«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

13 тамыз, 2010

Бір ғана жоғары оқу орнындағы 3200-ге жуық грант – қазақстандық білім кеңістігіндегі бұрын-соңды болмаған үздік көрсеткіш.

Қазақстандық мыңдаған мектеп түлектерін екі айға жуық мазалаған сұрақ «қай оқу орнынан білім алу?» еді. Өмірлерінде ең маңызды қадамға шешім қабылдай отырып, жастар білім сапасына, ЖОО беделіне, сонымен қатар болашақта жұмысқа бірден орналаса алу мүмкіндігі сияқты талаптарға терең мән береді. Бұл жылы мемлекеттік грант иегерлері болып табылатын белсенді жастардың басты таңдаулары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне бұрды.

Еліміздің жетекші университеті тағы бір кезек өзінің білім тереңдігін дәлелдеп, беделін паш етті. Оқуға түсушілер санының рекордтық көрсеткіші – Қазақстан университеттері үшін жаңа бастама тәрізді. 3200-ге жуық грант иегерлерін оқуға қабылдаған ҚазҰУ көшбасшылыққа жетті. Сонымен бірге ҚазҰУ оқуға 700-ге жуық «Алтын белгі» иегерін және 150-ден астам халықаралық олимпиада жеңімпазын қабылдады. Бұл кездейсоқ жағдай емес. Бұл - ҚазҰУ ел сенімі мен үмітін ақтайтын, бәсекеге қабілетті маман-кадрлар дайындайтын қазақстандық жетекші білім ордасы екендігінің тағы бір көрінісі.

ЖОО таңдау – адам болашағына қадам бастау болып табылады. Осы орайда еліміздегі жастар назарының ҚазҰУ-ға көп аударылуы олардың ертеңіне деген сенімі осы университет қабырғасынан басталтындығының айғағы десек артық болмас. Осы таңға дейін еліміздегі элиталар құрамын қанаттандырған ҚазҰУ біліміне жастардың сенімі зор. Осы орайда, жалпыұлттық рейтингіде бірінші орынды алып отырған білім ордасына түскен студенттерді ел ертеңі деп айтуға негіз бар.

Жақында ғана, еліміздегі ең үздік университеттер тізімінде ҚазҰУ көш бастап, бірінші орын алған болатын. Мұндай көрсеткішке жетіп отырған қарт білім ордасын артық жарнамалаудың да қажеті шамалы. Білім саласындағы арнайы сарапшы мамандар, ҚазҰУ - қазақстандық жоғары мектеп пен әлемдік әдістемелік білім орталықтарын байланыстыратын көпір дегенді алға тартады. Еліміздегі бірде-бір университетте дәл осы ҚазҰУ-дағы сияқты заманауи кешендер мен ғылым орталықтары жоқ. ҚазҰУ-да бүгінгі таңда білім кеңістігінде үлкен маңызға ие болып табылатын 25-тен асқан ғылыми зерттеу институттары, орталықтар мен технопарк және ұлттық нано зертхана жұмыс істейді. ҚазҰУ-да қалыптасқан ең үздік оқу жүйесі студенттердің жан-жақты маман болып даярлауына үлкен септігін тигізіп, олардың халықаралық білім кеңіcтігінде де иық тіресетін мықты кадр болуына жағдай жасайды. Оқу жүйесінде қолданылатын кредиттік технология әлемдік білім стандарттарына сай келеді.

Әлемдік білім стандарттарына көшуді еліміздегі ЖОО арасында ҚазҰУ алғаш қолға алған болатын. Ал нақты жетістіктер соңғы 2-3 жылда байқала бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ҚазҰУ-ды дамытудың жаңа стартегиясын қолға алуы барысында бұл университет түбегейлі дамып, өркендеп келеді. Халықаралық аккредитациялар, Университеттердің Болон Хартиясына қосылуы – барлығы да студентер санының өсіуіне игі ықпалын тигізіп отыр. Бүгінде университете білім алғысы келген студенттер саны жылдан-жылға өсуде. ҚазҰУ-да мыңдаған белсенді жастар білім алады. Олар жыл сайын шетелге шығып, студент алмасу бағдарламасы негізінде екі жақты білім алу мүмкіндігіне ие болады. Жыл сайын ҚазҰУ-ға келетін шетелдік студенттер саны да артуда. Еліміздегі жалғыз студенттік кампус ҚазҰУ қалашығындағы орналасқан емхана, тамақтандыру комбинаты, кинотеатр, кітапхана, студенттер сарайы, интернет орталығы жастардың сапалы білім алуымен қатар, салауатты өмір сүруінде қамтамасыз етеді. ҚазҰУ көрсеткіштері еліміздің барлық жоғары оқу орындары үшін тамаша мысал болып табылады.

Ершай Әзірет