IV Халықаралық Фараби оқулары аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы бірлесе отырып «Әл-Фараби және қазіргі заман» атты халықаралық Фараби форумын өткізді.
Шараға қазақстандық, шетелдік саяси және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Өзінің құттықтау сөзінде ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов «Әл-Фараби және қазіргі заман» форумы әлемдік деңгейде танылып, жылдан жылға ауқымы кеңейіп келе жатқанын тілге тиек етті.
«Бүгінде дамыған елдерде ақылды индустриядан ақылды қоғамға көшу үрдіске айналды. Осы орайда қоғамды қайта құру туралы «Индустрия 4.0» неміс бағдарламасы мен «Қоғам 5.0» жапон бағдарламасын баса атап өткім келеді. Неміс ғалымдары төртінші өнеркәсіп революциясын ақпараттық технологиялар мен өнеркәсіптің бірігуімен байланыстырады. Бұл бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға қарай Германия ғаламтор арқылы басқаруға мүмкіндік беретін өнеркәсіп жүйесіне көшуді жоспарлап отыр» ,- деді өз сөзінде Ғалым Мұтанов.
Экономиканы жаңғырту экономиканың барлық саласында технологиялық жаңғыртуды үдетуді жоспарлайды. Осы бағытта Президент экономиканың барлық салаларын өрбітетін «Сандық Қазақстан» жобасын жасауды тапсырды.
«Бұл ретте сандық технологияларды рухани технологиялармен қатар дамытуды жадымыздан шығармауымыз қажет. Осы орайда біздің университеттің «Al-Farabi university smаrt-city» ғылыми-инновациялық жобасы адами-рухани және технологиялық гармониялық үйлесімнің үлгісі болып табылады. Заманауи кезеңде «Smart-қалашықтар» тұжырымдамасының танымалдығы күннен күнге артып келеді. «Смарт» ұғымы тек қана ақпараттық коммуникациялық технологиялармен ғана шектелмей, «рухани технологияларды» да кеңінен қолдануды білдіреді», - деп атап өтті ректор.
Қазақтың біртуар азаматы, ақын, «Аз и Я» кітабының авторы Олжас Сүлейменов төрт жыл қатарынан форумның құрметті қонағы болып табылады. Өз сөзінде ол «Әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасын көпшілікке кең көлемде дәріптеуді қолға алу қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, академиялық деңгейде студенттердің шығыс ғұламасының туындыларына деген қызығушылығын арттыру керек. Өз кезегінде, Ғалым Мұтанов «Әл-Фараби және қазіргі заман» кітабының екінші бөлімі жарыққа шығатынын хабарлап, оның жеке бір бөлімі толықтай Олжас Сүлейменовке арналатындығын айтып өтті.
Форум жұмысына белгілі қазақстандық, шетелдік саяси және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар белсене атсалысты. Солардың қатарында Каир университетінің профессоры Сабри Абулфутух, Дағыстан Жазушылар Одағы басқармасының жетекшісі Могамед Ахмедов (РФ), Түркі кеңесінің директоры Замин Алиев (Түркия), «Нұр-Мүбәрак» университетінің профессоры Ахмад Әли (Мысыр), филология ғылымдарының докторы Бадирхан Ахмедов (Әзірбайжан), драматург, прозаик Анатолий Ким (РФ) секілді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері өз құттықтауларын жеткізіп, алдағы уақытта серіктестік аясын кеңейтіп, Әл-Фараби идеяларын насихаттауда күш жұмсауға дайын екендіктерін білдірді.
Шығыстану институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Әбсаттар қажы Дербісәлі және Огайо университетінің профессоры Джеймс Петрик «Әл-Фараби армандаған қайырымды қала» және «Әл Фараби қайырымды басқару туралы» тақырыпта баяндамалар оқыды. Жыл сайынғы дәстүрге сай ғалымдар Әл-Фараби мұрасын зерттеуге атсалысқаны үшін ҚазҰУ-дың мерейтойлық алтын медалімен марапатталды.
Форум қатысушылары ғылым мен білім беру интеграциясы, қазіргі қоғамның рухани-адамгершілік және интеллектуалды мәдениетін өркендету, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына негізделген жарқын қоғам құру тұрғысындағы «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға қатысты мәселелерді талқылады.
Айта кету керек, алғаш рет Әл-Фараби орталығы Қазақстанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ашылып, бүгінде әлемдегі үздік университеттерде (Ыстамбұл университеті, Иордан университеті, Карачи және т.б.) жалғасын тауып келеді, сондай-ақ, онда Шығыс ғұламасының еңбектері зерттелуде. Бұл бастама дүниежүзі ғалымдарының ынтымақтастығын күшейтетін жаңа заманауи тұғырнама болуға лайықты.
2014 жылы негізі қаланған «Халықаралық Фараби оқулары» онкүндігінің аясында халықаралық Фараби форумы, ғылымның әр салалары бойынша ғылыми-теориялық, ғылыми‐практикалық, ғылыми-әдістемелік онлайн конференциялар, халықаралық «Жасыл көпір – ұрпақтан ұрпаққа» атты студенттік форум, дөңгелек үстелдер мен семинарлар, «Фараби әлемі» атты студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық конференциясы, инновациялық жобалар байқауы өткізіліп, Ғылым күні мерекеленеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
баспасөз қызметі