“Ана тілі” Ұлт газеті

19 августа, 2010

Қазақ ғылымының Құралайы

Отбасын гүлдендірген әрі өзін де, қазіргі заман тілімен айтқанда, тұлға ретінде таныта білген әйелдер некен-саяқ. Замана көшінен қалмай, іскерліктің үдесінен шыққан сондай жанның бірі – жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының меңгерушісі, профессор Құралай Аққошқарова. Әрине, бүгінде алпысқа аяқ басқан қағілез апайымыздың өмірлік жолына көз жіберген болсақ, талай тәлім-тәрбие алар тұстарды тапқан болар едік.

Әлқисса, өткен жыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 75 жылдық мерекенің құрметіне дүбірлі думандарды бірінен соң бірін өткізгені белгілі. Сондағы ең бірінші “акорд” университет көлемінде үздік оқытушылар шеруімен басталған-ды. Яғни үздік оқытушыларға университет ректоры өз қолымен әл-Фараби атындағы Үлкен алтын медаль мен “Университетке сіңірген ерен еңбегі үшін” күміс медалін табыстады. Олардың арасында еліміздің ардақты ақсақалдары Сұлтан Сартаевтың, Тұрсынбек Кәкішевтің Әбілфайыз Ыдырысовтың, Уахит Шәлекеновтің болуы – заңды құбылыс. Ал осындай әрқайсысы асқар таудай ағалардың арасында қазақтың дарынды үш қызы Мая Шығаева, Гүлнар Надирова және Құралай Аққошқарова да болған еді.

Құралай апайымыз мұндай құрметке несімен ие болды? Әрине, тынбай еңбектеніп, өз мақсатына талмай ұмтылғандығының арқасы. Өзі де “өмірде қиналсаң да сыр бермей, майыссың да сынбау – шарт” дейді. Айтса айтқандай, оның бүкіл саналы ғұмыры ізденіс пен күреске, өзін іскерлік арнасында танытуға толы. Айталық, 1972 жылы ҚазМУ-дің физика факультетін үздік бітіріп, Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясындағы А.А.Байков атындағы Металлургия институтының аспирантурасына жіберілді. Осыдан кейін-ақ өмір деп аталатын теңіз толқындары алды да кетті. Анау-мынау ғалымның тісі бата бермейтін “Көпфазалы бинарлық жүйелердің диффузиясымен байланысының кейбір ерекшеліктері” тақырыбындағы қорғалған диссертация, оқытушылық пен меңгерушілікте атқарған қызметтер, онан кейінгі кезеңде уақытымен келген ғылыми доцент атағы – бәрі де алымдылықтың нәтижелері еді. Қала берді, осы кезге дейін 70 ғылыми еңбектің және де көлемі 58 баспа табақ 4 оқу құралының, көлемі 72 баспа табақ болатын көптеген оқу әдістеме құралдарының авторы. Бәрін айт та, бірін айт, қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы Патшайым Тәжібаеваның қызы және де Сәбит Досанов сынды белгілі жазушының жұбайы Құралай апай “құралай” дегендей-ақ жаны да, тәні де сұлу кісі. Атам қазақ “жүздескен кісісін жаздай жадырататын, сөйлескенін судай ерітетін” деп осындай кісіні айтса керек. Оның өзі де: “Өткен өміріме еш өкінішім жоқ. Ол маған өзінің қиындығымен де, қуанышымен де қымбат. Алла Тағала екінші өмір сыйласа, өткен өмірімді қайталауға әзірмін” дегенді айтады. Қалай десе де, ол алған бетінен қайтпас қайсар жанның бір үлгісі ретінде әманда талайларға үлгі бала береді.

Гүлназира МҮЖІГОВА