Экологиялық мәдениет – сұрыптау мен саналы тұтынудың маңызы
Кураторлық тәрбие жұмысы аясында және Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру шеңберінде Физика-техникалық факультетінің қатты дене физикасы және жаңа материалдар технологиясы кафедрасының студенттерінің қатысуымен «Экологиялық мәдениет: сұрыптау мен саналы тұтыну» тақырыбында семинар өткізілді.
Семинардың мақсаты – студенттердің экологиялық сауаттылығын арттыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың маңызын түсіндіру. Іс-шара барысында қалдықтарды бөлек жинау жүйесі, қайта өңдеу мүмкіндіктері, ресурстарды үнемдеу, сондай-ақ саналы тұтыну қағидаттары кеңінен талқыланды.
Студенттерге пластик, қағаз, шыны және металл қалдықтарын сұрыптаудың экологиялық және экономикалық тиімділігі түсіндірілді. Сонымен қатар, артық тұтынудың қоршаған ортаға тигізетін кері әсері, табиғи ресурстардың шектеулілігі және әрбір адамның экологиялық жауапкершілігі мәселелері қозғалды.
Семинар барысында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, күнделікті өмірде экологиялық әдеттерді қалыптастыру жолдарын талқылады. Қоқысты сұрыптау, артық заттарды пайдаланбау және қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу бағытында тәжірибесі бар студенттер өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Олар қалдықтарды сұрыптаудың тиімді әрі жеңіл тәсілдерін, қайта өңдеу орталықтарының мекенжайларын, сондай-ақ смартфонға арналған пайдалы қосымшаларды таныстырып, практикалық кеңестер ұсынды.
Аталған іс-шара студенттердің экологиялық ойлау жүйесін дамытуға, жауапты тұтыну дағдыларын қалыптастыруға және тұрақты даму қағидаттарын қолдауға бағытталды. Мұндай тәрбиелік мәні бар семинарлар болашақ мамандардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Басқа жаңалықтар