БҰҰ моделі - жасөспірімдер көзімен
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері екі күн бойы Өскемен, Павлодар және Семей қаласының оқушыларына тренингтер мен конференциялар арқылы БҰҰ моделі жөнінде толыққанды ақпарат берді. Бұл іс-шараның ұйымдастырылуына себеп болған – аталмыш мектепте оқытылатын «БҰҰ моделі» атты курс және оның жаңаша жобалануы.
- Өткен жылдан бастап пәннің жобасы өзгерді. БҰҰ курсы осы пәнге енгізілген. Негізгі мақсат – оқушылардың жаһандық көзқарасын қалыптастыру, туған жеріне деген сүйіспеншілігін әлемдік деңгейде көрсетуге мүмкіндік туғызу. Ғаламдық проблемаларды шешу жолдарын қарастыру – БҰҰ моделі пәнінің өзекті тұсы,- дейді жаһандық көзқарастар және жобалық жұмыстар пәнінің мұғалімі Назым Мақсұтқызы.
Бұл пән 11 сыныптарға міндетті сабақтар қатарында 1 жылдық курс ретінде оқытылса, 12 сыныпта қызығушылығы артқан оқушылар таңдау бойынша оқи алады екен. Ағылшын тілінде жүргізілетін пәнге алғашында білім алушылар тосырқай қараса, қазіргі таңда олар әлемдік деңгейде ойланып, ғаламдық мәселелердің шешімін табуға талпынады екен.
«Жаңа жібек жолы» моделі аясында өткен екі күндік тренинг пен конференция барысында алғашқы күні мектеп оқушылары әлем туралы ақпарат алды. Әр мемлекеттің ойлау жолы әртүрлі екендігін тереңірек түсініп, дипломатия, келіссөздер жүргізу, сын тұрғысынан ойлау, ымыраға келу, шешендік өнер, жазу және зерттеу жүргізу тақырыптары бойынша білімдерін молайтты.
Ал келесі күні әр оқушыға талдауға дамушы және дамыған елдер қатарындағы белгілі бір мемлекет берілді. Берілген мемлекетті негізге ала отырып, олар «Туризмнің экономикалық дамуы» тақырыбында өзара пікірсайыс өткізді. Яғни оқушылар өздеріне берілген елдің атынан туризмнің экономикалық дамуы, саланы дамытудағы кедергілер мен мүмкіндіктерді талқылады. Шара соңында олар уәкіл ретінде бір шешімге келді. Шешім енді Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ-ның бас штабына жіберіліп, оқушылар тарапынан келген ұсыныстар қарастырылатын болады.
Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ