"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газет
07.12.10.
Сырттан келген лауазымды тұлға, мәртебелі қонақты халқымыздың бар әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрін көрсете отырып, сән-салтанатпен қарсы алу, мемлекет басшылары деңгейіндегі кездесулерді ұйымдастыру - мемлекеттік хаттама қызметінің міндеті.
Лауазымды тұлғалардың ресми кездесудегі барлық іс-әрекеті, киетін киімі мен ас-ауқаты кездесудің арнайы хаттамасы бойынша іске асады. Қазақстанның мемлекеттік хаттамасы туралы кеңінен баяндалатын алғашқы кітаптың авторы, ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бауыржан Байбек кеше ҚазҰУ-дың студенттерімен кездесіп, арнайы дәріс оқыды.
Басқосуда Бауыржан Қыдырғалиұлы «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік протоколы» атты кітабын таныстыра келіп, бүгінгі халықаралық қатынастар факультетінің шәкірттері, ертеңгі дипломаттарға жоғары дәрежелі кездесулерді қалай ұйымдастыру керектігі туралы кеңінен әңгімелеп берді. Өйткені мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар мемлекеттік хаттаманың жоспары бойынша жүзеге асырылады. Сондықтан дипломатиялық кездесудің нәтижелілігі бір жағынан ұйымдастыру деңгейіне байланысты болатындықтан, болашақ мамандар оның қыр-сырын жетік білуі шарт. Бірақ та арнайы әдебиеттер жоқтың қасы.
Автор бұл еңбектің тұңғыш кітап екендігін атап өтті. Мәселен, Ресейде мемлекеттік хаттама туралы 17 кітап жарық көрген екен. Аталмыш туындыда мемлекеттік хаттаманың тарихы мен даму жолы кешенді түрде қарастырылыпты. Автордың айтуынша, қазіргі мемлекеттік хаттамадағы қалыптасқан нормалар өз тарихының тамырын сонау қазақ хандығы кезеңдерінен алады. Өйткені сайын даланы еркін мекендеген ержүрек жұрт өз еліне келген елшілердің емін-еркін жүріп-тұрып, отанына аман-есен қайтуына ерекше көңіл бөлген. Мемлекеттік хаттама қызметін 4 жыл басқарған Бауыржан мырза сырттан келген қонақтарды қабылдағанда, ең бірінші өз еліңнің менталитетін таныту қажет деп есептейді.
- Біздің мемлекетіміз жас болғанымен де, оның салт-дәстүрі тереңде жатыр. Кез келген кездесудің хаттамасы жасалады. Тіпті бүгінгі дәрісіміздің де хаттамасы бар. Бұл құжатта қандай адамдардың шақырылғаны, кімдердің сөйлейтіндігі, қай жерде өтетіндігі, қандай сыйлық берілетіндігі - барлығы жазылады. Қазақ қонақ шақыруға аса маңыз берген ғой. Мемлекеттік деңгейде де сондай. Шақырылған лауазымды тұлғалардың барлығы риза болып, жақсы көңіл-күймен қайтуы керек. Әлемдік деңгейде Қазақстан туралы көзқарас солар арқылы қалыптасады. Бір жерге барсаңыз да сондай. Мемлекеттік хаттаманың қалыптасқан қағидалары бар. Соларды әркез сақтап отырамыз, - деп тұжырымдайды Бауыржан Байбек.
Ал студенттер бұндай дәрістердің өз білімдерін жан-жақты толықтыруда қосатын үлесі зор екендігін айтады. Өйткені Қазақстанда отандық хаттама жасау тәжірибесі туралы әдебиеттер аз.
- Бауыржан Қыдырғалиұлының дәрісі біз үшін өте қызықты өтті. Ол кісі - мемлекеттік хаттама қызметінің басшысы болып бірнеше жыл жұмыс істеген, осы саладағы алғашқы оқулықтың авторы. Отандық мемлекеттік хаттама туралы кітаптардың аздығы себепті, мұндай дәрістер өте құнды. Жалпы, мемлекеттік хаттамада ескерілетін көптеген жайттар бар. Шағын сыйлық беру, шеттен келген делегацияларды қалай қарсы алу керектігі жөнінен кеңінен мағлұмат алдық. Мемлекеттік хаттама ескеруі қажетті әрбір ұсақ-түйекке дейін тоқталып, айтып берді. Біз осы саланың болашақ маманы болғандықтан, еліміздегі дипломатияның саяси тетігі болып қалытасуымызға осындай дәрістер үлкен септігін тигізеді, - дейді ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің 4-курс студенті Жанат Бекетан.
Үмітжан ЖАПАР