инновацияның стратегиялық деңгейде шығарылуы. Бұл – Қазақстан дамуының шикізаттық парадигмасынан адами капиталға негізделген өркениеттік модельге бет бұрғанын көрсететін түбегейлі мәдени-философиялық шешім. Конституцияның кіріспесінде және 1, 3-баптарында көрініс тапқан «Әділетті Қазақстан» идеясы мәдени-әлеуметтік тұрғыдан қоғамдағы сенім мәдениетін, құқықтық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. «Заң мен Тәртіп» қағидаты тек құқықтық нормалар жиынтығы емес, сонымен қатар қоғамдық мәдениеттің, әлеуметтік тәртіп пен өзара құрметтің іргетасы ретінде ұсынылуы – қазіргі заман талаптарына толық сай. 3-баптың 1-тармағында көрсетілген қағидаттар – еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау – мәдени саясаттың конституциялық деңгейде бекітілуін білдіреді. Бұл нормалар мәдениетті тек рухани сала емес, ұлттың тұрақты дамуының ресурсы ретінде тануға мүмкіндік береді. Ата Заңда адам капиталы, білім, ғылым және инновация мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалуы – мәдениеттанулық тұрғыдан ерекше маңызды. Себебі қазіргі жаһандық өркениетте мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі табиғи байлықпен емес, интеллектуалдық әлеуетпен, мәдени шығармашылықпен және білім сапасымен өлшенеді. Дін мен мемлекеттің ара-жігінің нақты ажыратылып, білім беру жүйесінің зайырлы сипатының айқындалуы – көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан қоғамындағы мәдени тепе-теңдікті сақтаудың маңызды кепілі. Бұл қағида дүниетанымдық плюрализмді, ғылыми ойлау еркіндігін және мәдени әртүрлілікті қорғауға бағытталған. Неке институтына қатысты енгізілген норма дәстүрлі мәдени құндылықтарды құқықтық тұрғыда бекіте отырып, әйел мен ер адамның тең құқықтылығы қағидатын нақтылай түседі. Бұл шешім мәдени дәстүр мен заманауи құқықтық мәдениеттің өзара үйлесімін көрсетеді. 22-бапта бекітілген этникалық өзін-өзі айқындау, ана тілі мен төл мәдениетті еркін қолдану құқығы – мәдени әртүрлілікті сақтау мен мәдени инклюзияның маңызды тетігі. Бұл норма Қазақстандағы мәдени саясаттың гуманистік сипатын күшейтеді. 33-баптағы білім беру саласына қатысты ережелер мәдени капиталды қалыптастырудың институционалдық негізін қалайды. Білім мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты қоғамда ортақ азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға қызмет етеді. 40-бапта азаматтардың тарихи және мәдени мұраны сақтау жөніндегі міндетінің бекітілуі – мәдениетке тұтынушылық емес, жауапты қатынас мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бұл норма әрбір азаматты ұлттық мәдени мұраның сақтаушысы ретінде таниды.
Қорытындылай келе, жаңа Конституция жобасы мәдени-әлеуметтік құндылықтарды мемлекеттің стратегиялық дамуының өзегіне айналдырып отыр. Бұл құжат Қазақстанды әділетті, мәдениеті жоғары, білімге негізделген және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін өркениетті мемлекет ретінде қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам деп бағаланады.
Құдайбергенов Серғазы Ережепұлы,
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы
КЕШЕНДІ САЯСИ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы елдің саяси-құқықтық жүйесін терең әрі кешенді жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам деп бағалауға болады. Жобаның әзірлену барысы – азаматтардың, сарапшылардың, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың кеңінен қатысуымен өтуі – оның легитимділігін арттырып, қоғам сұранысына жақындатқанын көрсетеді. Бұл демократиялық процестердің нығайғанын білдіреді.
Бір палаталы Парламентке көшу бастамасы заң шығару процесінің жеделдігін арттырып, мемлекеттік басқарудағы жауапкершілікті күшейтуі мүмкін. Сонымен қатар, Конституция мәтінінің 80 пайыздан астамына өзгеріс енгізілуі – бұл тек жекелеген түзетулер емес, жаңа саяси модель қалыптастыруға бағытталған түбегейлі реформа екенін аңғартады.
Жобада мемлекеттің адамға бағдарланған сипатын күшейту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, сондай-ақ саяси институттардың тиімділігін арттыру негізгі басымдық ретінде көрініс тапқан. Бұл өзгерістер қазіргі заманғы сын-қатерлерге, соның ішінде технологиялық даму мен жасанды интеллект дәуіріне бейімделу қажеттілігімен үйлеседі.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуын жаңа деңгейге көтеруге, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға және елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына негіз қалауға бағытталған стратегиялық құжат деуге болады.
Әсембаева Мәнсия Қабылқызы,
Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының доценті
ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңа Жолдауында көреген саясаткер ретінде әлемдік саясаттағы үрдістер мен қазақстандық шынайылықты талдай келе, конституциялық реформа жасау туралы бастама көтерген болатын. 2025 жылғы 8 қазанда құрылып, содан бері қарқынды жұмыс істеген Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия қазақстандық қоғамдық пікірді барынша ескеріп, ұсынылатын новеллаларды мұқият талдап, барша түзетулерді жан-жақты қарады. Жаңа түзетулер Конституцияның барлық бөлімдері мен 77 бабын, жалпы мәтіннің 84 пайызын қамтыған. Бұл жаңадан Конституция әзірлеумен тең деген сөз. Сондықтан Комиссия мүшелері Қазақстанның жаңа Ата Заңын қабылдау мәселесін алға тартып, нәтижесінде мазмұны Преамбула, 11 бөлім және 95 баптан тұратын оның алғашқы жобасын жариялады.
Жаңа Конституцияның жобасынан еліміз үшін аса маңызды бұл басты құжаттың әрбір бабы уақыт талабы мен қоғамның сұраныстарына жауап беретіндей тұжырымдалғаны анық байқалады. Әсіресе, соңғы кездері әлемдік саясатта тұрақсыздық пайда болып, ірі державалар тарапынан халықаралық құқық нормаларының аяққа тапталуы, егеменді елдердің ішкі істеріне қол сұғылуы, тәуелсіз мемлекеттердің территориялық тұтастығының бұзылуы сияқты іс-әрекеттер жиі орын алуда. Бұл тұрғыда Қазақстан президенті БҰҰ ұйымының дәрменсіздігі мен жұмысындағы кемшіліктерін әлденеше рет атап көрсетіп, сынға алғаны белгілі.
Қазіргі әлемнің түпкір-түпкірінде соғыстар мен төңкерістер көбейіп, саяси-экономикалық дағдарыстар тереңдеп жатқан алмағайып заманда көптеген елдер үшін тәуелсіздік мәселесі өзекті болып отырғаны ащы шындық. Сондықтан жаңа конституциямызда егемендік пен тәуелсіздік, бірегейлік, аумақтық тұтастық бұлжымас құндылықтар санатына жатқызылып отыр. Ата заңның Преамбуласында мыңжылдық тарихы бар Ұлы Даланың бай мұрасын сақтай отырып, мемлекетіміздің унитарлығы, шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтыны нақтыланған.
Жаһандық ауқымдағы демократиялану үдерісіне сай адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланып, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы болып табылатыны, заң мен тәртіп үстемдігі, бейбіт өмір мен халықтың ынтымақ-бірлігі, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттіліктің негізі ретінде Ата заңда құқықтық тұрғыда бекітілген.
Зайырлы және зияткер ел ретінде Қазақстан мәдениет пен білім, ғылым мен инновацияның құндылықтарын бағдарға ала отырып дамитыны нақты айқындалған. Қоршаған ортаға антропогендік және техногендік әсер етудің салдарынан жаһандық жылыну, климат ауысы, су тапшылығы, шөлейттену сияқты сан-алуан экологиялық апаттар туындап жатқаны қаперге алына отырып, жаңа конституциямызда табиғатты аялау қажеттігі ерекше мойындалған. Мұның барлығы біздің келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді арттыратын қағидаттар болып табылады.
Қазіргі қолданыстағы конституциямыз Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде мемлекеттілігін қалыптастыру мен нығайтуда өзінің тарихи миссиясын орындап шықты. «Елу жылда ел жаңа» дейтін халық даналығына сәйкес, демократиялық реформаларды қарқынды жүзеге асырып, саяси жаңғырып жатқан Жаңа Әділетті Қазақстан үшін тың идеялар мен нақты өзгерістерге құқықтық негіз жасайтын, қазіргі саяси шынайылыққа жауап беретін жаңа конституция қажеттігі анық. Ұсынылып отырған конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасын қоғамдық талқылау цифрлық форматта e-Otinish және eGov порталдары арқылы әлі де жалғасып жатыр. Яғни, ұсыныстар жасау барша қазақстандық азаматтар үшін қолжетімді.
Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдағаннан кейін заман талабына сай келетін Ата заң отанымыздың одан әрі қарыштап дамуына ерекше серпін береріне сеніміміз мол.
Мұсатаев Сейілбек Шаяхметұлы ,
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры,
саяси ғылымдарының докторы
БІЛІМ МЕН АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН АТА ЗАҢ
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы жаңа Конституциясының жобасы мемлекетті жаңғыртудың көрсеткіші ретінде Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия еліміздің жаңа Ата Заңының жобасын жариялады.
2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы өзгерістерге қатысты өз көзқарасын білдірді.
2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдерін қоса алғанда 130 адам кірді. Осылайша, Комиссия құрамында Қазақстанның барлық әлеуметтік топтары мен аймақтары толық қамтылды.
Комиссияға Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова басшылық етеді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оның орынбасарлары болып белгіленді.
«Комиссияның құрылуын секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өтудің көрінісі ретінде қарастыруға болады. Оның алдында ерекше миссия тұр. Ол – Ата Заңда бір жағынан конституциялық құрылыстың негізгі принциптерін сақтау, екінші жағынан қазіргі заманғы сын-қатерлерге лайықты көзқарасты білдіру мүмкіндігін қамтамасыз ету», – деп атап өтті алғашқы отырыста Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова.
Жаңа Преамбулада, Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген.
Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Ғылым мен білім беру саласын дамытқан елдер экономикалық дағдарыстарға ұшырамай керісінше экономикалық секірістер жасап отыр. Жаңа ұстаным еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан да дамуына серпін береді деген үмітіміз бар.
Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануында.
Нұрмұхаммед Дәулеткелдиевич Мырзатаев,
Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы
кафедрасының доктор,PhD.
Басқа жаңалықтар