Тамақтану және денсаулық»: тұрақты даму мақсаттары аясында семинар-тренингіFarabi University

Тамақтану және денсаулық»: тұрақты даму мақсаттары аясында семинар-тренингі

13 наурыз, 2026

2026 жылғы 13 наурызда Денсаулық сақтау саясаты және ұйымдастыру кафедрасында «Тамақтану және денсаулық» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Іс-шара 8D10101 «Қоғамдық денсаулық сақтау» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанты Мендыбаев Е.С. тарапынан ұйымдастырылып, ғылыми жетекшісі PhD, кафедраның аға оқытушысы Балмұханова А.М. жетекшілігімен жүзеге асырылды. Семинар Біріккен Ұлттар Ұйымы айқындаған Тұрақты даму мақсаттарының ішінде, ең алдымен, ТДМ-3 «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» бағыты аясында өткізілді. Сонымен қатар, мазмұны жағынан ТДМ-2 «Аштықты жою / Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тамақтануды жақсарту» және ТДМ-4 «Сапалы білім» мақсаттарымен де өзара тығыз байланыста болды. Бұл өз кезегінде қарастырылған мәселелердің кешенді, пәнаралық сипатын және білім беру міндеттерінің кең ауқымын көрсетеді.

Семинар жұмысына кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері, сондай-ақ 7М10104 «Медицина (дәрігер-зерттеуші)» білім беру бағдарламасының магистранттары белсенді қатысты. Іс-шара форматы заманауи білім беру тәсілдеріне сәйкес құрылып, қысқаша тақырыптық баяндамаларды, топтық талқылауларды және тәжірибелік тапсырмаларды қамтыды. Қатысушылар MedDietScore сауалнамасынан өтіп, оның нәтижелерін интерпретациялауды үйренді, клиникалық және қоғамдық денсаулық сақтау бағытындағы кейстерді талдады, сондай-ақ әртүрлі популяциялық топтарға арналған бейімделген ұсыныстар әзірледі. Осындай көпқырлы формат білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, сыни ойлау дағдыларын дамытуға және тиімді коммуникация қабілеттерін қалыптастыруға ықпал етті.

Семинар мазмұны үш негізгі бағытқа негізделді. Бірінші бағыт – рационалды тамақтанудың дәлелді базасы. Қатысушылар Жерорта теңізі диетасына қатысты заманауи ғылыми зерттеулерді, оның кардиометаболикалық денсаулыққа әсерін және ұсыныстарды жергілікті азық-түлік жағдайына бейімдеу қажеттілігін талқылады. Екінші бағыт – тамақтануды бағалау тәжірибесі. Бұл бөлімде MedDietScore құралын қолдану арқылы жеке және популяциялық деңгейде скрининг жүргізу және нәтижелерді дұрыс интерпретациялау мәселелері қарастырылды, бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен профилактикалық бағдарламалар үшін маңызды. Үшінші бағыт – білім беру компоненті. Семинар барысында тамақтану мәселелерін оқу бағдарламаларына және клиникалық тәжірибеге енгізу бойынша әдістемелік ұсынымдар ұсынылды, бұл сапалы білім беруді қамтамасыз ету міндеттерімен тікелей байланысты.

ТДМ-2 мақсаттарына сәйкес бөлімде азық-түлік қолжетімділігі мен қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар диеталық ұсынымдарды жергілікті экономикалық және мәдени ерекшеліктерді ескере отырып бейімдеу қажеттілігін атап өтті. Әсіресе, халықтың осал топтарына арналған практикалық алгоритмдер әзірлеу мәселесі қарастырылып, теңгерімді тамақтанудың қолжетімді нұсқалары және ультраөңделген өнімдерді тұтынуды азайту жолдары ұсынылды.

Ғылыми-практикалық бөлімде тамақтану саласындағы зерттеулердің әдіснамасына сыни талдау жасалды. Атап айтқанда, зерттеу дизайны, іріктеменің репрезентативтілігі, ықтимал жүйелік қателіктерді бақылау және статистикалық қорытындылардың дұрыстығы талқыланды. Семинар қорытындысы бойынша бірқатар нақты ұсыныстар қалыптастырылды: қысқа мерзімді оқыту модульдерін енгізу, пациенттер мен қоғам үшін ақпараттық материалдар әзірлеу, пилоттық ағартушылық бағдарламаларды іске қосу, сондай-ақ 6–12 ай аралығында араласулардың тиімділігін қарапайым индикаторлар арқылы мониторингтеу.

Жалпы алғанда, аталған семинар денсаулық, азық-түлік қауіпсіздігі және білім беру бағыттарын интеграциялау арқылы медициналық білім берудің сапасын арттыруға және халық денсаулығын жақсартуға бағытталған тиімді алаң ретінде өз маңыздылығын көрсетті.