«Невада–Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының жетістіктеріFarabi University
Референдум 15 марта

«Невада–Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының жетістіктері

3 наурыз, 2026

Биыл «Невада–Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының құрылғанына 37 жыл толды. Дөңгелек үстелге қатысқан белсенділер мен қонақтар Қазақстандағы және әлемдегі антиядролық қозғалыстың отыз жылдан астам уақыттағы қызметіне талдау жасап, даму кезеңдерін айқындап, болашаққа арналған жоспарлар әзірледі.

Конференция қатысушылары Қазақстандағы алғашқы қоғамдық ұйым болып табылатын «Невада–Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының бейбітшілік жолындағы күрестегі ерекше рөлін атап өтті. Бұл – әлемдегі ең беделді әрі нәтижелі бітімгерлік қозғалыстардың бірі. ЮНЕСКО шешімімен адамзат алдындағы еңбегі үшін оның қызметі «Әлем жады» тізіліміне енгізілді.  

Қозғалыс алғаш рет әлемде жаңа үлгіні – халықтық және парламенттік дипломатияның өзара ықпалдастығын қолдана отырып, ядролық қарусыздану жолында нақты қадам жасады. Соның нәтижесінде әлемдегі ең ірі полигондарда ядролық сынақтар тоқтатылды.

Қозғалыс ядролық қаруға ие мемлекеттердің парламенттері арқылы қызметіне жаңа серпін беріп, ядросыз әлем құру және жалпыға ортақ қарусыздану мәселесінде өзара түсіністік пен ынтымақтастық қағидаларын нығайтуды мақсат етеді.

Ядролық қатердің алдын алу әлі күнге дейін бүкіл адамзат үшін өзекті мәселе болып отыр, себебі кейбір елдер ядролық қаруға ұмтылуын тоқтатпаған. Қозғалыс өз қызметі арқылы ядролық, бактериологиялық, химиялық және жаппай қырып-жою қаруының басқа да түрлерінен толық бас тартуға, сондай-ақ мұндай қаруды жасау мен жетілдіруге қарсы қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал етеді.  

Қазіргі әлемдегі қарулану жарысын ескере отырып, қол жеткізілген жетістіктермен шектелу ерте, күрес жалғасуда. Ардагерлер жаңа буын жас жақтастарды тәрбиелеп, қозғалыстың болашақта да жалғасуын қамтамасыз етуде.

Қозғалыс өзінің жаңа тарихи кезеңінде басты мақсат ретінде Қазақстан жастарын және әлем жастарын зорлық-зомбылық пен қауіп-қатерсіз бейбіт әлем үшін күреске тартуды айқындайды. Бұл жаһандық ядросыз әлем қозғалысына жаңа серпін береді.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО 

кафедрасының аға оқытушысы

Танабекова Гүлжанат Бақытовна