АУДАРМАТАНУ ЖӘНЕ КОМПАРАТИВИСТИКАНЫ

7 сәуір, 2017

АУДАРМАТАНУ ЖӘНЕ КОМПАРАТИВИСТИКАНЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультетінің шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы ұйымдастыруымен  EXPO-2017 іс-шарасына арналған «Аударматану және компаративистиканы оқыту мен зерттеудің өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми және оқу-әдістемелік конференциясы өткізді.

Белгілі сыншы Сағат Әшімбаев: «Бүгінгі аударма – көркем ойдың алтын көпірі», – деп айтқандай қазіргі кезде аудармаға, аудармашыларға қойылатын талаптар да жаңа белестерге көтерілді. Біздің кафедрамыз да аударма мәселелерін зерттеп жүрген ғалымдардың басын қосып, аударматанудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында конференцияға алыс және жақын шетелдерден ғалымдар шақырды. Арнайы келген құрметті қонақтар қатарында Нидерланды, Амстердам университеті гуманитарлық факультетінің  профессоры – Margreet Dorleijn, Малайзия, Ноттингам университетінің Ph.D докторы  – Cristina Quintana Blanco, С.Демирел университеті, Филология және педагогика ғылымдары факультетінің деканы,  Ph.D доктор  Азамат Акбаров, С.Демирел университетінің  профессоры, ректор кеңесшісі  Дандай Ысқақұлы пленарлық мәжілісте баяндамаларын оқыды. Бағдарламаға сәйкес онлайн режимде Венгрияның Кодолани университетінің PhD докторлары Judit Szitó,  Gábor Wertheimer, Viktória Albert, Richter Borka, Pál Szemere байланысқа шығып, аударматанудың заманауи мәселелері туралы баяндап, өз пікірлерін ортаға салды, өзге де баяндамалар тыңдалып, пікірталастар болды. Конференцияда аударматану және салғастырмалы лингвистика; шетел филологиясы және аударма ісі; көркем аударма және компаративистика; оқыту технологиялары тақырыбы бойынша 4 секция жұмыс жүргізілді. Аударматану әдістемесі, әдеби байланыстар, көркем аударманы талдау мен бағалаудың өзекті мәселелеріне назар аударылады. Аударматану әдістемесі мәселелерімен айналысатын мамандарға конференция материалдары негізінде  «Аударматану және компаративистиканы оқыту мен зерттеудің өзекті мәселелері» атты оқу-әдістемелік мақалалар жинағы дайындалды.

Аталмыш конференция барысында шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының магистранттары мен докторанттары  ғалымдардың баяндамаларын қазақ, орыс, ағылшын тілінде синхронды аударма жасап отырды.  

Белгілі аударматанушы Тәкен Әлімқұловтың: «Аударма үстінде шабыттанбаған, бейнетіне рахаттанбаған, жүректің қанымен жазбаған адам ана тілде ұзақ жасайтын дүние тудыра алмайды. Сонымен бірге, поэтикалық шығарманы сөзбе-сөз, жолма-жол аудармай, тұтас алып аудару керек. Ойдың, сезімнің, образ жүйесінің жиынтығы сомдалып шығуға аудармашының қанынан қайнап шығу керек. Аудармашыны актерге ұқсас деген сөз менің көкейіме қонбайды. Аудармашы-автор» – деген пікірімен қорытындылай келе, «Аударматану және компаративистиканы оқыту мен зерттеудің өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми және оқу-әдістемелік конференциясы өз мақсаты жетті деп ойлаймыз.

 

                                                                                                                                     Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шетел филологиясы және аударма ісі

                                                                                                                                                                 кафедрасының профессор м.а., ф.ғ.к., Қазыбек Г.Қ.

                                                                                                                                                                                                      аға оқытушы Әзімбаева И.Қ.