Тың деректерге толы тағылымды дәріс

5 қыркүйек, 2016

Тың деректерге толы тағылымды дәріс

 

Білім күні еліміздің ең үздік жоғары оқу орны – ҚазҰУ-да тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі алаштанушы, ҰҒА корреспондент-мүшесі Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиевтің 70 жас мерейтойы тойланып, студенттерге арналған көшбасшылық дәрісі өтті.

Мерекелік жиынды тарих, археология және этнология факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаева құттықтау сөзбен ашты. Барша студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаған факультет басшысы биылғы жылдың айтулы оқиғаларға толы екендігін атап өтті. Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алматы қаласының 1000 жылдығы, XX ғасырдың басында орын алған Ұлт-азаттық қозғалысқа 100 жыл, ұлтжанды қайраткер Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл, Семей полигонының жабылғанына да 25 жыл толып отыр. Сонымен қатар Меңдігүл Сағатқызы бұл жылы белгілі ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің мерейлі 70 жастың төріне шыққандығын қуанышпен жеткізді.

Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев 1946 жылы Шу ауданы Төле би ауылында дүниеге келді. Ол Бішкектегі Қырғыз мемлекеттік университетін тамамдап, 1971-2002 жылдар аралығында ҚазҰУ-да, Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институтында ғылыми-педогогикалық жұмыстармен айналысқан. Кейіннен  ҚР ҰҒА  Тарих және этнология институтының директоры қызметін атқарды. XX ғасырдың басындағы қазақ халқының қоғамдық-саяси өмірін зерттеумен айналысқан ғалым Мәмбет Құлжабайұлының саяси репрессия, қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тақырыптары аясында жазылған 400-ден астам жарияланымдары жарық көрген. Ол – Вена қаласындағы Халықаралық университеттің Құрметті профессоры, халықаралық Сократ және Бейбітшілік сыйлықтарының иегері, Қызылорда мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының президенті. Мәмбет Қойгелдиев тек қана Алаш қозғалысын зерделеп қана қоймай, ортағасырлық тарихшы Қадырғали Қосымұлының «Жылнамалар жинағын» зерттеп, оның жазба дәстүрі тарихында алатын айрықша орнын нақтылады. Ал, ұлтымыздың қоғамдық-саяси өміріне байланысты ғалымның «Движение Алаш», «Жетысу-Иссыккульская трагедия», «Байзак Мамбетулы и его современники» және т.б көптеген еңбектері бар.

Өзге еңбектерін санамаламағанда, қазақ тарихындағы ең маңызды қоғамдық ой-сана қозғалысы, ұлт-азаттық қозғалыс – Алаш идеясы мен Алаш қозғалысы екендігін зерделеп берген ғалым өз кезегінде білім мен ғылым әлеміне аяқ басқан студенттерді алғашқы қадамдарымен құттықтады. Ол білім алушыларға арналған көшбасшылық дәрісін «Тарих ғылымында «де-факто» өзгеруі тиіс» деген тақырып аясында өрбітті. Ғалым тарихтың сонау терең қойнауларында жатқан парақтарды ақтарып, нақты дәлелдер мен айғақтарды келтіре сөйледі. «Болашағымыз не болады?» деп шарқ ұрған зар заман ақындарының, ғалым Шоқан Уәлихановтың, Кенесары Қасымұлының, Абай Құнанбаев пен өзге де зиялы қауым өкілдерінің пікірлерін ортаға салып, ел болашағының жарқын болуы үшін білім де, ақыл-ой да, күш те керек екендігін ұғындырды. Осы сауалға кезінде тұщымды жауап қатып, жөн сілтеген Алаш қайраткерлері екендігіне баса назар аударды. Көрнекті ғалым студенттерге тарихтың күрделі ғылым екендігін түсіндіре отырып, дұрыс қорытылмаған тарихтың адамзатқа пайдасы жоқ екендігін айтты. Сондай-ақ, профессор студенттерге Алаш қозғалысының қазақ халқы үшін маңызы мен мәнін ұғындырып, оның қазіргі бейбіт өмірімізге септігін тигізген бірден-бір қозғалыс екендігін жеткізді.

Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбекұлы сөз алып, студенттерді Мәмбет Қойгелдиевтің еңбектерімен таныстырды. Ол Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алашорда үкіметі мен жалпы Алаш атауы туралы сөзді өз пікірімен дамыта түсті. Студенттерге мол ақпарат берген профессордың сөзінен кейін алаштанушы ғалымды мерейтойымен құттықтау үшін ортаға профессор Берекет Кәрібаев шықты. Ол: «Жай адамдар өмір сүреді, ал, тұлғалар халқына, қоғамға қызмет етеді. Мәмбет Қойгелдиев – тұлға. Оны идеологиялық күрескер деп атаймыз», – дей келе, айтулы ғалымның тарих ғылымына сіңірген өлшеусіз еңбегін атап өтті.

Маңызды мағлұматтармен қатар болашақ мамандарға жан-жақты кеңес берген, жастарды білімді болуға, Отанын, елін, жерін сүюге үндеген ғалымның тағылымды дәрісінен соң университет басшылығы мен тарих, археология және этнология факультетінің ұжымы мерейтой иесін құттықтап, арнайы сый-сыяпат көрсетті.

Ұлжан ИБРАИМ