Нәзік жандыларға арналған UniSat
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесе отырып, UniSat наноспутниктерін әзірлеу бойынша қыздарға арналған білім беру жобасын іске қосты.
Жобаны ресми түрде іске қосу рәсіміне ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры Тілекқабыл Рамазанов, Қазақстандағы БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) өкілінің орынбасары Вероника Ващенко, ҚазҰУ Технопаркінің директоры Әмірхан Темірбаев және университет оқытушылары мен студенттер қатысты.
Жобаға қатысу үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері мен орта мектептерінің жоғары сынып оқушылары арасынан 16 мен 35 жас аралығындағы 20 жас қыз іріктеліп алынды. Олар ҚазҰУ-дың ғылыми-технологиялық парк базасында наноспутникті құру курстарында білім алуға бірегей мүмкіндік алады. Оқу бағдарламасы бес айға созылады және жобалау, дизайн, бағдарламалау, құрастыру, тестілеу және іске қосу сияқты кез келген ғарыш аппаратын құрудың маңызды кезеңдерін қамтиды. Оқыту аяқталған кезде қыздар наноспутниктердің үлгісін жасап, оларды атмосфераның жоғарғы қабатына қосу қажет.
Жоба өзінің гендерлік бағыттылығымен қызықты. Үйреншікті стереотипті бұзып, ол нанотехнологиялар, бағдарламалау және ғарыш аппараттарын жобалау саласы адамзаттың тамаша жартылысы нәзік жандыларға да бағынатынын дәлелдейді. ЮНИСЕФ үшін жас ұрпақты дамыту, инновациялар және гендерлік теңдікті ілгерілету өте маңызды, - деп атап өтті жобаны іске қосу салтанатында Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Вероника Ващенко. «Біз негізгі жаһандық проблемаларды шешу үшін инновацияларды қолдану мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Сондықтан қыздардың наноспутниктер жөніндегі бағдарламаға қатысуы – бұл қыздар мен әйелдерге арналған жаңа дәуірге қарай деген қадам және UniSAT бағдарламасының нәтижелері қоғамда ғарыштық өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп сенеміз»,- деді ЮНИСЕФ өкілі.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында 2012 жылдан бастап университет ректоры Ғ. Мұтановтың басшылығымен ғылыми - технологиялық мектеп құру және кіші ғарыштық аппараттарды әзірлеу жобасы жүзеге асырылуда. «al-Farabi» сериялы 2 наноспутник іске қосылды, «AlfaSat» наноспутниктің білім беру конструкторлары еліміздің көптеген мектептері мен жоғары оқу орындарына енгізілуде. Бүгін біз Юнисеф-пен бірлесе отырып, тек қана қыздар қатысатын UniSat наноспутниктерін әзірлеу бойынша білім беру жобасын іске қостық. Юнисеф бастамасымен жасалған бірлескен жоба біздің елімізде қыздар арасында STEM-білім беру саласын дамытудың тағы бір қадамына айналатынына сенеміз. Курстың ашылуы халықаралық 8 наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуі де бізді қуантады», - деді ҚазҰУ Технопаркінің директоры Әмірхан Темірбаев.