Ірі қаржыгерлер ҚазҰУ-да қонақта
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың қасиетті қара шаңырақты еліміздің ең ірі ғылыми зерттеу орталықтарының ордасына айналдыру мақсатындағы іргелі идеясына орай, 12 қарашада университетте ҚР Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігінің төрағасы Аркен Арыстанов, осы агенттік аппаратының жетекшісі Нұржан Қабиев және «АӨҚО академиясы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Ольга Кузнецова қонақта болды. Кездесуге университет жетекшілігі және экономика, заң факультетінің басшылары мен оқытушылары қатысты.
Бас қосуды ашқан ректор Ғалымқайыр Мұтанұлы бүгінгі таңда университет алдында тұрған мақсат-міндеттерді саралап, оның Қазақстан қаржы саласын дамытуда білікті маман даярлау бағытында жасап отырған жұмыстарына тоқталды. «Сондықтан, мұндай отырыстардың ірі ғылыми зерттеу орталықтары ордасына айналу мақсатында біздің оқытушыларымыз бен студенттеріміз үшін берер тағлымы мол» деді ректор.
Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығын құру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен дүниеге келгені белгілі. Қазірде осы идеяны жүзеге асыру барысында агенттік қарқынды жұмыс істеп келеді. Дәл қазіргі уақытта оның алдында 2020 жылға дейін Алматыны Азия елдері арасында ірі қаржы орталығына айналдыру міндеті тұр. Осы мақсатта, жүйелі жұмыстарды атқарып отырған агенттік төрағасы Аркен Арыстанов: «Ақша қандай елде, қай жерде қауіпсіз, сол жерге барып тұрақтайды. Біздің саясат – Қазақстанды болашақта осындай инвестициялық ауа-райы жайлы, қаржылық біліктілігі жоғары мемлекетке айналдыру. Осы орайда біз, азаматтардың қаржылық білімін арттыру бағытында қыруар жұмыс жасап жатырмыз» дегенді алға тартты.
Сарапшылардың пікірінше, бір кездері әлем қаржысын өзіне топтастырған Лондонның басынан жақын күндері бақ таюы мүмкін. Өйткені, онда қаржы қауіпсіздігінің тиімділігі күн өткен сайын азайып барады. Бұл қаражат біраз жылда Шанхай, Гонконг, Сингапурға қарай бағыт алса, оның аз да болса бөлігіне «құда түсу» Алматы өңірлік қаржы орталығының басым бағыты болмақ.
Агенттік халықтың қаржылық сауатын арттыру бағытында көптеген жоспарларды қамтып отыр. Оның ішінде, ірі қаржы компанияларының акционерлері болуға қарапайым жұртшылықты шақырып, акционері болған мекемелердің қаржы айналымына бақылау жасап, одан қалай пайда табуға болатынын түсіндіріп, ағарту жұмыстарына барлық мүмкіндіктер жасау үстінде. «Бұл сіздердің оқытушыларыңызға ғана емес, студенттеріңізге де зор мүмкіндік» деген қаржыгерлер университеттен жеке инвесторлар клубын ашуға ұсыныс тастады. Өз кезегінде университет басшылығы қаржы саласына байланысты іргелі ағартушылық жұмыстарын жүзеге асыратын ғылыми зерттеу орталығын ашып, жас брокерлер мен қор биржасының мамандарын тәрбиелеуге кеңес берді. Ашық жарқын сұқбаттасу бағытында өрбіген отырыс соңында тараптар тың ұсыныстар әзірлеп, бұған дейін қол қойылған екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жаңа серпінмен дамытуға уағдаласты.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі