"Заң" республикалық күнделікті газет

2 декабря, 2010

26.11.2010

Талас ОМАРБЕКОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақ халқының ежелгі және орта ғасырлар тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Тәуелсіздік, егемендік деген ұғым­ның қадір-қасиетін жан-дү­ние­мізбен ұға алдық па? Кейбір азаматтар бос­тандықты бізге оңай келе салғандай көреді. Осыған сіз қалай қарайсыз?
– Қазақ халқының тәуелсіздік алу тарихы өте тереңде жатыр. Тәуелсіздікке келу тарихымыз – тәуелсіздік сөзінің шығуымен байланысты. Арыға бармай-ақ қояйық, мәселен, моңғол тілді қидандардың (қазақ оларды «қарақытайлар» дейді. Бірақ, қидандар қытайлар емес, олар көне моңғол тілінде сөйлейтін қазақтар болатын), одан кейін Шыңғысханның келуі. Оны қанша жерден ірі тұлға дегенмен, оның жорықтарындай отарлау болған жоқ. Әрине, жалпы, моңғол мемлекеті жаулау жолымен құрылғаны белгілі. Ұлы қағанның жаулау жорықтарының қазақ халқының қалыптасуында тиімді тұс­тары жетерлік. Ол басқа мәселе. Енді, бергі кезеңдерге келсек, қазақ хандығының құрылуының өзі үлкен дүрбелеңдердің, тәуелсіздік үшін күрестің нәтижесі. Жәнібек пен Керей Ақ Орданың аумағынан, Деш­ті Қыпшақтың шығысынан Моғолстанға қа­шып келіп, Моғолстандағы рулас, тайпалас халықтардың арасында мемлекеттілікті нығайтқан болатын. Ал, қазақ атауының, қазақ мемлекеттілігі, хандығының өзі үлкен тәуелсіздік үшін күреспен өтті.

-Бергі жағдайдағы орыс отарлауын терең­детіп айтып жатпай-ақ қояйық. Ол туралы кез келген қазақ зиялысы жақсы біледі. Осы оқиғалардың жалғасы – Қазақстанның 1991 жылы тәуелсіздік алуы. Тәуелсіздік алуымыз қалайша кездейсоқ болмақ?

-Арғы тарихымыздың барлығы да қа­зақ деген ұлтты қалыптастыру үшін үлкен күрестермен өтті. Қазақ алдымен үш сан алашты, сосын алты сан алашты қалыптастыру үшін күресті. Алты сан алашқа алты ру тайпа кіреді. Бұл түркі халықтары емес, ол – өзіміздің тайпалар. Үлкен-үлкен қауымдастықтың алғашқы үшеуі, яғни, жалайыр, қоңырат, алшын – үш сан алаш, одан кейін тағы да арғын, найман, қыпшақ қосылып, ал­ты сан алаш қауымдастығы құрылды. Ол кезде қазақ деген атау шыққан жоқ. XIV ғасырға дейін ел, ұлт болып қа­лыптасу үшін үш сан алаш алты сан алаш қауымдастығын қалыптастыру үшін үлкен күрестер жүргізуге тура кел­ді. Бұл – үлкен қанды жорықтардың, шетелдіктердің, көршілеріміздің басып алу іс-әрекеттерінің барысында қалыптасқан қауымдастық. Қа­зіргі кезде «алашпыз» деп айтып жүр­міз. Алаш – қазақ сөзінің синонимі. Ал, енді XV-ғасырда Жәнібек пен Керей құрған мемлекет, ол да тәуелсіздік үшін күрестің барысында өзімізді туысқан түркі халықтарынан ажыратып, өзіміздің жеке ел болуымызды көздеді. Әмір-Темірге қарсы жорықтар қаншама? Осындай қиян-кескі замандардың барысында біздің еліміз «қазақ» атанып, содан кейін «Қазақ» деген мемлекетті құрдық. Ал, солтүстіктен, сосын оңтүстіктен Қытай, Ресей сияқты үлкен алпауыттар көз алартып қарайтыны белгілі. Жасыратын түгі жоқ, бұл – үлкен саясат. Осындай ауыр жағдайда біз, әсіресе, орыстардан көп қорлық көрдік. Бұл жерде мен орыстың самодержавиелік мемлекетін айтып отырмын. Қиын жағдайда біздің тәуелсіздік үшін күрескенімізді неге ұмытамыз? Ға­сырлар бойы тәуелсіздікке деген қадамымыз қиян-кескі қантөгістермен, әртүрлі дипломатиялық әрекеттермен жүргізілді. Біздің қазақтың мықты-мықты үш төбе биі – Төле, Қазыбек пен Әйтеке билер, бұлардың бәрі де тәуелсіздік үшін күресті. Сөйтіп, ұлттық деңгейдегі билер қалыптасты. Тіпті, тайпалық билерді де шығарды. Қазір әр ауылда бір-бір батыр бар. Ол «дұрыс емес» деп жатыр. Әрбір рудың – рулық, тайпалық деңгейдегі батыр­ларын ұлттық деңгейге, мәселен, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай секілді үлкен тұлғалардың қатарына қосуға болмайды.

– Яғни, бізге тәуелсіздік өздігінен келген жоқ. Ол үшін қазақ ұлты барын сарп етті. Ал, сәл беріректе, патшалық Ресей кезінде мемлекеттік Думаға депутат болған Бө­кейханов, одан да беріректегі Алаш ардагерлерінің тәуелсіздік жолында алатын орны қандай?
– Әлихан Бөкейхановтың біздің тари­хымызға қатысты екі үлкен монографиясы бар. Ол қазақ халқының бостандығы жолындағы күресін сипаттайды. Менің түсінігімше, Ә.Бөкейханов та, М.Шоқай да, М.Тынышпаев та, Х.Досмұхамедов те Алашорданы құрған және Алаш қоз­ғалысын басқарған. Үлкен тарихи тұлғаларымыздың барлығы да шын мә­нінде аяқ астынан шыққан жоқ. Бұ­лар жаңа жоғарыда айтып кеткен та­рихи үдерістердің барысында пайда болған Абылайхан сияқты тарихи тұл­ғалардың ізін жалғастырушылар. Бі­рақ, олардың өзіндік ерекшеліктері бол­ды. Ә.Бөкейханов бастаған топтың ерекшелігі – орыстың мықты университеттерінде орысша білім алып, орыстың психологиясын, мінез-құлқын жақсы меңгерді. «Ресейден біз қандай пайда табамыз, орыс қазақ халқына қандай жақ­сылық, жанашырлық жасай алады?» дегенді таразылай келіп, ұлттық мүддені қорғап, өткен тарихты терең қазып зерттеп, соның нәтижесінде тә­уелсіздік үшін күреске шын мәнінде жол көрсеткен тұлғалар. Бұлардың тағы бір ерекшелігі – олар негізінен, орыс самодержавиесінің кезіндегі қа­лыптасқан құлдық психологиясының ерекшеліктерін, сондай-ақ, қазақ хал­қы­ның экономикалық-саяси, мәде­ни мүм­кіндіктерін айқын аңғарды. Сон­дықтан да, Ә.Бөкейханов: «егер де біз Түркістанмен бірге кететін болсақ, онда арбаға түйе мен есекті жеккендей боламыз», – деді. Түйесі – қазақ, есегі – Түр­кістан. Ал, Сібір автономиясындағы өз ұлтымызға жаны ашитын Ядронцев, Потанин сияқты кісілермен тіл табысуды шет көрмеді. «Сібір автономиясымен бірге ақырын отарлаудан шығып, ішіміздегі орыстарды өзімізбен бірге ала кетейік. Оларды тәрбиелеп, жөндеп алайық (бұл жерде психологиясын, мінез-құлқын айтып отырмын). Сөйтіп, Сі­бір автономиясымен бірге біраз жерге барып, өзіміздің саясатымызды жолға қойып, белгілі бір алғышарттарымызды қалап алғаннан кейін Потанин, Ядронцев сияқты жанашырларымызға «ал, сіздің жолыңыз анау, біздің жолымыз мынау» деп, айқын жолымызды ашық айтып, өзіміздің тәуелсіздік жолымызға түсейік» деп ойлады. Міне, осы жоспарды 1991 жылы Кеңес Одағы құлаған кезде жүзеге асыруға толық мүмкіндік алдық. Бағымызға қарай, алып империя ыдырап жатқан кезде тағы да орыстың психологиясын, орыс мемлекетінің саясатын, ең бастысы, Мәскеудің саясатын жақсы білетін, сол саясаттың ортасында қайнап шыққан Н.Назарбаев сияқты тұлға біздің мемлекетіміздің басында отырды. Ал, мұндай саясаткер болмай, мысалы, талантты жазушымыздың немесе үлкен ғалымдарымыздың бірі отырған болса, жағдайымыз қалай болар еді? Басшы болғаннан кейін халықтың сын айтуы және үлкен саясатта кемшіліктің орын алуы – ол заңды. Бірақ, Назарбаевтың дәл сол кезеңде біздің мемлекеттің басында қалуы үлкен бақытымыз болды. Біздің тәуелсіздігіміз берік нығайып, даңғыл жолға әлі түсе қойған жоқ. Осы­ның нақты мысалы, Павлодар мен Пет­ропавлдың дәл Астананың іргесінде тұр­ғаны. Мұндай атауларды өзгертуге шамамыздың жетпей тұрғаны, ұлтаралық жанжалдан қорқып отырғанымыз елдің бәріне белгілі жайт. Бұл нені көрсетеді? Біздің тәуелсіздігіміз шын мәнінде Қытай, Түркия сияқты деңгейге көтерілген жоқ. Тіпті, тіл жағынан, психологиямыз, рухани жағынан да «тәуелсізбіз» деп, ауызбен айтқанымызбен, іс-әрекетіміздің бәрі сол отар елдің іс-әрекетімен сәйкестеніп жатыр. Бұл – заңды. Өйткені, біз отар­шылықтың шапанынан шыққан елміз.
–Содан арылу үшін не істеуіміз керек?
– Менің ойымша, алдымен мемле­кетімізді нығайтып алуымыз керек. Мемлекетіміз қазір ешбір шайқассыз, қақ­тығыстарсыз, әсіресе, ұлтаралық жан­жалдарсыз қалыптасып келеді, одан кейін үлкен-үлкен алпауыт елдермен дұрыс бейбіт саясат жүргізу арқылы, оларға өзімізді, өзіміздің егемен ел, тәуелсіз мемлекет екендігімізді, саяси-әлеуметтік тұрғыдан мойындатуымыз қажет. Н.Назарбаевтың шақырып отырған Саммитін мен солай деп қабыл­даймын. Ал, мемлекетімізді басқа елдер мойын­дағаннан кейін барып қана біз нығая аламыз. Қазақстанның қандай ел екенін әлі де болса кейбір мемлекеттер ұға қоймаған тәрізді. Елбасы ары-бері әр­түрлі кездесулер өткізу арқылы басқа елдерге барып, үлкен басқосуларға қа­тысып, шын мәнінде, Қазақстан деген елді насихаттап жүр. Осы тұрғыдан алғанда Нұрсұлтан Назарбаев та сая­саткер, ол да екі алпауыт мемлекеттің ортасында «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» саясат жүргізуге мәжбүр. Бастысы, бұл саясатта қазақ хал­қының мүд­десі қорғалып отыр ғой. Осыны ұмыт­пауымыз керек. Қазақ деген ұлттың мүд­десін, мемлекетін кім қорғайды? Кім қор­ғай алады? Соның қолына билік беруі­міз қажет. Осы тұрғыдан келгенде біз­ге қазірге осы Елбасы өте қажет деп ай­тар едім.
– Орыс саясаткерлерінің арасында бір сөз бар, «біз коммунизмді құлатамыз деп, Ресейді – ұлы мемлекетті ыдыратып алдық» дейді. Біздің елдегі өзін оппозиция санайтын топ осыны түсінбейтін сияқты. Сіздің әңгімеңізден ұққанымыздай, біздің мемлекет – мемлекет болып тұру үшін өзінің тұлғаларын бүкіл кемшілігіне қарамай, қолдап, қор­ғап жұмыс істеуі керек қой?
– Мен айтар едім, Түркі қағанаттары кезінде біз қағандарымыздың арқасында ел болған халықпыз. Қағандарымыздың төңірегіне топтасып, қағандарымызды қолдадық. Содан кейінгі кездегі Алтын орда дәуірінде де солай еттік. Біз Ал­тын орданы басқарған хандарды қол­дап, солардың соңынан ілесіп жүрген халықпыз. Ал, енді одан бергі Жәнібек пен Керейге ілесіп, алғаш санымыз 200 мыңға жетіп, Мұхамед Шайбани бастаған топты Қазақстан аймағынан Ор­та Азияға қоныс аударттық. Сөйтіп, өзі­міз ұлт болып қалыптастық. Ал, қазақ хандарының бүкіл тарихына қарасақ, біз әрқашан да хандардың соңынан ілескендіктен, хандарымызды сақтап қалғандықтан ұлт болғанбыз. Біздің халқымыз үш жүзге бөлінген кезде де (Есім хан жүзеге асырған реформа. Есім хан, амал жоқ, қазақты үш жүзге бөлуге мәжбүр болды. Өйткені, айналамыз толы жау еді) елімізді, жерімізді қорғап қалу үшін үш жерден үш хан сайладық. Олар елдің тыныштығын қамтамасыз етті. Бұл да үлкен саясат болатын. Қазақ деген біртұтас ұлтты үшке бөлу – ішкі-сырт­қы саясаттың жағдайына байланысты туындаған объективті-субъективті амалсыздықтан жасалған еді. Осыны түсінбейтін азаматтар бар. Бізде жеке тарихи тұлғалар жалпы халықтың мұң-мұқтажына бейім болуға тырысты. Оған да шүкіршілік айтамыз. Ал, енді, әри­не, тақта отырған хандардың өзінің халқын, қазақ қоғамын ұмытып, жеке ба­сын күйттеп кеткен жағдайлары да аз болмаған. Дегенмен де, біздің ұлттың іргелі ел болған себебі, өздерінің қағандары мен хандарының, билерінің төңірегіне топтасып, соларды қолдап, қорғап, соларды сақтап қалуға тырысуынан. Және біздің психологиямыз сол, халқымыз бас­шы етіп сайлап қойған адамының со­ңына дейін бірге барады. Соныменен ел болып, соныменен береке тапқан, соныменен ынтымағымыз қамтамасыз етілген халықпыз. Қазақстанға қазіргі уақытта тәуелсіздігін нығайту үшін не қажет? Біріншіден, мықты басшы қажет. Біз Еуропамен, Америкамен өзімізді салыстырмауымыз керек. Оларда басқару үлгісі басқаша қалыптасқан. Олардың қоғамдық, мемлекеттік деңгейіне біз әлі жеткен жоқпыз. Бүкіл психологиялық жағдайымыз да, экономикалық ахуалымыз да, саяси деңгейіміз де ол елдердің деңгейіне әлі көтерілген жоқ. Біз әлі де өтпелі кезеңдеміз. «Қа­зақстанда демо­кратиялық құрылыс орнады ма?» десе, мен: «Жоқ, біз де­мо­кратияға ба­ра жатырмыз, бірақ, демократия әлі то­лық орныққан жоқ», – деймін. Яғни, қай жа­ғынан қарасаңыз да, біз өтпелі дә­уір­деміз. Әлі толық дамымаған мемлекет­піз. Осындай жағдайда бізге қайта-қай­та басшыны ауыстыра беруге қандай қажеттілік бар? Егер де ол басшы әлем таныған, әлем мойындаған басшы болса, Қазақстан мемлекеті мүд­десі үшін табанды түрде, сондай-ақ, са­бақтастықпен бұрынғы дәстүр-салтымызды сақтай отырып күресе алатын басшы болса, біз «Америка, Франция, Англия сияқты болуымыз керек» деп, басшыларымызды ауыстыра беруіміз ке­рек пе? Меніңше, Қазақстанға қазір ел таныған, жұрт таныған басшы ауадай қажет.
–Ендеше, сіз осы сөзіңізбен же­ке ірі тұлғалардың ұлтты қалып­тастырып, оның тарихи-табиғи да­муы жолындағы рөлі ерекше де­мек­шісіз ғой...
– Бұл жерде мына жайтты түсініп алуымыз керек. Біз тоталитарлықтан кеткенімізбен, әлі батыстық толыққанды, классикалық үлгідегі демократиялық қоғамды құрға­нымыз жоқ. Ол жуық арада орнықпайды да. Оған уақыт керек. Өйткені, қазақ – хандардың басқаруынан және орыс отар­шылдығының құшағынан шыққан халық. Біздің санамыздан, тіпті, орыс отаршылдығын жұлып алып тастаса да, біз қазақ хандары басқарған ел болып қала береміз. Біздің тарихымыз – қазақ ханына бағынған тарих. Бір адамды мо­йындаған, содан хан сайлаған, осындай ортада, осындай психологияда біз демократиялық қоғамға жылдам өте аламыз ба? Жоқ. Мен бұл жерде экономиканы, саясатты айтпай-ақ қояйын, біздің психологиямызға оңай тимейді. Қазақтың өзінің психологиялық ахуалы – бір адамға бағыну психологиясы.
– Мәселеге осы тұрғыдан келген кезде, ғаламдастыру деген үлкен жайын келе жатыр. Біз осыған қан­дай дайындықпен баруымыз керек? Барымыз бен жоғымызды қалайша түгендеп алып, кіруіміз керек? Есікті тарс жауып алсақ, тағы болмайды дегендей...
– Ең бірінші, халықаралық аренада біз қазақ деген ұлтты саяси жағынан бүкіл әлемге мойындатып алуымыз керек. Қазақстанның шекаралары белгіленген картасын бүкіл әлем қабыл­дауы тиіс. Осы арқылы халықаралық қауымдастықпен қоян-қолтық, ашық та тығыз жұмыс істеуіміз керек. Екіншіден, біз өзіміздің тарихымызды, түрік екенімізді ұмытпауымыз қажет. Біздің бүкіл тарихымыз түркі ха­лық­тарының тарихымен біте қайнасып жатыр. Солармен қарым-қа­ты­насты нығайтып, түркі мәдениетін дә­ріп­теуіміз керек. Түркия сияқты, тіпті, отаршылықта жатқан татар, башқұрт сияқты елдермен де қатынасты нығайт­қанымыз жөн. Түркілерді рухани, мәде­ни жағынан біріктіруді ойлауымыз керек. Үшіншіден, біз Қазақстандағы ұлт­тарды модернизациялауға тиіспіз. Мұның қазақ ұлтына қатысы жоқ. Жалпы, қазақ өзі онсыз да бейімделгіш халық. Мінез-құлқы, адамгершілігі, басқаларды жат санамайтындығы жағынан көптеген қиыншылықтарға да кездесті. Дегенмен, жалпы алғанда, Алла бұл ниетімізді қабыл алған болар, осының арқасында ұлт болып келе жатырмыз. Бірақ, қазақ мемлекет құрушы ұлт қой? Қазақтың мем­лекет құрушы ұлт екенін ең алдымен Қа­зақстандағы славяндар сөз жүзінде мойындап отырғанымен, іс жүзінде мо­йындап отырған жоқ. Мұның себебі, олар қазақ ұлтының төңірегіне топтасуға ниет білдірмейді. «Осы ұлт мемлекет құрып отыр ғой, оларды сыйлайық, қадірлейік, төңірегіне топтасайықшы» деген ниет жоқ. Мәселен, Ресейде бар­лық ұлттар, халықтар орыс ұлтының тө­ңірегіне топтасуда. Амалдың жоғынан топтасып жатқандармен бірге, шын ние­тімен орыс халқын мойындаушылар бар. Менің ойымша, болашақта мемлекетімізді нығайту үшін осы ұлттық мә­селені шешпесек, жағдайымыз қиын болады. Санымыз болса көп емес. Басқа ұлттардың арасында насихат жұмысын, әсіресе, тарихи сананы модернизациялау мәселесін мықтап қолға алуымыз керек. Қазақстан халықтары Ассамблея­сы қарап отырмай, осы мәселелермен айналысуы тиіс. Әлгіндей ұлт өкілдеріне ашықтан-ашық айтып, түсіндіруді сол сияқты біздің Парламентіміз де, қоғамдық ұйым­дарымыз да қолға алуы қажет. Жақында Тараков дегеннің сұхбатын оқыдым. Ол «Бүкіл Қазақстанды, оның ішінде қазақ халқын да модернизация­лау керек» дегенді айтады. Меніңше, қа­зақты модернизациялаудың түкке де қажеті жоқ. Қазақ онсыз да бейімшіл ұлт. Оның бүкіл тарихын мен жақсы білемін. Біз осы уақытқа дейін кім басып алса, соған бейімделген халықпыз. Мәселен, қидандар басып алғанда, оған да көндігіп кеттік, Шыңғыс хан басып алғанда бейімделгеніміз былай тұрсын, Шыңғысханның ұрпағын өмір бойы хан сайлап қойдық. Орыстар басып алғанда, орысша шүлдірлеп кеттік. Біздің табиғатымыз осындай. Сондықтан, бізді модернизациялаудың түкке де қажеті жоқ. Біз өркениетке, білімге ұм­тылған, мінез-құлқымыз керемет, әлем­дік деңгейдегі халықпыз. Ал, бірақ, Қа­зақстанды мекендеп жатқан әртүрлі ұлт өкілдері өздерінің тарихи отандарына қарап, жалтақтап, анда-санда «мөңіреп» қояды. Алла бетін ары қылсын, егер ер­теңгі күні қазақтың басына бір қасірет түсетін болса, Қазақстанда тұрып жатқан көптеген ұлт өкілдері тарихи отандарына көше жөнеледі-ау деп ойлаймын. Ал, сол ұлт өкілдерінің арасында модернизациялау жұмысын мектептерімізде, оқу жүйесінде қазаққа бейімдеп, қазаққа жақын тартып, қазақты сыйлау рухында тәрбиелеуіміз керек.
– Жаңа сіз қазақ ұлты туралы әртүрлі пікірлердің бар екенін айттыңыз. Жақында «Время» газе­тінде өзін жазушы санайтын Қанат Қабдырахманов деген «Ұлтты қа­лып­тастыратын орыстілділер» де­ген тақырыппен сұхбат берді. Сіз осындай пікірлерге қалай қа­рай­сыз?
– Мен мұндай пікірлерге өте қарсы­мын. Неге десеңіз, егер де біз орыстандыру саясатын қайта қолға алатын болсақ, онсыз да соған дайын тұрған ел көп кешікпей-ақ қайтадан Ресейдің автономиялық республикасына айналамыз. Өйткені, Ресей біздің іргемізде. Ресей, Қытай сияқты елмен көрші тұрған кезде олардың тілін, мәдениетін өте сақтықпен қабылдауымыз керек. Дегенмен, бұл мәдениеттерден, әрине, көрші болғандықтан бас тарта алмаймыз. Бі­рақ, біз мынаны тағы ескеруіміз керек. Орыстанған қазақтардың жағдайы қалай? Әлгінде Петропавл мен Павлодарды атап кеттік. Петропавл мен Павлодарда қазақтардың біраз бөлігі әулие Петр мен Павел патшаның атын алып тастауға қарсы. Ол нені көрсетеді? Бұл – біздің орыстанған психологиямыз. Орыс мемлекетіне құлдық психология­сын­да тәрбиеленіп отырмыз. Ал, «Қа­зақстанның ұлттық мүдделері» деп кү­ресіп келе жатқанымыз кімнің арқасы? Қазаққа берілген ұлтшыл қазақтардың арқасы. Оның ішінде Н.Назарбаевтың өзінің де ұлтшылдық танытқан, ашық айтқан кездері аз емес. Ал, орыстілді қазақтар біздің тәуелсіздігіміз үшін қандай еңбек сіңірді? Басы – ғұламамыз, парасатты азаматымыз дейтін Олжасты алайық. Ол қазақ тіліне қалай қарап отыр? Егер оларды тыңдасаңыз, сіз қай елдің азаматы екеніңізді ұмытасыз. Қазақ тілін шын мәнінде мемлекеттік тіл етпей, оны Қазақстанда мекендейтін барлық ұлт өкілдерінің тілі жасамай (мұны күштеп жасаудың қажеті жоқ, әртүрлі білім беру мен саяси жолдар арқылы жүргізуге болады) мемлекеттілігімізді нығайту мүмкін емес. Қазақ тілі басқа ұлт өкілдерінің бі­рінші тілі болмай-ақ қойсын, біздің орыс тілінде шүлдірлейтініміздей оларды да қазақ тілінде «сайрайтындай» екінші тілі жасауымыз керек.
–Яғни, біздің ұлтшылдығымыз үнемі қорғаныс үстінде келе жатқан ұлтшылдық қой?
– Орыстарда «самосохранение» деген сөз бар. Біз де сол сияқты өз-өзімізді сақтау ниетімен өмір сүріп келе жатқан ұлтпыз. Баяғы ғұндардың кезінде, ата-балаларымыз көшіп-қонып жүрген кез­дің өзінде өзін-өзі сақтау ниетімен өмір сүрді. Қытайдың жылнамаларында мынадай жолдар кездеседі: Үш қағанға кеңесші болған Орхон жазуларындағы Тоныкөкті білесіздер. Біздің рубасыларымыз Тоныкөкке: «Біз қашанғы осылай көшіп-қонып жүреміз, көрші Қытайды қараңызшы? Қандай? Жағдайлары өте мықты. Сол үшін біздің Қытайдан қай жеріміз кем? Орхон өзенінің бойына қа­ла салайық, сөйтіп, отырайық, егін са­лайық. Қытай сияқты өмір сүрейік», – дейді. Сондағы Тоныкөктің айтқанын қа­зіргі тілмен таратып жеткізгенде: «Сен­дер мынаны түсінбейді екенсіңдер, Қытайдың саны жүздеген миллион (сол кездің өзінде), сендердің сандарың (түр­кілерді айтып отыр) 1 миллионға да жет­пейді. Осындай жағдайда, жарайды, бәріміз ру-ру, тайпа-тайпа болып қа­ла салдық. Миллиондаған Қытай келеді де, сол қалаларды қоршап алып, түк қалдырмай қырып тастайды. Егер Қытай бізге басып кірер болса, сендердің барлығың тау-тасқа, орман-тоғайдың арасына қашып-пысып, тасада жасырынып қаласыңдар. Түркілер көшпелі өмірдің арқасында осылай аман келе жатыр», – дейді. Сондықтан, қазақтың өмір сүру болашағы – оның өзінің өмір сүру болмысына бейімделуі керек. Біз басқа халықтардың тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын қабылдауға құмар болмауымыз қажет. Әрине, біз жаһандану заманында оларды қабылдамай тұра алмаймыз. Біз ағылшын тілін жақсы біліп, басқа елдермен жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек. Дегенмен, ешуақытта өзіміздің қазақ екенімізді ұмытпауға тиіс­піз. Әйтпесе, біздің мемлекетіміз де, еліміз де болмайды, ұлтымыз жоғалып кетеді. Тоныкөктің айтып отырғаны да өзін-өзі сақтау психологиясы. Халықты қор­ғап қалу психологиясын ол да жақ­сы білген. Яғни, Қытай сияқты үлкен мемле­кетке қасқайып қарсы тұруға түр­кілердің шама­сының жетпейтінін пайым­дап отырған. Ғұндар Қытайға қарсы тұра алма­ған­дық­тан батысқа көшіп кетті ғой. Бүкіл тарихымызды қарасақ, біздің қағанаттар мен хандық құруымыздың тарихы, бәрі де өзін-өзі сақтау үшін жасалған шаралар. Бүгінге дейін «Қайтсек ел боламыз, қайтсек ұлт боламыз, қайтсек тілімізді, салты­мызды, дәстүрімізді, мәдениетімізді қор­ғап қаламыз?» деген сары уа­йыммен жүріп келдік. Әлі күнге сол уа­йыммен келеміз.
–Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Аманхан ӘЛІМҰЛЫ, Айман СЕЙІЛБЕКҚЫЗЫ,
«Заң газеті»