"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газет

2 декабря, 2010

РЕКТОРЛАР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ БІРІГІП КҮРЕСПЕК

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Алматы қалалық жоғарғы оқу орындарының ректорлары жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу жолдарын талқылады. Ректорлар Қазақстан білім беру ісіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы күрес мәселелері тиянақты түрде қарастырылып, оқу ордалары арасындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде тәжірибе алмасу мәселелерін қарастырды.

Кездесуге Абай атындағы ҚазҰПУ, Тұран, М.Тынышбаев атындағы ҚазККА, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты, Каспий университеті, ҚазҰТУ, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, ҚазҰАУ, Алматы энергетика және байланыс институты, жекеменшік унивеситеттің басшылары қатысты.
- Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық - заң бұзушылықтың ең үлкен түрі. Бұл барлық оқу орындарына ортақ мәселе, сондықтан аталмыш басқосу еркін пікір алмасу түрінде өтсін, - деді сөз басында ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов. ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі проректоры Мұрат Орынханов өз баяндамасында университеттің оқу жүйесі толығымен компьютерленгендігін және студенттердің үлгерімін ашық түрде «универ» бағдарламасы арқылы бақылауға болатындығын мәлімдеді. Университеттегі интернет жүйесі ашық болғандықтан, парақорлыққа жол бермейді.
- Оқу саласындағы алаңдатып отырған проблемаларды алға қойып, жемқорлықты жою жөнінде тәжірибе алмасалық. Мысалы, бізде 28 оқу орнында қашықтықтан оқыту жүйесі жаңадан енгізіліп, іске асып келеді. Студент жұмыста отырып-ақ күнделікті оқу үлгерімін бақылай алады. Бұл жемқорлықты жеңуге өз үлесін қосады. Парақорлықпен алынған баға не студентке, не мұғалімге де керек емес. Мәселен, бір математик мұғалімге 95 студент, ал екіншісіне 5 студент жазылуы мүмкін, бұл студенттің пән мұғалімін таңдауда ерікті екендігін көрсетеді. Тексеру жұмыстарын қолға алып, барынша дерттің алдын алу керек, - деді ЖОО қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов.
Жемқорлыққа қарсы күрес - Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды басымдығы. Мұның өзі Қазақстанның 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясында көрініс тапқан. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің деңгейі жөнінен посткеңестік кеңістікте алдыңғы орында келеді.

Еркін ҚАЛДАН