Отандық археологияның тарланы. Қазіргі таңда ел археологиясының дамуына өз үлесін қосып, оның алдыңғы сапында жүрген, білімі мен біліктілігін тек ғылымға арнаған тұлғаларымыздың бірі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елімізге белгілі әрі танымал археолог – Мадияр Елеуұлы. Мадияр Елеуұлы 1946 жылы 3 мамырда Қызылорда облысы Шиелі ауданы Еңбекші ауылында дүниеге келген. Археолог ғалымның өмір есігін ашып, балалық шағы өткен, мектепте оқып, ер жеткен өңірі – Сырдың ортаңғы және төменгі ағыстарының түйіскен аймағы. Бұл өңір – ежелден отырықшылық өмір мен қалалық мәдениеттің дамыған өңірі болғаны белгілі. Өкінішке қарай, бұрынғы дәуірлердегі қайнаған өмір мен дамыған мәдениеттің белгісі ретінде олардың орнында қазіргі заманда төбелер мен төбешіктер, қамалдар мен қорғандардың іздері ғана қалған. Бала Мадияр осының бәрін көзімен көріп өседі. Бала кездегі «Шіркін-ай, тезірек үлкейіп, ғалым болып, әрбір төбенің астында қандай құпиялар жатқанын білер ме екем» деген арман қиялы оны бірден археологияға бет бұрғызады. Бірақ археолог болсам деген арманына қолы бірден жете қоймады. Сол жылдардағы тәртіп бойынша мектеп бітірісімен туған ауылында 1-2 жыл еңбек етті, одан кейін әскери борышын өтеп қайтты. Сөйтіп мектептен соң бес жылдан кейін ғана бала кездегі арманына бір табан жақындап, сол жылдардағы елімізде археолог мамандығын даярлайтын жалғыз оқу орны –қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университеті) тарих факультетіне құжаттарын тапсырады. Жолы болып студент атанады. Бұл 1970 жыл болатын. Сол кезде оның жасы 24-те еді. Білімге сусындап келген әрі болашақ мамандығын нақты айқындап үлгерген студент М.Елеуов бірден қатарластарының алды болады. Оның бақытына қарай 1971 жылы ҚазМУ-дың тарих факультетінде археология мен этнология мамандығын даярлайтын арнайы кафедра құрылады да, оны Қазақстандағы алғашқы кәсіби археолог Ә.Оразбаев басқарады. Кафедрада сол жылдары дәріс оқуға елімізге белгілі археологтар мен этнологтар – академик Ә.Марғұлан, тас дәуірінің жетекші маманы Х.Алпысбаев, «Алтын адамды» зерттеуші К.Ақышев, профессор У.Шалекенов, профессор Х.Арғынбаев, антрополог О.Исмағұлов, профессорлар М.Черников, М.Грязнов, Ю.Заднепровский секілді ірі мамандар дәріс оқиды. Студент М.Елеуов алғашқылардың бірі болып археология мамандығына өтініш білдіреді. Археология мамандығымен даярланатын студенттердің бір ерекшелігіне аудиторияларда дәріс тыңдап қана қоймай, жаз айларында ғылыми экспедициялар құрамында қазба жұмыстарымен айналысуы жатады. Бұл олардың нағыз кәсіби археолог болуына, болашақ мамандығының қиыншылықтарына төзе білуіне үйретеді. Студент М.Елеуов бес жыл бойы бірде бір экспедициядан қалмай болашақ мамандығының қыр-сырына терең үңіле түседі. Мәкеңнің өзі бір әңгімесінде 1973-1974 жылдары Түркістан археологиялық экспедициясы құрамында Түркістан қаласында жүргізілген зерттеулерге қатысқанын, сонда ол экспедиция жетекшісі, өзінің алғашқы ұстазы, белгілі археолог Т.Сенигованың Есім ханның қабірін қазуды өзіне сеніп тапсырғанын және ол тапсырманы ұстазының айтқанындай орындап шыққанын айтқаны бар. Осыдан 1-2 жыл бұрын осы жөнінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ Университеті» газетінде «Есім ханның мавзолейін тұңғыш зерттеген ғалым» атты мақала жарық көрді. 1975 жылы М.Елеуов университетті үздік бітіріп, жолдамамен Қызылорда облысына жіберіледі де, қаладағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде аға ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарады. Сөйтіп бала кездегі арман қиялға қол жеткізгендей болады. Бірақ оның көңілі толмай, туған ауылындағы төбелер мен төбешіктерді қазып, олардың құпиясын зерттейтін мамандық – нағыз археолог болуға бүйрегі бұра береді. Ақыры, 1976 жылы Университеттегі ұстазы профессор У.Шалекеновтың шақыруымен өзі бітірген кафедрасына лаборант болып жұмысқа орналасады. 1976-1999 жылдар аралығында археолог М.Елеуов Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіндегі «Археология және этнология» кафедрасында қарапайым лаборанттан танымал профессорге дейінгі қызметтік сатылардан өтеді. 1991 жылы археология мамандығы бойынша «Шу өңірінің ортағасырлық қалалық мәдениеті (VI -XIII ғғ.)» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Диссертацияға он бет қосу үшін соншама жыл ізденуі оның ғылымдағы адалдығы мен тазалығын көрсетеді. Одан кейінгі жылдары М.Елеуұлы өзінің зерттеу тақырыбының аумағына Талас өзенінің алқабында орналасқан ортағасырлық қалаларды енгізеді. Мәкең өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қиыншылықтарға қарамастан Шу – Талас өңірлеріндегі қалалар мен мекендерді археологиялық тұрғыда зерттеу жұмыстарын жалғастыра береді. Туындаған әртүрлі қиындықтар оған бөгет бола алмайды. Өйткені қазақ даласының төбелері мен төбешіктерінің астында қандай тылсым құпиялардың жатқанын білу – Мәкеңнің бала кездегі арманы болатын. Кезінде Генрих Шлиман да Троя қаласын табуды бала кезде армандаған болатын. Ешбір қиындықтарға қарамастан ол 1870-90 жылдары экспедициялар ұйымдастыра отыра, ақыры іздеген қаласын тапқан еді. М.Елеуов 1999 жылы ғылыми ізденістердің нәтижесінде «Шу-Талас өңірлерінің ортағасырлық қалалары мен мекендері (VI-XIII ғғ.)» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғап, көп ұзамай профессор атағын иеленеді. Одан кейінгі он шақты жылда профессор М.Елеуов елімізде археология мамандығын даярлау ісін ұйымдастырумен белсене араласады. 1999-2001 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Археология және этнология» кафедрасының меңгерушісі, 2001-2002 жылдары Қ.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «Археология» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеп, жас археологтарды тәрбиелеуде бар күш-жігері мен тәжірибесін жұмсайды. 2002-2008 жылдары осы университеттің «Археология» ғылыми-зерттеу орталығының директоры болып, жас университеттің ғылыми-зерттеу ісінің алға басуына жәрдемін тигізеді. Профессор М.Елеуов Түркістандағы ғылыми-зерттеу орталығында директор бола жүре, бала кездегі қиялын бір сәт те естен шығармай, Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы, яғни өзінің туып-өскен өңіріндегі төбелер мен төбешіктерді ғылыми тұрғыда зерттеуді жалғастырады. Профессор М.Елеуұлы Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Сырдың орта ағысы бойындағы ортағасырлық қалалар мен елді мекендердің тарихын археологиялық тұрғыда зерттеу ісінде көп жетістіктерге қол жеткізді деуге болады. Ол бұрын соңды осы аймақтарда ғылымға белгісіз болып келген 300-ден аса ортағасырлық қалалар мен елді мекендерді тауып, оларды зерттеп, ғылыми айналымға енгізеді. Олардың ішінде баяғы өз ауылындағы төбелер де бар. 2001-2008 жылдары Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары аумағында кең көлемде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 1700-ге жуық жаңа археологиялық ескерткіштерді ашады, оларды талаптарға сай есепке алады. Сонымен қатар, ол жеке ауданның, ауылдық округтың археологиялық картасын шығаруды қолға алған зерттеуші. 2004 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының және 2008 жылы Созақ ауданы Қарақұр ауылдық округінің археологиялық картасын баспадан шығарады. Қазіргі таңда ғалымның жетекшілігімен үш облыстың жекелеген аудандарының археологиялық картасы даярлануда. Табиғи апаттардан бұзылып бара жатқан Тамды, Түймекент, Тастұмсық, Үтіртөбе қалаларында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның табиғи апаттардан бұзылып жатқан ортағасырлық қалалар туралы «Ескерусіз қалған ескерткіштер» (2007), «Ортағасырлық Ақтөбе қаласының бұзылу тарихы» (2014), «Ортағасырлық Үтіртөбе қаласы» (2016) еңбектері жарық көрді. Профессор М.Елеуұлы 2008 жылдан қазірге дейін өзінің түлеп ұшқан білім ордасы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Археология, этнология және мұражай ісі» кафедрасында профессор болып қызмет атқаруда. Оның қаламынан 400-ден аса ғылыми мақалалар, оның ішінде он шақты монографиялар, оқу құралдары мен оқу әдістемелік құралдары бар. М.Елеуұлының бір ерекшелігі, ол тек археологиялық қазбалармен айналысып қана қоймай, сонымен бірге қазба жұмыстары жүргізілетін аумақтардағы тарихи ескерткіштерге қатысты ел арасынан ауызша материалдарды да жинастырып жүреді. Бұл шамасы ұстазы академик Ә.Марғұланнан жұққан болуы керек. 1996 жылы Ұлттық Университеттің тарих сериясымен шығатын «Хабаршысында» оның «Шу өңірі: аңыз бен тарих» атты мақаласы жарық көріп, онда он шақты тарихи аңыз – әңгімелері жарияланды. Олардың ішінде екі аңыз әңгімеде Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты мәліметтер айтылады. Өз кезегінде біз бұл ауызша материалдардың ғылыми құндылығына мән беріп, өз зерттеулерімізде оларды жақсы пайдаландық. М.Елеуұлының 40 жылдан астам ғылымдағы жолы елеусіз емес. 2009 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жүлдегері, 2010 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді. Дегенменде жоғары билік тарапынан ұстазымыздың еңбегіне және мерейтойына орай орден, медальдар беріліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Профессор М.Елеуұлы зайыбы Жанатпен бірге төрт қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде ол жеңгеймен бірге ұлдарын ұяға ұшырып, қыздарын қияға қондырған, немерелерінің қызығына тоймай жүрген ата-әже. Берекет КӘРІБАЕВ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы