"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси газет

11 желтоқсан, 2010

10.12.10.

Бауыржандай хас батыры бар халықтың арманы жоқ

Қуаныш ҚАРАЖАН, тарих ғылымының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетінің кафедра меңгерушісі:

- Халық қаһарманы, қазақ халқының мақтанышы, неміс-фашистерімен болған сұрапыл соғыста ерен ерлігімен көзге түсіп, даңқы бүкіл әлемге жайылған, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы жер-жерде өткізілуде. Батырдың туған жері Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Көлбастау ауылынан бастап, аудан орталығында, облыс орталығы Таразда, республикамыздың басқа да облыстары мен елді мекендерінде әртүрлі іс-шаралар өтті. Алматыда бүгін Батырдың ескерткіші ашылғалы отыр. Осы орайда жүз жылдық тойдан өзіңіз қызмет ететін қара шаңырақ - әл Фараби атындағы Ұлттық университет те тыс қалған жоқ...
- Батыр тойына байланысты қоса кетерім, жуырда Алматы маңындағы Талғарда даңқты қолбасшы, атақты жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналып: "Хас батыры бар халықтың арманы жоқ" атты салтанатты іс-шара өтті. М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің алдында батырға ескерткіш-мүсін орнатылды. Негізі, 1941 жылдың шілдесінде генерал И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматыда 316-шы атқыштар дивизиясы ұйымдастырылғанда оның 1073-ші атқыштар полкі Талғарда жасақталған екен. Ол кейін "Талғар полкі" деп аталып кетеді. Б.Момышұлы өз батальонын Талғардағы ауыл шаруашылығы техникумында орналастырып, тау бөктеріндегі "Солдат сайы" шатқалында жауынгерлерге соғыс өнерін үйретіп, ұрыстың әдіс-тәсілдеріне жаттықтырған. Жалпы, жүз жылдық тойдың алғашқы салтанатты жиыны, іс-шарасы Алматы облысында басталған болатын.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де қараша айында "Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы және қазіргі заман" атты тақырыпта Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Осы игі істі ұйымдастырып, дайындау аталған оқу орнының тарих факультетіндегі біздің "Жаңа, қазіргі заман және тәуелсіз Қазақстан тарихы" кафедрасына жүктелді. Осыған байланысты біз Бауыржан Момышұлы туралы өзіміздің ой-пікір, ой-толғауларымызды білдірдік.
- Тарихта қазақстандық Кеңестер Одағының батырлары жөнінде әр түрлі мәліметтер кездеседі. Майданда көзсіз ерлік көрсеткен кейбір жауынгерлердің ерлігі тиісінше бағаланбай қалған. Соның ішінде Бауыржан Момышұлы да бар. Осы мәселеге түсінік беріп кетіңізші?
- Жалпы, Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы ерлігі үшін 11500 жауынгер кеңестер Одағының Батыры атағын алған. Олардың ұлттық құрамына келсек: 8160 орыс, 2069 украин, 309 беларус, 161 татар, 108 еврей. Қазақстандық Кеңестер Одағының Батырының саны соғыстың соңында 369 адам болса, 1968 ж 447-ге, 80-жылдары 497-ге жетті. Оның 97-і қазақтар. Біздің ойымызша, бұл көрсеткішпен де келісуге болмайды. Өйткені соғыс жылдары, әртүрлі себептермен ерлігі ескерілмей, бағы жанбай қалған жауынгерлер аз емес. Олардың бірі Бақанастық қазақ жауынгері Б.Бейсекбаев. Тоталитаризмнің солақай саясаты салдарынан ұзақ жылдар бойы Ұлы Отан соғысы тарихында капитан Н.Гастелло экипажының жасаған ерлігі 1941 жылы 26 маусымда соғыстың бесінші күнінде-ақ аңызға бергісіз батырлық болып жазылып келді. Ал шын мәнісінде араға 56 жыл салып барып Белоруссия және Ресей тарихшылары мен заңгерлерінің еңбегінің арқасында бұл тарихи ерлікті Гастелло басқарған экипаж емес, құрамында қазақ жауынгері Бақтораз Бейсекбаев бар капитан А.Масловтың экипажы жасағандығы анықталып, оларға Ресейдің батыры атағы берілді. Осыған байланысты енді тарих оқулығына қажетті өзгерту енгізіп, Ұлы Отан соғысының тұңғыш батырларының бірі және қазақ жауынгерлері арасынан осы жоғарғы атақты алғаш алған батыр Б.Бейсекбаев деп жазылуы керек. Төлқұжаттағы кеткен қателікке байланысты 90 жылдардың соңына дейін, кезінде 1945 жылы 24 сәуірде Кеңес Одағының батыры атағын алған № 650 атқыштар полкінің барлау взводының командирі, түркістандық Расұл Есетов өзбек болып саналып, қазақстандық батырлар құрамына енбей қалған. Оның үстіне соғыс кезінде аз ұлт өкілдерін ұлты орыс қолбасшылар мен командирлерінің тарапынан кемсітуге жол берілді. Ол жөнінде Халық қаһарманы атағын тәуелсіздік тұсында алған Қ.Қайсенов "Ұлы жеңістің 50 жылдығы қарсаңындағы ой" атты мақаласында: "Өз басым 1941 жылы әскери барлаушылар училищесін аға лейтенант болып бітіріп, диверсия ротасының командирі, ал 1942 жылы бірден жоғарылатылып (арнайы білімді маман ретінде), партизан отрядының командирі болғанымда жау тылында рация арқылы майор атағы беріліп еді, онан сонау соғыс аяқталғанша, партизан отрядының командирі болдым (Партизан отряды армиядағы полкпен тең). Сол күйі ескерусіз қалдым да, соғыстан ешбір шенсіз бір партизан медалімен ғана қайттым. Қазіргі наградаларым - кейін әр жерде газет беттері арқылы табылған наградалар. Совет Одағының батыры атағын екі рет алған Т.Бигелдинов подполковник шенінде ғана елге келді. Ал екі реет батыр атағын алған орыстардың генерал атағын алмағаны жоқ" деп өз ойын білдіреді.
Осындай келеңсіздіктің салдарынан Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаев және т.б. батыр атағы берілмей қалғаны белгілі. Бауыржан Момышұлы 200-ден астам ұрысқа әскерді өзі бастап кірген. Бес рет қоршауда қалып, оны бұзып шыққан. Жеті рет жарақаттанған, үш рет контузия алған. 45 жыл бойы батыр атағына екі рет ұсынылса да берілмеді. Оған қоса соғыстан кейін Мәскеудегі Жоғары әскери академияда 5 жыл қызмет етіп, 13 жыл генералдық қызмет атқарды. Осыған қарамастан, Жоғары әскери билікке араластырылмайтын ұлттың өкілі екендігі есепке алынып, оған генерал шені берілмеді. Кеш болса да бұл қателік біршама түзетіліп, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың араласуымен Б.Момышұлына Кеңестер Одағының Батыры атағы 1991 жылы 11 желтоқсанда берілді.
- Б.Момышұлының Отан тарихына, ұлтымыздың өткеніне деген көзқарасы қандай болған? Сол жөнінде ой қозғап, өз пікіріңізді айтсаңыз?
- Б. Момышұлы тарих ғылымына, соның ішінде Отан тарихы мәселесіне үлкен мән беріп, өз заманының алдыңғы қатарлы, озық ойлы, ұлт тарихы туралы батыл да шынайы ғылыми еңбектер жазған Ермұхан Бекмахановты қастерлеп, пікірлес інісі ретінде қарым-қатынаста болған. Сталинизмнің құрбаны болған, кеңес тарих ғылымында тарих ғылымдарының докторы атағына алғаш ие болған, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, қазақ тарих ғылымының, халқымыздың мақтанышы, әйгілі тарихшы Ермұхан Бекмаханов 1966 жылы ауыр науқастан қайтыс боларының алдында Бауыржан Момышұлымен қоштасарда айтқан соңғы сөзі былай болыпты: "Үлгере алмай кетіп барам, кешіріңіз!". Ал осыған халық атынан кешірім сұрап, жауап бергендей Баукең былай деп жазыпты: "Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, деп боздар сорлы қазақ мен өлгенде". Осы сөзімді Қанышқа, Мұхтарға арнап жазып едім. Інім едің - сенімен қоштасып, басыңа қойып тұрмын. Жатқан жерің торқа болсын. Әрқашан да есімдесің, бауырым. Жылаушы Б. Момышұлы. 7.05.1966. Алматы".
Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы өзінің 1944 жылы қаңтарда КСРО ғылым академиясының қазақстандық филиалының мәжіліс залында академия басшыларының ұйымдастыруымен тарих, әдебиет, өнер қайраткерлерінің таңдаулы шағын тобына өткізген алты күнге созылған арнаулы әңгіме-дәрісінің негізінде жазылған "Қанмен жазылған кітап" (Соғыс психологиясы) атты шығармасында: Мен: "Біз мал едік, қараңғы едік", - деп соғатын кейбір шешенсымақтарға қатты ашу-ызам келеді. Бұл бізде ғана бар көркеуделік емес, басқа ұлттарда да бар нәрсе, тіпті орыстардың арасында да соғысқа дейін өздерінің ата-бабалары жөнінде ұнамсыз нәрселерді айтудан ұялмайтындар табылатын. Суворовтың өзін де жақында ғана көпшілікке насихаттай бастаған жоқ па. Сол кезде, яғни өткен ғасырда өмір сүрген біздің кейбір хандарымыз бен билерімізге, мемлекет қайраткерлерімізге байланысты да осындай көзқараста болдық, ал бізде хан екен, демек антұрған деп қарайтын ұғым-түсінік болды. Мұның өзін парасаттылық еді деп кім айта алады - сөз жоқ ешкім де айта алмақ емес. Өйткені Кенесарыдан оның көзқарасының Маркс көзқарасымен сәйкес келуін талап етуге болмайды! Олар өз заманының мемлекет қайраткерлері әрі жақсы адамдар болған, сірә мұны теріске шығара қоюға болмас, және де оларды мақтаныш етуіміз керек - олар халықтың абыройы ғой. Өткен тарихымызды аяққа баспай, қиянат жасамай мұны дұрыс ажырата білгеніміз жөн".
Міне, батыр атамыз сонау соғыс кезінде-ақ, біздің тарихшыларымыз, әдебиетшілеріміз, журналистер, жалпы зиялы қауым өкілдерінің көпшілігі мұнда ғана, яғни КСРО ыдырағаннан кейін айта бастаған мәселені кеңестік тоталитарлық жүйенің шырқау шыңына жетіп, сталиндік жаппай қуғын-сүргін, жазалау шаралары өршіп тұрған кезде өз ойын ашық, анық, батыл баяндағанына таңғаласыз.
-Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Төреғали ТӘШЕНОВ