«Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының тұжырымдамалық негіздерінің және тәжірибесінің жаңғыртылуы»

24 қазан, 2016

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Халықаралық қатынастар факультеті, Қауіпсіздік мәселесі мен ынтымақтастық институты, Американдық демократиялық зерттеулер ресурстық орталығы, НАТО жайлы ресурстық және ақпараттық орталығы, 2016 жылы 21-қазанда Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының тұжырымдамалық негіздерінің және тәжірибесінің жаңғыртылуы» атты халықаралық, ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференцияға қазақстандық ғалымдар, АҚШ, Франция, Ұлыбритания профессорлары, ҚР СІМ өкілдері қатысты.

Конференция барысында ҚР өзінің егемендігін жариялағаннан бері, сыртқы саясатта бейбітшілік бағытын ұстанатындығы ерекше атап өтілді. ҚР халықаралық қауымдастық тарапынан қолдауға ие болып, маңызды сыртқы саясаттағы бастамаларды бастауда. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы жетекші елдермен қарым-қатынасты орнатып, дамытуға ерекше көңіл бөлуде, өзінің дамуы үшін халықаралық саяси, экономикалық, әскери ұйымдарға мүше болуда.

Конференция барысында ҚР тәуелсіз ел ретінде сыртқы саясатта жеткен жетістіктері, Қазақстан Республикасының көпвекторлы сыртқы саясатының тұжырымдамалық негіздерінің жаңғыртылуының сараптамасы, оның басты бағыттарының даму болашағы және қазіргі замандағы Орталық Азиядағы қауіпсіздіктің қауіп-қатерлері ауқымды түрде талқыланды.

СІМ Алматыдағы өкілдігінің кеңесшісі Д.Т.Жакенов, конференция қатысушыларымен сәлемдесіп, өзінің сөзінде ҚР сыртқы саясатының әлемдік қауымдастықтағы бейбітшілік пен келісімдерді нығайтудағы рөлін, еліміздің тұрақты дамуын атап өтті.

Профессор Кукеева Ф.Т. өзінің сөзінде, ҚР-ның көпвекторлылығы арнайы бір дипломатиялық стильге жататындығын, қолайлы сыртқы саясат жүргізудің тәсілі екендігін, осы тәсілді қолдану арқылы еліміздің «билеуші элитасы» құрастырған ұлттық мүдделерге ауқымды түрде қол жеткізіп отырғанымызды атап өтті. 2014-2020 ж.ж. арналған ҚР сыртқысаяси концепциясында көпвекторлы қағидаты, ҚР сыртқы саясатының негізі ретінде прагматизм, баланс, өзара пайда, ұлттық мүдделерді қорғауда қарқынды түрде дамуда. Жасалған сараптама, сыртқы саясаттағы көпвекторлы саясаттың бір орында тұрмай, дамып жатқанын айқындады. Бүгін біз бұл тәсілдің тұжырымдамалық негіздерінің эволюциясы мен модернизациясы жайлы айта аламыз.

Гавр Университетінің профессоры П. Шабаль сөз сөйлеу барысында Қазақстанның аймақтық рөлі, дәл айтқанда, біздің еліміз Ресей – Қазақстан – Қытай аймақтық белдігінің бел ортасы екендігін сараптап өтті.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы екі жақты әріптестігінің маңызды стратегиялық бағыттарының бірі Скрэнтон Университетінің профессоры Ш. Бреннанның (АҚШ) баяндамасында сарапталды.

Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының әрі қарай дамуы жөнінде бірқатар пікірталас сұрақтар Р. Макдермотт (Ұлыбритания) докторының сөз салу кезінде қозғалды. Байзакова Қ.И. профессорының сөзі әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Қазақстанның рөліне арналды. Қарусыздандыру мен қауіпсіздік жүйелерін құрастыру үдірістерінің бәрінде қазіргі әлемнің даму тенденциялары мен өзіндік көзқарасын еске ала отырып, Қазақстан аймақтық және халықаралық әріптестіктің барлық деңгейлерінде нысаналы әрі белсенді қатысуда. ҚР қауіпсіздігіне әсері бар жаңа геосаяси белгілер – Қазақстан шекарасының периметрі бойында ел мүмкіндіктерінің өсуі мен саясаттық кеңестіктің күрделенуінің айқын белгісі болып табылады.

БҰҰ мен бүкіләлемдік қоғаммен мойындалған халықаралық қауіпсіздікті нығайтуда, Қазақстанның рөлін сараптай отырып, профессор Байзакова Қ.И. Қазақстанның шын мәнінде және конструктивті түрде өз үлесін қосқандығын дәлелдейді. Ал Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кенесінің тұрақты емес мүшесі болып 2017-2018 жылдарға тағайындалуы – халықаралық қауіпсіздіктің әлемдік күнтәртібіне үлесін қосады.

Дәл осылай, конференция барысында қазақстандық және шетелдік мамандар Қазақстанның сыртқы саясаты туралы көптеген сұрақтар бойынша пікір алмасты.